• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Ақпан, 2022

Төтенше жағдай кезінде халыққа қолдау көрсеткен психологтар марапатталды

372 рет
көрсетілді

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Басқарма төрайымы Лима Диас Төтенше жағдай кезінде 1414 қауырт желісі арқылы қазақстандықтарға қолдау көрсеткен психолог мамандарға алғыс хаттарды табыстады, деп жазады Egemen.kz.

Төтенше жағдай кезінде қауырт желі нөміріне хабарласқан барлық қазақстандықтармен тәулік бойы 38 кәсіби психолог жұмыс істеген.   «Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күндерде біздің қызметкерлер әлеуметтік желілер арқылы қауырт желінің жұмысына кәсіби психологтарды тарту қажеттігін хабарлап, мамандарға іздеу салған болатын. Біздің өтінішімізді жерге тастамай, азаматтарға көмек көрсетуге ниет білдіргендер аз болған жоқ. Волонтер ретінде жұмыс істеуге дайындығын көрсеткен барлық психологтарға біз көмекке жүгінген тұрғындарға қолдау көрсеткені үшін өз алғысымызды айтамыз», деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Басқарма төрайымы Лима Диас.   Жедел желі жұмысына алғаш қосылғандардың бірі тәжірибелі психолог Зарина Кенжеқар жағдайдың оңай емес екенін бірден түсініп іске кіріскенін айтты.   «Психологтардың көмегі қажет екенін мен жалпы чаттан білген соң бұл жұмысқа бірден кірісіп кеттім. Менің ағам әскери адам болғандықтан, мен жағдайдың өте қиын екенін білдім. Азаматтар әртүрлі мәселелер бойынша қоңырау шалса, жадымда Алматы қаласынан хабарласқан тұрғынның оқиғасы ерекше сақталыпты. Ол қауырт желіге түнгі уақытта хабарласып, өзінің екі баласымен атыс жүріп жатқан жердің маңайында тұратынын және өзі үшін емес, балалары үшін алаңдайтынын айтты. Түнгі уақытта қорқыныш деген сезім күшейе түседі ғой. Мен бұл әйелге де, көмегімізге жүгінген басқа азаматтарға да мазасыздықты жеңуге, психологтардың арнайы әдістерін қолдана отырып, барынша қолдау көрсетуге тырыстым», дейді Зарина Кенжеқар.   Психологиялық қолдау бағытындағы жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Басқарма төрайымының айтуынша, енді жаппай тәртіпсіздіктердің куәсі болған және психологтардың кәсіби көмегіне мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсетілмек.   Еске салайық, қаңтар айының басында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, 1414 бірыңғай колл-орталығы базасында жеке телефон желісін құрған болатын. Мұнда еліміздің көмекке мұқтаж тұрғындарына кәсіби психологиялық көмек көрсетілді.