Күре жолдың бойында қауіп көп. Сол қауіпті ереже сақтамайтындардың тудырып отырғандары белгілі. Облыстың жол сақшылары «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шараларын өткізу барысында заң бұзушылықтарды әшкереледі.
Заң қатайып, мас күйінде көлік тізгіндегендерді жазалау күшейгенімен, бұл орайдағы қатердің әлі де сейілмегенін аңғаруға болады. Мәселен, үш күннің ішінде 26 жүргізушінің мас күйінде көлік жүргізгендігі белгілі болып отыр. Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған 10 азамат жасырынып көлік жүргізіп келе жатқан кезінде жол сақшыларының құрығына ілікті.
– 264 адам қауіпсіздік белбеуін тақпағаны үшін жауапкершілікке тартылды, – дейді облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Құсайынов, – 122 адам техникалық бақылаудан өтпеген көлікті пайдаланған. Жедел профилактикалық шараның мақсаты – апаттың алдын алу. Біздің тарапымыздан осындай жұмыс жүйелі жүргізілгенімен, жалпыға ортақ тәртіпке мойынсұнбайтындар жетерлік. Мәселен, көлік құралдарын мас күйінде жүргізгені үшін жеті жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады, соның өзінде де тыйылмай отыр.
Көлік жүргізген кезде өзіңнен бұрын өзгеге келтірер залалды да ойлау керек. Әдетте, жауапты іске мән бермей қарайтындардың кесірінен бейкүнә адамдар зардап шегіп жатады. Күн сайын орын алып жатқан жол-көлік оқиғаларының, жантүршігерлік апаттардың бір себебі осында. Бәлкім, өзге адамның өміріне қауіп төндіріп, мас күйінде көлік жүргізетіндерге қолданар шараны әлі де қатайта түсу керек шығар.
Ақмола облысы