• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2014

Сынақ алаңынан 60 шақырым жерде тұрдық

298 рет
көрсетілді

Мен бүгінде Семейде тұрып жатқаныммен, Бесқарағай ауданында туып, бүкіл ғұмырымды сол өңірде өткізген адаммын. Дәлірек айтқанда, Ертіс өзеніне жақындау орналасқан Семияр деген ауылда тұрдым. Біздің ауыл Ертіс өзені арқылы тікесінен есептегенде, Семей полигонынан бар-жоғы 60 шықырымдай ғана қашықтықта орналасқан еді. Алғашқы ядролық сынақтар басталғанда 14 жастағы оқушы кезім болатын. Есейгендегі барлық ғұмырым сол өңірдегі мектеп өмірімен байланысты болды. Мектеп директоры болып та қызмет еттім. Бір байқағаным, Семей поли­гонының халыққа келтірген зардаптары сөз болғанда Бесқарағайға қатысты жағдайлар аз айтылады. Негізі, радиациялық аймақтардың залалданған деңгейлері зерттелгенде, біздің мекен де «Максимальді аймақтар» қатарына енген секілді еді. Ядролық жарылыстың біздің ауылымызға қаншалықты әсер еткеніне қатысты бала күнімде куә болған жайлардың бірін айта кетейін. Бірде ауылымыздың бар­лық жастарын белгілі бір сылтаумен түгелдей аудан орталығына жіберді де, ауылда кілең шал, кемпірлер қалды. Ертеңінде келсек, үйіміздің төбесі ортасына түсіп қалыпты. Не болды деп сұрағанымызда, апамыздың айтқаны: «Қарғам, жер сілкініп, әбден зәреміз ұшты, мына орыс пеші болмағанда, өліп қалатын едік», деп басынан өткергенін баяндап жатты. Сөйт­се, төбеге көлденең тасталған бөрене төмен құлаған кезде оны пештің биік те берік қабырғасы тіреп қалыпты. Үйдегілердің аман қалуына себеп болған. Осы оқиғадан кейін ауы­­лымызға әскери адамдар жиі келетін болып кетті. Олардың не істеп, не қойып жүргенімен көп ешкімнің шаруасы жоқ. Қайта әскерилерге құрметпен қарау тәртібінен ел жаңылмағандай. Кейін ойлап, салыстырып қарасақ, атом бомбасының жарылысы біздің жаққа қаншалықты ықпал еткенін зерттеумен айналысыпты ғой. Оны аңғал ел қайдан білсін. Міне, Елбасымыздың еңбегінің арқасында, Тәуелсіздігіміздің арқасында қаншама халық радиациядан алған залалдарымен күресіп, денсаулықтарын үнемі тексерулерден өткізіп тұруға мүмкіндік алды. Осы бағытта ем-дом алатын жандар неше жыл бойы тегін қаралып, мемлекет қамқорлығын сезініп келеді. Қазіргі уақытта Семей қаласында ауруханалардағы диагностикалық, емдеу деңгейі өте жоғары. Өзім бірнеше жылдан бері Семейдегі Радиологиялық медицина және  экологиялық ғылыми-зерттеу институтының (КазНИИ) ауруханасында тұрақты түрде ем аламын. Бұл мекеме полигон зардабынан денсаулығына зақым келген жандарды тегін қарап, жоғары  деңгейде қызмет көрсетеді. Осындағы 50-60 төсек жылдың қай мезгілінде болсын  босамайды. Қызметтің барлық түрі тегін. Дертіне шипа іздеп жүрген жандар қатарының көптігіне қарап, әртүрлі ойға кетемін. Еліміздің бүгінгі игілігін, жетістігін көре алмай қаншама жерлестеріміз ел аман, жұрт тынышта қатерлі ісіктен жастай көз жұмды. Бір ғана өзіміздің Өмірхановтар әулетінен ерте көз жұмғандардың өзі аз емес екен.  Олардың көбі негізінен дала жұмысында болғандықтан, қатерлі сырқатқа ерте шалдықты ма екен деймін. Бұл өзі шетін қозғасақ шыға беретін әңгіме болғандықтан, өткенді еске алу кейде бізге ауыр.Бесқарағайда 20-дан астам елді мекен бар. Солардың  басым бөлігі біздің ауылмен тағдырлас. Яғни, менің басымдағы жағдай талай адамның басында болғаны анық. Әлихан ӨМІРХАНОВ, ардагер ұстаз. СЕМЕЙ.