Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенаты бюросының отырысы болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Палата Төрағасы Қ.Тоқаев бірқатар сенаторларға ТМД Парламентаралық Ассамблеясының наградаларын табыс етті. Атап айтқанда, ТМД ПАА Кеңесінің шешімімен Елеусін Сағындықов «Достастық» орденімен, Хусаин Валиев пен Орынбай Рахманбердиев «Парламенттік ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» медалімен марапатталды.
Бюро мүшелері палатаның 27 наурызда болатын отырысының күн тәртібін қарады. Отырыста 2011 жылғы 18 қазандағы Еркін сауда аймағы туралы шартты оның Тараптары мен Өзбекстан Республикасы арасында қолдану туралы хаттаманы ратификациялау туралы, заңнамаға әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (бірінші оқылым), «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2014-2016 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға өзгеріс енгізу туралы, «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын қарау жоспарланды.
Бюрода Мәжілісте мақұлданған заң жобаларына Сенаттың бас комитеттері белгіленді.