Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған «Аманат» тәуелсіз комиссиясы еліміздің 6 өңірінде жұмыс істеп, тергеу изоляторында отырған 85 адамды қамаудан шығаруға мұрындық болды. Бостандыққа шыққандардың 12-сі кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек болса, екеуі әйел. Бұл жөнінде елордада өткен брифинг барысында комиссия мүшелері – заңгерлер Абзал Құспан, Мәди Мырзағараев пен Уайс Ерсайынұлы мәлімдеді.
Атап айтқанда, Алматы қаласынан – 68, Алматы облысынан – 9, Шымкент қаласынан 8 адамның бас шарасы өзгертіліп, қамаудан босап шыққан. Комиссия төрағасы Абзал Құспанның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысынан – 24, Шымкенттен 5 адам бостандыққа шығарылмақ. Журналистердің сұрақтарына жауап берген А.Құспан: «Қамаудан босап шыққандардың барлығын толық кінәсіз дей алмаймыз. Біз неғұрлым кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтар басым адамдарды шығардық. Негізінен бас шарасын өзгертуге, айыпты жеңілдетуге қол жеткіздік», деді. Брифингке қатысқан журналистердің «комиссия қамаудағыларды «іріктеп» шығарып жатыр» деген уәжіне қатысты ойын білдірген М.Мырзағараев: «Біз іріктеп шығарып жатқан жоқпыз, мүмкіндігіміз жеткенін шығарып алдық. Аяғымыз жетпей жатқан өңірлер бар. Біз шығарған адамдардың кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтар барынша көп болды. Осыны түсініңіздер», деді. Бұл сұраққа қатысты ойын білдірген А.Құспан да комиссияның адамдарды іріктеп шығармайтынын ескертіп өтті. «Қазіргі таңда Қазақстан бойынша тергеу абақтысында 800-ден астам адам отыр. Олардың барлығы қылмыстық іс бойынша ұсталғандар. Егер осы ұсталғандардың барлығының адвокат жалдауға мүмкіндігі бар деп ойласаңыздар, қатты қателесесіздер. Тергеу изоляторында отырғандардың жартысына жуығының адвокат жалдамақ түгілі соңынан іздеп келетін адамы жоқ. Он адамды шығарсақ, соның үшеуінің іздеушісі, адвокат жалдауға жағдайы жоқ. Біз және басқа да құқық қорғаушылар осындай жандардың барлығына тегін қызмет көрсеттік. Шыққанда баратын жері жоқтарды таныс адамдар арқылы орналастыруға да атсалыстық», деді ол.
Брифингте белгілі болғандай, бұған дейін Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында жұмыс істеп келген комиссия алдағы уақытта жұмысты жүйелеу үшін құзырлы органдармен тізе қосып қызмет етуді ұйғарып отыр. «Біз енді әр өңірге барып, әр адаммен кездесіп, олардың ісімен жеке-жеке жұмыс істегеннен гөрі, орталық органдар арқылы тиімді жұмыс істеуге көшпекпіз. Бас прокуратура мен Президент Әкімшілігі арқылы жүйелі жұмыс жүргізбекпіз. Өйткені жеке-жеке жұмыс істеу көп уақыт алады» деген комиссия төрағасы «Аманаттың» қос өкілеттігі бар екенін мәлімдеді. Оның біріншісі – тергеу изоляторларына кіріп, қамалғандармен көзбе-көз тілдесу болса, екіншісі – қылмыстық іс құжаттарымен танысу.
Брифинг барысында комиссия мүшелері тергеу изоляторында отырғандарды азаптау оқиғаларына қатысты да пікірлерін білдірді. Қаңтар оқиғасы бойынша жаппай ұстау 8-10 қаңтар күндері жүргізілгенін, соған сәйкес күдіктілерді азаптау да сол ұстау кезінде болғанын айтқан комиссия төрағасы Абзал Құспан: «Жұмыс барысында жүрекке із қалдырып, бізді қатты күйзеліске түсіргені – мылтық, автоматтан жараланған алматылық азаматтарды көрген сәтіміз. Әрине, оларға тергеу изоляторында, оның ішінде дәрігерлік бөлімде жағдай жасалып жатыр. Қалалық аурухана дәрігерлері аптасына екі рет көмек көрсетеді. Дегенмен көбінің жағдайы ауыр», деп мәлімдеді. Ал комиссия мүшесі Мәди Мырзағараев қамауда отырғандардың дені жастар екенін айтып өтті. «Ұсталғандардың арасында кәмелетке толмаған 11-12 жеткіншек те болды. Жастары небәрі 15-16-да. Олардың қоғамға қауіп төндірмейтініне прокуратура органдарын сендіре алдық және біз кездескен кәмелетке толмағандардың бұлтартпау шарасы өзгертіліп, барлығы үйлеріне жіберілді», деді М.Мырзағараев.
БАҚ өкілдерінің талдықорғандық Азамат Батырбаевқа қатысты сұрақтарына жауап берген А.Құспан бұл азаптауға қатысты бірінші болып дабыл қаққан өздері екенін жеткізді. «Азамат Батырбаевтың арқасына үтік басқанынан бастап қандай қиындық көргенін, қандай ауыр халде жатқанын бірінші біз тәптіштеп отырып жазып бергенбіз. Өзімен кездесіп, арқасын шешіп тұрып көрдік, көзіміз жетті. Сол кезде-ақ қандай кінәсі болса да, оған емделуге мүмкіндік беруді, бұлтартпау шарасын өзгерту керектігін айтып, облыс прокурорына ұсыныс бердік. Әрине, бүкіл талабымызды орындай бермейтіні анық. Десе де, «Жоқ, шығармаймыз!» деген үзілді-кесілді жауап та алмағанымызды айта кетейік. Қазір Батырбаевқа нақты қандай шешім қабылданатыны белгісіз», деді мән-жайдан хабар берген заңгер. Сөз арасында заңгер прокурорлардың кінәлілерге қатысты видеоларды жеке-жеке көрсетуге уәде бергенін де айтты.
Қасіретті қаңтар оқиғаларына қатысты саяси сұрақтарға жауап бере алмайтынын ашық мәлімдеген А.Құспан Қазақстанның адамды азаптауға қарсы халықаралық құжатқа қол қойғанын, оның ішінде азаптауларға қарсы конвенция бар екенін еске салып өтті. «Ішкі істер органдары адамды үш күн ұстауға құқылы. Ал сот шешімінен кейін ұрып-соқты деген шағым бізге келіп түскен жоқ», деген заңгер қылмыс жасаған құқық қорғау органы қызметкерлері жауапқа тартылуы керек деп есептейді. «Тек физикалық емес, моральдық, психологиялық қысымдар да азаптауға жатады. Ал бұл жерде тікелей көзге ұрып тұрған азаптаулар бар. Ал адамның арқасына үтік басу, тырнаққа ине сұғу – қылмыс», деді А.Құспан.
Комиссия мүшелерінің мәлімдеуінше, алты өңірдің ішінде Алматы және Шымкент қалаларының прокурорлары ашық әрі белсенді жұмыс істеген. «Қалған өңірлерге қатысты ескертпелерімізді Бас прокуратураға жолдадық. Нақты қандай ескертулер екенін айтпай-ақ қояйық. Нәтиже болады деп ойлаймыз. Әрине, олардікі ашық кедергі емес, бірақ біз ойлаған деңгейде ортақ жұмыс істемеді», деді бұл жайында А.Құспан.
Естеріңізге сала кетейік, комиссияның араласуымен қамаудан босап шыққан 85 адам әлі де күдікті деп саналады. Себебі бас шарасын өзгертіп, бостандыққа шығару оларды тағылған айыптан толық босатпайды. Тергеу аяқталғанша олар елден ешқайда шығып кете алмайды. Ал қаңтар оқиғалары кезінде бейбіт шеруге шығып, істі болған жазықсыз жандарға заңдық көмек беруді мақсат тұтқан «Аманат» кінәсіздерді босату жұмыстарын әлі де жалғастырамыз деп отыр.