Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бас прокуратура Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров пен ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов брифинг өткізді.
Бас прокуратура өкілі еліміздің әр өңірінде бұрқ ете қалған «гибридті шабуылдарға» қарулы деструктивті және қылмыстық топтардың жұмылдырылғанын алға тартты. Р.Ожаров қаңтар оқиғалары кезінде еліміздің «гибридті» шабуылға тап болғанын айта келіп, қазіргі таңда ұйымдасқан қылмыстық топтардың 18 мүшесі ұсталып, адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотты болған 21 адамның тұтқындалғаны жөнінде мәлімдеді. «Ұсталғандардың арасында «Дикий Арман» лақап атымен белгілі Жұмагелдиев және оның топ мүшелері бар. «Дикий Арманның» қаруланған адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Оларды бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соққан. Ауыр соққының салдарынан бір адам қаза болған. Бұдан бөлек, қарақшылар 12-қалалық ауруханада полиция қызметкерін соққының астына алып, қызметтік қаруын тартып алған. Қазіргі таңда осы фактілер бойынша тіркелген қылмыстық істер жан-жақты тергелуде», деді ол.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Дикий Арманды» босатыпты немесе оны белгісіз бір жаққа алып кетіпті деген түрлі болжамдар мен жалған ақпараттардың тарап кеткені рас. Осыған орай Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Р.Ожаров «басында бұл азаматты полиция атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін ұстаса, қазір оның жаппай тәртіпсіздіктер бойынша тергеліп жатқанын» ресми түрде хабарлады. Қазіргі кезде арнайы прокурорлар екі қылмыстық істі біріктіріп, өз тергеуіне алған. Осыған орай Жұмагелдиев ҰҚК-тің тергеу изоляторына ауыстырылды. Р.Ожаровтың айтуынша, қаңтар оқиғалары кезінде белсенділік танытқан басқа да ұйымдасқан топтар анықталған. Мәселен, жақында ғана Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында ҰҚК қызметкерлері «Казахстанский» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілерін қолға түсірген.
«Олардан 15 атыс қаруы тәркіленді. Қазір бұл ұйымдасқан топтың ашылмаған басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», деген Бас прокуратура өкілі қаңтар оқиғаларының себеп-салдарларын тергеу барысында саяси экстремизмнің айқын белгілері анықталғанын да алға тартты. Оның айтуынша, кейбір «қоғам» және «азаматтық белсенділер» де наразылықтардың бастапқы кезеңін пайдаланып, тізгінді өз қолдарына алуға тырысқан. «Тыйым салынған «ҚДТ/Көше» атты экстремистік ұйымының мүшелері өзгелерді жаппай тәртіпсіздіктерге белсене итермелеген. Жалпы ұсталғандар арасында тыйым салынған экстремистік ағымдардың 35 мүшесі анықталды. Мысалы, Алматыда қылмыстық бағыттағы деструктивті діни ағымның бір топ мүшесі ұсталды. Олардан қолдануға дайын қару-жарақ тәркіленді. Топтағы әр адамның іс-әрекеті үйлестіріліп отырған. Мәселен, олардың бір бөлігі алаңда жүрсе, екіншісі қаланың төменгі жағында баррикадаларда отырған», деді ол.
Р.Ожаров сондай-ақ тергеу барысында WhatsApp және Telegram арқылы тәртіпсіздіктерге қатысушылардың жиналу орындарын, қозғалу бағыттарын үйлестірген қазақстандық чаттардың әшкереленгенін де айтты. «Мысалы, Алматыда санаулы сағаттың ішінде бір мессенджерге қосылғандар саны 140-тан 5,5 мыңға дейін өскен. Жамбыл облысында да бір чатқа қатысушылар саны 4 мыңға дейін жеткен. Сөйтіп қысқа уақыт ішінде жиналған адамдар басқыншы топтарға айналған. Ұйымдасқан топтар зорлық-зомбылық жасау кезеңіне еліміздің әр аймақтарында бір мезгілде көшкен. Біразы дүкендерді талқандап, тонаумен айналысқан. Олар тіпті тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан үй-жайларды өртеп жібермек болған. Тек тұрғындардың жанқиярлық тойтарыс беру әрекеттері ғана бұдан да ауыр зардаптар мен көптеген құрбандардың алдын алған», деп мәлімдеген Р.Ожаров лаңкестік шабуылдың қалай жасалғанына да сипаттама беріп өтті. Оның айтуынша, алаңға жиналғандарға арматура, таяқ, кірпіш, тас және «Молотов коктейльдерін» таратқандар да болған. Оларға тіпті ғимараттарды өртеу үшін автомобиль дөңгелектері мен бензин де жеткізілген.
«Одан кейін халықтың көп жиналғанын ұтымды пайдаланып кеткен олар қоршауларды бұзып, өңірлердегі әкімдік ғимараттарын басып алуға кіріскен. Олар қару-жарақ қоймаларын басып алып, қаруға қол жеткізу үшін полиция ғимараттарына шабуыл жасап, қауіпсіздік күштерінен тартып алған арнайы техника мен көліктерді, басқа да құралдарды пайдаланған. Ұрланған қару-жарақты, азық-түлік пен ауыз суды бүлікшілерге жеткізу және тарату амалдарын ұйымдастырған. Қару-жарақтың бүлікшілерге қалай жеткізілгенін әлеуметтік желілерде кеңінен тараған видеолардан да көруге болады», деді спикер.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда еліміздің 8 өңірінде – Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарында терроризм актілері мен жаппай тәртіпсіздіктерді тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бір айдың ішінде «Стоптерроризм» сайтына 1 672 файл жүктелген. Олардың дені қаңтар оқиғасы бойынша видео және фотосуреттер. Тергеуге қарапайым тұрғындардан бөлек, бизнес өкілдері де көмектесуде. Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен оған қатысу және терроризм актісін жасауға қатысты 467 адам қамауға алынған. Олардың жеке басы, отбасылық жағдайы, жасы, денсаулық жағдайын, қатысу дәрежесі, өз істеріне деген көзқарасы және басқа да сипаттайтын деректерді зерделей келе арнайы прокурорлар 76 күдіктіні тергеу изоляторларынан босатқан. «Қамауға тек ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны туралы нақты айғақтар бар адамдар ғана алынды», деген спикер «тергеу изоляторларында кездейсоқ қамалған адамдар жоқ екенін» мәлімдеді.
ІІМ өкілі С.Әділов брифингте ішкі істер органдарының тергеушілері арнайы прокурорлармен тығыз іс-қимыл жасай отырып, қаңтар оқиғаларының себептерін анықтау, қылмыс іздерін алу және бекіту, сондай-ақ қажетті дәлелдемелер базасын жинау жұмыстары жалғасып жатқанын айта келіп, «Қазіргі уақытта барлық зақымданған нысанды тексеру аяқталды. Олардың саны 1,5 мыңнан асады және 760-тан астам автокөлік бар», деді. Оның атап өтуінше, 1,7 мыңнан астам сот сараптамасы тағайындалды. Куәгерлер мен жәбірленушілер ретінде 10,5 мың адамнан жауап алынды. «Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде қылмыскерлер мен жасыру орындарынан 828 бірлік қару, 18 мыңнан астам оқ-дәрі және 286 арнайы құрал тәркіленді. Сонымен қатар 65 дана қару ерікті түрде тапсырылды», деді С.Әділов.
Сондай-ақ ІІМ өкілі: «Қазір ақпараттық кеңістікте өткен оқиғалардың бұрмаланып отырғанына куә болып отырмыз. Митингілердің бейбіт сипаты және құқық қорғау күштерінің заңсыз әрекеті туралы айтылады. Мұның бәрі билік қабылдаған шешімдердің беделін түсіру, ең бастысы – жаппай тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушылары мен қатысушылары жауапкершіліктен бой тасалауы үшін жасалады. Қазақстандықтар мұның қоғамдық сананы айла-шарғы жасау жөніндегі мақсатты ақпараттық науқан екенін түсінуге тиіс. Осыған байланысты азаматтардан тек ресми, тексерілген ақпарат көздеріне сенуді сұраймын», деді С.Әділов