Оңтүстік Қазақстан облысындағы банк ақшасын ұрлағандар ұсталды. Бұл туралы «КТК» телеарнасы хабарлады.
Аталған оқиға былтырғы желтоқсан айында Шардара ауданында орын алды. Сол кезде банк бөлімшесінен 63 млн. теңге ұрланып, күдікті ретінде 27 жастағы күзетші қамауға алынған болатын. Тергеу барысы 3 айға созылып, күзетші осы іске қатысы бар банктің 6 қызметкерін атап берді.
Өздері қызмет істейтін банк ақшасын ұрлау үшін 6 қызметкер алдын ала жоспар құрған. Сөйтіп, олар күзетшіні үлесіңді береміз деп иландырған. Осыдан кейін күдіктілер ғимарат терезесін ашық қалдырып, бейне бақылауларды өшіреді. Одан әрі ақша тұрған бөлмеге кіріп, 63 млн. теңгені қолды еткен.
«Күдіктілер ақша ұрлау қылмысына жақсы дайындалған. Өйткені, олар қай терезеден кіргенде, бейне бақылауға түспейтінін білген»-дейді облыстық ішкі істер департаменті басқармасының бастығы Нұриддин Дауылбаев.
Осы ұрлыққа Шардарадағы ғана емес, облыстағы банк бөлімшесі басшыларының қатысы болуы мүмкін. Қазір олар да тергелуде.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «КТК» телеарнасы.
Фото: «КТК».