• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2014

Ұлыстың ұлы күні

1908 рет
көрсетілді

Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды мақсат еткен елімізде ерекше құрметпен, ұлттық нышанмен аталып өтетін мерекелердің бірі – Наурыз мерекесі. Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында Наурыздың алғашқы рет тойлануы тек қазақтардың ғана емес, елімізде қоныстанған басқа да түбі бір түркі, шығыс халықтары еңсесін көтеріп, бір түлетті. Халық көзіне жас алып, «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды» деп ерекше бір толқыды. Халықтың Наурызды зарыға күткені соншалық, сол жылы Наурыз мерекесі қыркүйек айының ортасына дейін тойланды. Бұрын-соңды елімізде мұндай ауқымды той болмаған деседі. Содан бері Наурыз мерекесі халқымыздың жылдан-жылға асыға күтетін ұлттық ұлық мерекесіне айналды. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзінің көптеген халықтарының тұрмыс-салтында ерте замандардан бері бар екені белгілі. Содан болу керек, Наурыз жайынан сөз қозғағандардың  кейбірі оны басқа халықтардың еншісіне байлап, парсы тіліндегі «жаңа күн» деген сөзімен байланыстырады. Ал, қазіргі білеріміз, Наурызды қазақ халқының ықылым заманнан тойлап, «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше атағаны. Яғни, оны халқымыз Ұлыстың – мемлекеттің басты, қадірлі де қасиетті күндерінің бірі деп білген. Содан да болар, Наурыз мерекесімен алғаш қауышқан кезеңде заман­­­дас­тарымыздың оны мереке, той деп қана емес, өздерінің ел санатына кіргендігінің белгісі деп әріден ойлап, алты айдай тойлағаны. Наурыз мерекесі жайын әріде Шығыстың ұлы классиктері Әбу Райхан әл-Бируни, Ибн Балха, Омар Хайям, Қожа Хафиз ең­бек­терінен оқып білсек, беріде халқымыздың кемеңгер ұлдары ұлы Абай, Шәкәрім өлеңдерінен таба аламыз. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаевтар да оған көңіл қо­йып, кейінгілер үшін жазба деректер қалдырды. Дегенмен, Нау­рызды тойлаудың елімізде әлі де жүйеленбегені, тіпті, әдеттегі Жаңа жыл мерекесін тойлаудың дәрежесіне жете қоймағандығы көпшіліктің аузында. Содан да болса керек, біз Наурызды сөз еткенде әріден есіп, шет халықтарының әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен, аңыз-ертегісінен жауаптар іздеуге икемделе береміз. Ол көрші, туыстас халықтардың тұрмыс-тіршілігінде орын алған болса, оған да табиғи, тарихи негіздер, шаруа-кәсіптің ортақтығы әсерін тигізуі әбден ықтимал. Десе де, айтулы мерекені тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің, солардың қатарында қазақтардың тұрмыс-салтында ерте замандардан орын алған. Қазақтар үшін Наурыз  «Ұлыстың ұлы күні», «жыл басы». Қыс бойы тұрмыс тауқы­метін көрген, қысылып шық­қан жан-жануар, айнала табиғат наурыз айының келуімен түрленіп, күн көзімен бойлары жылып, қайтадан тіршіліктерін жалғайды. Сондықтан да, халқымыз Наурызды «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн», «ұзақ ұшып келген күн», «жыл басы» – жылқышы торғай келген күн» дегендей бейнелі сөздермен ардақтап, жылдың басына теңеген. Осы мерекені тойлайтын ха­лық­тар­д­ың әрқайсысының ертеден қалыптасқан өзіндік ерекше дәстүрлері бар. Мәселен, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлап, сол күндері әр жерлерге от жағып, отқа май құяды. Жаңа киім киіп, ескілерін тастаған. Қонақтарға жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынып, бір-біріне гүл сыйлайды. Үйлерінің қабырғасына “күн символын” салып, үйдің ішіне гүл іледі. Ертедегі қазақтар болса, На­урыз­ды таң себездеп атуымен тойлауға кіріскен. Сол түн халқымыздың түсінігінде «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр түнінде ұйықтамау үшін ауыл жастары алуан түрлі ойындар ойнап ұйықтамауға тырысқан. Олар Қызыр – атаның назарына түсіп, бақытқа ие болуға ұмтылған. Яғни, наурыз айының 21-і түні даланы Қызыр аралайды екен. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын ақсақал кейпіндегі қиял-ғажайып персонаж. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен. Міне, сол күн «Самарқанның көк тасы еріген күнге» теңелді. Қонақжай халқымыз сән-сал­та­нат­пен киініп, дастарқан мәзі­рін наурыз көжемен әрлен­дір­ген. Дастарқанға алдымен сүт тағам­дарынан, дән тағамдарынан, жеміс-жидектен, сонымен бірге, еттен жеті түрлі дәм қойып, үйінде барын қонағына ұсынған. Салт бойынша қойдың басын ауыл ақсақалына тартқан. Ал бас­қалары «жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын» десіп, наурыз көжені тоя ішеді. Ас соңында сыйлы қонақтардың үлкені – ақсақал адам үй иесіне жаңа туған наурыз­дың отбасына бақ-береке, молшылық, жақсылық әкелуін тілеп, батасын береді. Жиналған жұрт: «Ауызды ақтан айырмасын, қызылды уақытымен көрсетсін!» деп тарқасады. Наурыз түнгі дәмді қастерлеп, одан алыс сапарда жүрген адамдарға, қадірменді ақсақалдарға сыбаға сақтаған. Жастар жағы мерекені одан әрі жалғастырып, әртүрлі ойындар ойнап, ән салып, би билеген. Ақын­дар айтысып, ат жарыстырған, қазақ­ша күреспен жалғастырған. Түнде «Алтыбақан» теуіп, жастар жағы бірін бірі қимай қосылып ән салған. Ауа райы жылы өңірлерде Нау­рыз мерекесі арықтарды тазалап, су жіберіп, ағаш егуден бас­талған. Ал мерекенің екінші күні адам­дар егістікке шыққан. Наурыз күні­нің тағы бір ерекшелігі, ол – адам­дардың бір-бірімен көрісуі. Ұлыс күнінде кездескен кісілер сәлем­десуде дәстүр бойынша бір-бірін: Наурыз құтты болсын! Өмір жасың ұзақ болсын! Ұлыс бақты болсын! Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін! Пәле-жала жерге енсін! – деп құттықтап, ер адамдар қос қол­дасып, төс соқтырады, ал әйелдер болса құшақтасады. Бұлардың бірқатары уақыт­тың өтуімен, әртүрлі тарихи кезеңдердің әсерінен қазіргі күні ұмытылуға ай­налғаны рас. Оларды ауыстырып, орындарын толықтыратын жа­ңа дәстүрлер қосылмағандықтан, бү­гін­де Наурыз тойында киіз үй ті­гіп, қазақша киім кию, ән айтумен шек­­теліп жүрген жайымыз бар. Бү­гінде оның халықтың тұрмыс-тір­­шілігімен байланысты мән-ма­ңы­­зы көмескі тартып, ол көктем мей­ра­мының бір белгісі ретінде ғана аталып өтуде. Асылында, қаны бір, салт-дәс­түрі ұқсас түркі тектес халық­тар­дың сабақтастығын осы Наурыз мерекесін тойлау арқылы өрбітіп, дамыту қажет. Міне, сонда ол салт-санамыз бен рухани-мәдени дү­ниемізді байытатын, бір-бірі­мізді жақындастыратын, тек түбі бір ха­лықтарды ғана емес, Отаны­мыз­да өмір сүріп жатқан басқа да эт­ностардың басын қосып бірік­тіретін ортақ құндылыққа айналары сөзсіз. Ол ұлттық рухымызды оятып, адамгершілік қасиетімізді гүлдендіре түспек. Елбасының биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында дәл осы мәселеге баса мән беріліп, «...жалпы­қазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақ- мерзімді тұжы­рым­­дамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени менталь­­дігін қалыптастыруға, заманауи мәде­ниет кластерлерін дамытуға ба­ғыт­талған шаралар белгілеу керек», делінгені баршамызға белгілі. Қорыта айтқанда, жас ұрпақты ата дәстүр негіздерінде тәр­бие­леуде маңызды рөл атқаратын Наурыз мерекесін өз дәрежесінде дәріптеп, қастерлей білейік, ағайын! Наурыз оң болсын, ақ мол болсын, еліміздің тұғыры нық болсын! Балтабай МЕКЕЖАНОВ, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасының жетекшісі.