Сенатта елдің сыртқы мемлекеттік қарыздарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды, деп жазады Egemen.kz.
Депутаттардың мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдерімен кездесуін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Серікбай Трұмов жүргізіп отырды.
«Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің сыртқы қарызының көлемі және квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышы 37,1 млрд долларды құрайды, бұл Ұлттық қор активтерінің 67 пайызы, яғни шегіне жақындады. Барлық дерлік министрліктердің, сондай-ақ жекелеген жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектордың сыртқы несиелері бар. Сондықтан олар үшін сыртқы несиелерді жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігі маңызды және шешуші болуы керек», деді Серікбай Трұмов.
Сенаторлар бұл ақшаны тиімді пайдалануда сыртқы қарыздың өсуіне және мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалануға әкелетін жүйелі проблемалар бар деп санайды.
Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің және квазимемлекеттік сектордың көптеген жобалары бойынша қарызды игеру бойынша ақпарат жоқ. Бұған қоса қарызды игеру мерзімі ұзартылуда. Сондай-ақ, жобаларды іске асырудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі толық ашылмағанын және мемлекеттік органдар тарапынан осындай жобалардың іске асуына бақылау мен мониторинг әлсіз екенін айтты.
Комитет төрағасы кездесу қорытындысында барлық салалық мекемелер, бірінші кезекте Ұлттық экономика және қаржы министрліктері айтылған ескертулер мен ұсыныстар бойынша жұмыс істеуі қажеттігін, сыртқы қарыздарды басқару мен реттеуді жетілдіру жұмыстарын жалғастыруы тиіс екенін айтты.