Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ елі» монументі алаңында өткен «Наурыз-2014» мерекелік іс-шарасына қатысты, онда Қазақстанның белгілі әртістері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт өтті. Бұл туралы Ақорда. kz хабарлады.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, ол халқымыздың бірлігі мен татулығының символы болып табылатынын атап өтті.
– Бұл – халықтың ұлы мерекесі, күн мен түннің теңелуінің символы. Бірлік, бауырластық, толеранттық және тұрақтылықты білдіретін бұл мейрам 5 мың жылдан бері атап өтіліп келеді. Осының бәрі – Қазақстан жүріп келе жатқан жол. Бұл идеяны біз тәуелсіздігімізді жариялаған күннен бастап жүзеге асырып келеміз. Бұл – ұлы қазына, біз оны көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Елімізде 100-ден астам этнос, 40-қа жуық діни конфессия өкілдері татулық пен достыққа өмір сүріп келеді. Осының арқасында біз мемлекет құрдық, сүйікті астанамызды тұрғыздық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті қазіргі әлемнің нәзік те күрделі екеніне тоқталды.
– Жыл сайын ғаламшарда 30-ға дерлік қарулы қақтығыс орын алып, онда жүз мыңдаған адам құрбан болуда, 800 миллионға жуық адам аштық азабын тартуда, ал 400 миллион адам ауыз суға зәрулік көруде. Кез келген келеңсіз әрекет бізде бар игілікке зардабын тигізуі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтар үшін ортақ мақсат – республикамыздың 2050 жылға қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу екенін атап көрсетті.
– Біз еңбектің, береке-бірліктің және тұрақтылықтың арқасында дамып келеміз. Бүкіл әлемде жұмыс орындары қысқарып жатқан уақытта индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында біз 60 мың жұмыс орнын аштық, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпке оқытудамыз. Бұған қоса, мен өз жарлығыммен бюджеттік ұйымдар жұмысшыларының еңбекақысын арттыруды тапсырдым. Менің шешіміме қолдау көрсеткен, сондай-ақ өз ұжымдарының еңбекақасын арттырған барлық компанияға алғыс айтамын, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы баршаны мерекемен тағы да құттықтап, тыныштық, келісім, Отанға және өз жақындарына сүйіспеншілік тіледі.
Дереккөз: Ақорда. kz.
Фото: «Хабар» телеарнасы.