12 мамырда Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің әріптесі – Үндістанның Сыртқы істер министрі Соманахалли Маллайах Кришнамен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Кездесу аясында тараптар екі жақты қарым-қатынастың ағымдағы жағдайын, Қазақстан-Үндістан стратегиялық әріптестігінің даму перспективалары мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың қаңтар айында Үндістанға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу жайын талқылады.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін сөз еткен екі ел сыртқы саясат ведомстволарының басшылары бүгінгі экономикалық байланыстар Қазақстан мен Үндістан ие зор әлеуетке сәйкеспейтінін атап өтті. Осыған орай Қ.Саудабаев әріптесін еліміздің Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен таныстырып, Үндістанның аталған бағдарламаны жүзеге асыруға қатысуына қызығушылық танытты. Сұхбаттастар сондай-ақ өңірлік халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл деңгейіне қанағаттанатындықтарын білдірді.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөз кезінде екі жақты саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қорытындысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Үндістан Республикасы Үкіметінің арасындағы мәдениет, өнер, БАҚ және спорт салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.