Бүгін Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайына Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиадада фристайл-могулдан өнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасы ұшып келді. Спортшыларды Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері мен жанкүйерлер құшақ жая қарсы алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Спорт - бақ пен бап қатар жүретін сала. Төрт жылда бір келетін дүбірлі додада бар күштеріңізді салып, жігерлеріңізді көрсеттіңіздер. Біз сіздерді әрдайым қолдауға дайынбыз. Жарқын жеңістеріңіз әлі де алда екендігіне сеніміміз мол», деді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова.
Еске сала кетсек, Олимпида ойындарында фристайл-могулдан ұлттық құрама сапында алты спортшы ел намысын қорғады. Олардың қатарында Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд финалға жолдама алып, Юлия 11-ші, ал Дмитрий 8-ші орынға ие болды.