Қостанай облысындағы Әйет ауылының әкімі 1,5 млн теңгеге сырғанақ салдырған, деп хабарлайды Egemen.kz Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл қаңқасы ағаш тақтайдан құрастырылған біреуіне ғана кеткен қаржы. Ал азғантай қарды кішкене төмпешік етіп үйген екіншісінің құны - 248 мың теңге. Оның өзі белгіленген мерзімінен жарты ай кешіктіріліп жасалған.
«Тақтайлар дұрыс сүргіленбеген, тиісті сұйықтықпен өңделмеген. Өзінің бағасына мүлде сай келмейді. Ал мына қардан үйілген сырғанақты тек 13 қаңтарда жасай бастады. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша ол 31 желтоқсанда пайдалануға берілуі тиіс еді. Қазіргі кейпіне қарап мен оны балалардың сырғанап ойнауына жарамды деп ойламаймын», деді Галина Фирус есімді Әйет ауылының тұрғыны.
Тұрғындар қар мүсіндер мен сырғанақтарға қанша қаржы бөлінгенін мелмекеттік сатып алу сайтынан көріпті.
«Жалғыз жолбарыстың құны 104 мың теңге тұрады дейді. Сонымен бірге мұнда Аяз ата мен Қарша қыздың да мүсіні болды. Бәрі де сапасыз дайындалған. Көп ұзатпай қаңтардың басында олардың бәрін құлатып, орнын тазалап тастады», деді ауыл тұрғыны Жанат Макумова.
Ауыл әкімінің сырқаттанып қалуына байланысты осы оқиғаға оның орынбасары пікір білдірген.
«Міне, осындай сырғанақ Алматы қаласында 1 млн 200 мың теңгенің сыртында тұрады. Оны әкеліп орнатуды қоссақ 2 млн теңгенің сыртына шығады. Сондықтан біз барынша арзанға орнаттық», деді Әйет ауылы әкімінің орынбасары Абзал Арықов.
Бұл сөзді аудан басшылары да қостап отыр.
«Қарды сырттан тасыды. Яғни, трактор қызметінің құны бар, жанар-жағармай бар дегендей. Оның сыртында аптасына бір рет су құйып сырғанақты күту керек», деді Б. Майлин ауданы әкімінің орынбасары Марат Әлмағанбетов.
Мердігер екінші сырғанақты тапсыруды мерзімінен кешіктіргені үшін 248 мың теңгені ауыл бюджетіне қайтарған. Аудан басшылары басқа заңға қайшылық тапаған. Алайда олардың бұл пікірмен жергілікті тұрғындар келіспейді. Олар «ауыл әкімнің әрекетін тексеруді сұрап, құзырлы орындарға жазбаша шағым» түсірді.