Бүгін - әлемде ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні. Осыған орай ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов отандық ғылымың дамуына үлес қосып жүрген қыз-келшектерді құттықтады, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстандық ғылым саласында 10 мыңға жуық әйел бар. Олардың 714-і ғылым докторы, 2427 әйел – ғылым кандидаты, 992-сі – PhD докторы, 28-і – бейіндік докторлар.
«Жыл сайын ғылымдағы әйелдер саны артып келе жатқанына қуаныштымын. Бүгінде олар еліміздегі жалпы ғалымдар санының 54%-ын құрайды. Коронавирус пандемиясымен күрес кезінде ғалым әйелдер аянбай еңбек етті. Мысалы, Закарья Күнсұлу Дальтоновнаның басшылығымен Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында COVID-19-ға қарсы қазақстандық QazCovid-in (QazVac) вакцинасы дайындалды. Ғылымдағы нәзік жандарды халықаралық мерекемен құттықтаймын. Отандастарымыздың өмірін жақсарту үшін және еліміздің ғылым саласын дамытуда атқарып жүрген баға жетпес қызметтеріңіз үшін алғыс айтамын. Биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін» деп жазды министр Facebook парақшасында.