9 мамыр күні Мәскеу қаласындағы Қызыл алаңда Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты шеруге полковник Қайдар Қарақұловтың жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің 70 сарбазы мен 5 офицерінен тұратын Құрмет ротасы қарауылының жеке құрамы қатысқаны белгілі.
Кеше осы оқиғаға байланысты Астана қаласының іргесінде орын тепкен №68665 әскери бөлімінде Қызыл алаңда аталарының жүріп өткен жолымен еліміздің Қарулы Күштерінің атынан салтанатты шеруге қатысқан сарбаздармен кездесу өтті.
Кездесуде Құрмет ротасы қарауылының құрамы Мәскеуде өткен парадтан алған әсерлерімен оған қатысуға жүргізілген дайындық жұмыстары жөнінде кеңірек әңгімеледі. Мұнда Құрмет ротасы қарауылының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі командирінің орынбасары, аға лейтенант Сұлтан Үмбетәлиев, Қызыл алаңда еліміздің Қарулы Күштері атынан Жеңіс туын көтерген кіші сержант Мадияр Әлкенов, оның көмекшілері Асхат Рақымжанов пен Темірлан Әдетбаев салтанатты шеруден алған әсерлері, онда Қазақстан сарбаздарының шетелдіктер тарапынан жоғары бағаға ие болғандары жөніндегі ойларымен бөлісті.
– Біз Әскери парадқа қатысу үшін Мәскеуге 30 сәуір күні таңертең келдік, – деді аға лейтенант С.Үмбетәлиев. – Бізді ресейліктер жақсы қарсы алып, Мәскеу облысының әскери санаторийіне орналастырды. Шеруде сарбаздар жақсы қырынан көрінді. Біздің әскерилердің салтанатты сапта асқақ көрінгенін ресейліктер дауыстап “Қазақтар, жарайсыңдар!” деп ризашылығын білдірсе, Ұлыбритания, АҚШ, Польша мен Францияның өкілдері біздің көзімізше сарбаздардың саптағы шеруін бас бармақтарымен бағалады. Сонымен бірге оның айтуынша, сарбаздар Жеңіс күні қарсаңында Кремль, әлемде теңдесі жоқ әскери техника және басқа да қарулы күштердің 300-ден аса экспонаты қойылған бронды танкілік мұражайы мен Мәскеу циркін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Дастан КЕНЖАЛИН.