Курчатов қаласындағы ядролық технологиялар паркі жаңаша инновациялық идеялардың отаны болып саналады. «Радиация, түптеп келгенде, пайдалы екен» деген сөзден, әрине, төбе шашың тік тұрып, құйқаң шымырлары сөзсіз. Дегенмен де, мұндай ұғым бар екен. Адамзатқа заман талабына сай пайдасын тигізер ғылымның жаңа саласы деуге болады.
Радиациядан пайдалы дүние жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Және де бұл үшін ғалым болу керек. «Ядролық технологиялар паркі» АҚ кеңесінің төрағасы Әділ Төлеуішовтің айтуынша, шығарып отырған өнімдері аса сапалы. Парктің радиациялық стерильдеу бөлімін аралап көргеннен кейін, бұл ғылыми фантастика емес, нағыз шындық екендігін байқадық. Мәселен, осында стерильдеуден өткен тамақ өнімдерінің қалбыр-қалыптарында сақталған өнім өзінің пайдалылығын ұзағынан сақтап, дәрумендері бұзылмайды. Мұндай электронды стерильдеу көптеген дамыған елдерде қолға алынған. Олар микробтар мен зиянды заттарды 100 пайыз өлтіреді. Бұған жергілікті кәсіпкерлер қызығушылық танытуда, мәселен, қалбырға салып, өз өнімдерін жеткізуде, сақтауда пайдасы мол.
– Мәселен, құлпынайды алайық, – деді Әділ Төлеуішов, – АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропаның барлық елдері дерлік осы тәсілді қолданады. Бұл тиімді, яғни таза күйінде құлпынай 3 күн сақталады, ал оны сәулеге ұшыратса, 1 ай сақталады. Өнімдерді сәулелендіруге ұшырату арқылы шетелдерге өзіміздің тауарларды сапалы түрде жеткізуге болады. Электронды стерильдейтін немесе зарарсыздандыратын қондырғының құны 1 млн. АҚШ доллары тұрады. Қондырғыны ойлап тапқан өзіміздің қазақстандық ғалымдар. «ҚазАгроИнновация» АҚ ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша бас ғылыми үйлестірушісі Серік Түменовтің айтқанындай, курчатовтық ғалымдардың жаңалығын енді кеңінен пайдалануға болады.
– Сіздер фитошай деп дәріханадан алып ішіп жүрсіздер, – деді Серік Түменов, – ол құрғақ шөп, микробтары жеткілікті. Ал мына электронды тазартқыштан өткен шөп-шайлар денсаулыққа нағыз пайдалы.
Жақында тағы бір тың дүниені қолға алмақ парк қызметкерлерінің айтқанындай, мұнай-газ құрылғыларын кешенді түрде тазалаудың химиялық-технологиялық бағдарламасы облыстың индустрияландыру картасына да енгізілген екен. Идея авторы, патент иесі – Әділ Төлеуішов. Бірақ та тіркетуге арналған ресми қағаз жұмыстары көп уақыт алуда. Жақында ғана Астана қаласында фармацевтикалық және медициналық бұйымдардың, азық-түліктердің электронды стерильденуі атты семинар өткен болатын. Осынау халықаралық жиынға қатысып келген «Ядролық технологиялар паркі» АҚ кеңесінің төрағасы Әділ Төлеуішов Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Украина сияқты 22 мемлекет ішінде Қазақстанның мәртебесі жоғары тұрғандығын ерекше атап өтті. Әсіресе, бір рет қана пайдалануға болатын медициналық бұйымдарды стерильдеу сапасы барлығының көңілінен шыққан. Медициналық бұйымдарды зарарсыздандыратын құрал ИЛУ-10 электронды жылдамдатқышы деп аталады.
– Бізде тағы бір жаңалық, жақында жылу, су құбырларын бекіту, жылыту мақсатында көбікті полиэтиленнен жасалған «Экоизолды» және термобекітуші лента – «Термоизол-Л» дегенді қолдану Павлодар қаласында алғаш рет қолға алынды, – дейді Әділ Төлеуішов. Нәтижесі жақсы көрінеді.
– Осының барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атом медицинаға, халық игілігіне қызмет етсін деген бастамасына орай қолға алынып отыр. Міне, қандай тың дүниелер бар, – деді жаңа дүниелерді тамашалау барысында «Семей-Невада» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, «Құрмет» орденінің иегері Сұлтан Картоев. – Аталған жаңалықтар елімізде кеңінен қолданысқа шыққаны тиімді, әйтпесе, біз көбіне шетелдік заттарды пайдаланып, солардың өніміне тамсанып ауыз ашудан әрі аса алмай келеміз.
Сондай-ақ, алдағы уақытта «Ядролық технологиялар паркі» АҚ Қазақстанға және шетелге таттанып кетпейтін құбырларды, оларды жылытып, бекітетін бұйымдар мен жылу бөлетін, ішке артық дыбыс жібермейтін бұйымдарды өндіріп, пайдалануға бермек. Тұрғын үй құрылысы саласында да кеңінен қолданылмақ.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
Курчатов.