Маңғыстау мазасызданып тұр. Әртүрлі талап қойған, бейнеүндеу жариялаған, митингілеткен ұжымдар қарасы көп. Тіпті, халықтың өзі қайсысыныкі дұрыс, қайсысыныкі бұрыс екенін бағамдаудан қалғаны белгілі. Ел арасында «митингтің мәнін кетіріп алған жоқпыз ба?», «митингке шығады» дегенге шығатындар көбейіп кеткен сияқты» немесе «бізге тыныштық керек» дегендей күбір-күңкіл сөздер естіледі. Күбір мен күңкіл болатын себебі қаттырақ айтуға алып-ұшып жүрген көпшіліктен қорқады.
Жергілікті билік өңірдегі кейбір ұжымдардың мәселелерін шешу бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Мысалы, жалақыны 50-70%-ға көтеруді талап етіп бірнеше күн шерулеткен «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-да жалақы 30 %-ға өсіріліп, мәселені шешу үшін мемлекеттік инспекторлармен бірге еңбек арбитражы құрылған. Бүгінде 163 мың тұрғыны бар, 10 мың адам «Өзенмұнайгаз» АҚ-да жұмыс істейтін өзендіктер тағы бір мұнай-газ өндіруші басқарма ашуды талап етуде. «Бұрғылау» ЖШС, «РЦКУ-Актау» ЖШС жұмысшылары, «KMG-Sekurity» мекемелері, өзге де ұжымдар өз талаптарын айтуда.
Әкімдік мәселені шешу, митингті тарату бағытында жұмыстарға кірісті. Мәселен, Жаңаөзенде тұрғындарды жұмысқа орналастыру мәселесі жөніндегі комиссия жанынан Халықтық бақылау тобы құрылды. Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев бастаған жұмыс тобы бастамашыл топпен келіссөздер жүргізіп, мәселені шешудің үш бағыты бойынша жоспар ұсынған болатын.
Екі тарап арасындағы келіссөздер нәтижесінде қалалық жұмыспен қамту орталығында 5 санат бойынша кезекте тұрған 150 азаматты қолданыстағы алгоритм негізінде жұмысқа қабылдау жоспарланып, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға сервистік қызмет көрсететін мекемелерде жаңадан құрылатын 150 жұмыс орнына халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындарды жұмысқа орналастыру межеленген. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласының жұмыспен қамту бөлімінің «Жұмыс істеймін» бағдарламасы аясында биыл наурыз айынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері қосымша 50 жұмыс орнын ашады. Екі тарап арасындағы келіссөздер қорытындысы бойынша 350 адам жұмысқа орналастырылады деген болжам бар. Әкімдік жұмысты қайдан, қалай тауып отыр? Егер бұған дейін бар мүмкіндік болса, неге митингке дейін қам жасамаған, ал жоқтан жонып жұмыс орындарын ашқан болса, бұл Жаңаөзен ғана емес, өзге өңірлердегі жұмыссыздардың да митингке шығуына себеп болмай ма? Қазір желілерде «билік Жаңаөзенге бет бұрып кетті, өзге өңірлер өгей ме?» деген рәуіштегі өкпелі үндер айтыла бастады.
Осы жерде назарды көбірек аудартып «әттеген-ай» дегізетін шеру де жоқ емес. Бұл – Маңғыстаудағы көпбалалы және тұрғын үйді жекешелендіріп беруді талап еткен аналар дауы. Аналар кешқұрым алаңға жиылып, түнгі сағат 3-ке дейін ереуілдетті, көшелерді жапты. Ертесіне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіруді талап еткен, яғни Ақтаудан жалдамалы тұрғын үй алған Жаңаөзен қаласының бір топ тұрғынымен, сондай-ақ Ақтау қаласының көпбалалы аналарымен кездесті.
Әкімдікке келген әйелдер Жаңаөзен қаласынан Ақтау қаласына қоныстандыру бағдарламасы бойынша 2019-2022 жылдар аралығында жалға берілген пәтерлерін жекешелендіріп беруді талап етті. Сондай-ақ пәтерді жалға алу және коммуналдық қызметтер үшін төленетін төлем ақысын алып тастау туралы талаптарын айтты. Н.Ноғаев қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтынын түсіндірді.
– Ақтау қаласында жалға берген пәтерлердің жалға алу мерзіміне шектеу қойылмайды. Егер келісімшартта тіркелген адам қайтыс болған жағдайда, жалға алу келісімшарты қалған отбасы мүшелеріне ұзартылып беріледі. Қазақстан Республикасының қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша, сіз тұратын пәтерлер коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз беріледі, жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайды. Коммуналдық қызметтерге қатысты, егер сіздің табысыңыз төлемді толық өтеуге мүмкін болмаса, онда «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңға сәйкес қажетті құжаттар пакетін жинап, тұрғын үй көмегін ала аласыз, – деді аймақ басшысы.
Тұрғын үйді жалдау ақысы тұрғын үйдің шаршы метріне байланысты 8-ден 12 мың теңгеге дейін өзгереді.
Кездесуге облыстық мәслихат депутаттары да қатысып, жиналғандарды комиссия жұмысын жалғастыруға шақырды. Мәслихаттың бірқатар депутаты аналар көтерген мәселелерді қарау үшін Парламентке хат жолдады және кездесу қорытындысы бойынша комиссия жұмысын жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Аналардың арасында кімдер бар? Бірқатарын жалға беріп, қосымша табыс тауып жүрген бірнеше үйі бар, астында қымбат көлігі бар айқайшы аналарға қарап қапаланасың. Олардың мақсаты – елдің тыныштығын бұзу ма, әлде тойымсыздық па? Жағдайлы аналардың жалған айқайы көмекке шын мұқтаж аналарды тасада қалдырып жүрген жоқ па? Расында, митингке шыққан кейбір аналардың жағдайының жақсы екеніне қарап отырып, шын мұқтаж отбасы мен айқайшыларды айыру қиынға түскендей, митингтің де мәні кеткендей...
Маңғыстаудағы «келіндер көтерілісі» көңілге кірбің ұялатып, тұрғындар талабындағы көлеңкелі тұстарды көрсеткендей. Шын мұқтаждық, шешімін таппай ушыққан мәселе болмаса, улап-шулап көшеге шығу сән емес екенін ұғынып, мұндай шерулер елдің ықыласын емес ызасын тудыратынын ескерейік.
Маңғыстау облысы