Менің жаным жылқының тұяғында,
Тұлпар мініп жүремін қиялымда.
Ат тізгіні тұрғанда уысымда,
Ешкімнен де қақым жоқ ұялуға.
Тұлпар мініп бабалар ту ұстаған,
Ат жалында көз іліп тыныстаған.
Арғымақтай желеді ғасырларға,
Қазан аттай қазағым құрыш табан.
Бар болмысы басқадан дара тұрса,
Сұлулықты анадан ала туса.
Қазақ халқы жаралған сәйгүліктен,
Базбіреулер маймылдан жаратылса.
Тәбәрік боп бабамнан қалды мұра,
Жылқыменен тарихым, тағдырым да.
Жылқы жылы осылай келген сайын,
Жадымдағы тектілік жаңғыруда.
Жүйріктейін шашадан шаң боратып,
Наурызбенен Тәуелсіз таңдар атып.
Қазақ елі айналсын Жерұйыққа,
Алты құрлық тамсанып таңданатын.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.