• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2014

Атом апатынан арашалады

364 рет
көрсетілді

Мен – 1939 жылы Аягөз ауда­нының Мыңбұлақ ауылында дүниеге келдім. Семей қаласында мал дәрігері мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірдім. Институтта оқып жүргенде, Семей өлкесінде бірнеше рет ядролық жарылыс жасалғанынан хабардар болдық. Полигон белдеуіндегі тұрғындар жұмбақ жағдайда көз жұмып, түрлі ауру-сырқау, кем туған сәбилер көбейді. 1991 жылы 28 тамызда Се­мей полигонын жабу туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл қазақ даласын үлкен апаттан арашалаған тарихи күн еді. 1989 жылы антиядролық қозғалыс басталып, халықаралық сипат алды. Бұл айтулы оқиғаға біз де хал-қадерімізше үлес қостық. Семей өлкесінде полигонды жабу жұмыстары қалай жүргізілгені әлі күнге дейін көз алдымда. 1989 жылы қазан айынан бастап сынақ алаңын тоқтатуға халықты жұмылдыру бағытында жұмыс жүргіздік. Осыған байланысты Семейдегі Абай атын­дағы кітапханада үлкен жиын өтті. Медицина институтының ғалымдары, сол кездегі «Семей-Невада» қозғалысы Семей бөлі­мінің төрағасы Марат Оразалин, академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Салауат Тапбергенов және тағы басқа көптеген азаматтар атом жарылыстарының адам ағзасына қаншалықты зиян екені жөнінде мәселе көтерді. Дәрігерлер полигонның зардабы туралы ғылыми тұжырымдарын айтты. Сол жылдары Қазақстан Компартиясы Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев болатын. Ол да бұл мәселеге үн қосып, Мәскеуге хат жазды. Обкомның идеология қызметкерлеріне тапсырма беріліп, ауылдарға жіберілді. Осылайша, атом сынағын тоқтату орайында ауқымды жұмыс жүр­гізілді. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жарты ғасырға жуық халық басына зобалаң ор­натқан Семей полигонындағы жарылыстар тоқтатылғанда, бәріміз бөркімізді аспанға атып, қатты қуандық. Сынақтан сансыраған жұрттың санасына қайтадан сәуле құйылғандай еді. Полигонның жабылуына ерекше еңбек сіңірген тұлға – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы жыл сайын Семей жұрт­шылығымен жүздесіп, хал-аху­а­лымен танысып отырады. Соңғы жылдары Елбасының тікелей қам­қор­лығының арқасында Семей шаһары жан-жақты дами бастады. Әсіресе, медициналық кластер жетілдіріліп, қалада түрлі сала бойынша дәрігерлік қызмет көрсететін емдеу мекемелері бой көтеруде. Жуырда қалада үлкен оңалту орталығы салынады деп жоспарланып отыр. Қазіргі кезде әлемдік қоғам­дастыққа Семейдің аты жете таныс. Өткен жылы қала әкімі Айбек Кәрімов Жапонияның Нага­саки мен Хиросима сияқты атом жарылысынан зардап шек­кен қалаларында болып, се­мейліктердің атынан сөз сөйледі. Сондай-ақ, Түйемойнақ аралында жыл сайын қазан айында полигон құрбандарын еске алуға арналған үлкен іс-шара өткіземіз. Оған бүкіл семейліктермен бірге, шетелдіктердің де келуі дәстүрге айналды. Әрине, полигонның зардаптарынан толық арылдық деп ай­та алмаймыз. Десе де, полигон белдеуіндегі халықтың ден­­­­саулығы осыдан 20 жыл бұ­рынғы жағдаймен салыс­тыр­ғанда, жақсарып келеді. Бұл – әлемдік ядролық қарусыздану стратегиялық идеясының бастамашысы болып отырған Елбасының ерен еңбегі мен ерлі­гінің нәтижесі деп білеміз. Келе­шекте әлемді ядро­лық сы­нақтардан құтқару жолын­дағы Қа­зақстанның бастамасын жер-жаһан жұрты құрметтеп, кең қол­дау білдіретініне сеніміміз кәміл. Анатолий ВОЛЧЕНКО, «Семей-Невада» қозғалысының және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі. СЕМЕЙ.