Мәжіліс депутаты, Азия парламентшілері форумы төрағасының орынбасары Айткүл Самақова Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықты қоныстандыру саласындағы қорының (ЮНФПА) Орталық Азия бойынша суб-аймақтық офисінің директоры Николай Ботевпен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Беделді ұйымның өкілімен жүздесуде «Қазақстан-2050» Стратегиясының маңызы жайында айтылды. Сонымен қатар, мейман халықты қоныстандыру мәселесінде қазақстандық тәжірибеге қызығушылық танытты. Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықты қоныстандыру саласындағы қоры мен қазақстандық парламентшілердің жұмысына тоқталды. Жүздесуде аталған Қордың алдағы жоспарымен танысып, Орталық Азияға тұрақтанған халықтың әлеуметтік хал-жағдайы бойынша пікір алмасылды.
Өз кезегінде Айткүл Самақова жастардың денсаулығы мен ұрпақ өрбітуіне қатысты мәселелер жайында әңгімеледі.Халыққа медициналық қызмет көрсету, халықтың өмір жасының ұзақтығы сияқты өзекті ойларды ортаға салды. Тараптар аталған мәселелерге байланысты ынтымақтастықты кеңейту қажеттігіне сенім білдірді.
Кездесуге Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы Шавхат Өтемісов пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстан бойынша атқарушы өкілі Райымбек Сейсемалиев қатысты.