• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бизнес 16 Ақпан, 2022

Бизнеске арналған үкімет

483 рет
көрсетілді

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының цифрлы экожүйесі «Бизнеске арналған үкімет» деп аталады. Палата басшылығы жаңа экожүйенің тұжырымдамасын таныстырды. Бір топ кәсіпкер 1 сәуірден бастап жаңа жүйені тестілеу режімінде сынап көрмек.

Қазір арагідік «Атамекенді» де реформалау туралы әңгіме айтылып жүр. Бірақ палата­ның басқарма төрағасы Абылай Мыр­захметов «Атамекеннің» цифр­лы бағыттағы трансфор­мациясы 2018 жылы бас­талғанын жеткізді. «Бизнеске арналған үкімет» цифрлы эко­жүйесі – сол уақыттан бері жүргізілген жұмыстың нәти­жесі.

– Бұл платформа арқылы кәсіпкерлер «бір терезе» қағи­даты бойынша 600-ден астам мемлекеттік қызметті ала ала­ды. Ұлттық палатаның қол­дауы мен қызметтері де осында топтастырылған. Биыл жаңа жүйеге қолдауға мұқтаж ша­ғын және микро бизнестің ­1 млн-нан аса субъектісін ен­гі­зуді жоспарлап отырмыз. Мұн­дай алаңның біздің елде ба­ламасы жоқ. Платформаны қолдану оңай әрі ыңғайлы. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап кәсіп­керлердің бір тобы платформада тестілеу режімінде жұмыс істеп көре алады, – деді А.Мырзахметов.

Цифрлы экожүйе шама­мен 1,5 млн бизнес субъек­тісін (оның 83 пайызы ша­ғын бизнес), жеке қосалқы ша­руа­шылықтарды, кәсібін жа­ңа бастаған кәсіпкерлерді қам­тиды. Бірыңғай цифрлы тере­зеде келесідей қызмет­тер көр­се­тіледі: мемлекеттік қызметтер мен қолдау шаралары (364 мемлекеттік қыз­мет, 248 қаржылай, мүліктік және қаржылай емес көмек, инфрақұрылымдық қолдау шаралары); «Атамекеннің» қызметтері (70-тен астам заң­намалық функция: НҚА сараптамасы, қорғау, сертификаттау); коммерциялық сервис­тер (ERP-платформа, CRM жүйесі, эскроу келісімшарттар, онлайн-касса, B2B транзакциялары, B2C, маркетплейстер).

Порталды қолдану үшін «Биз­неске арналған үкі­мет» сайтында электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) ар­қылы бір рет тіркеуден өту керек, egov, elicense, online.damu.kz секілді мемлекеттік қолдау шараларын ұсына­тын сервистерді порталдан шық­пай-ақ пайдалануға болады. Сондай-ақ мұнда 4 са­тып алу алаңын пайдалану мүм­кіндігі қарастырылған. Кә­сіп­кер­лерге мемлекеттік қыз­меттер, «Атамекеннің» қолдау шара­лары мен сервистерін қоса алғанда 632 сервис қолжетімді болады. Бұған қоса порталды 215 ақпараттық жүйемен және деректер базасымен интеграциялау жоспарланған.

– Экожүйе кәсіпкерлер­дің өмірін жеңілдетеді. Өйтке­ні кәсіпті енді қолға алған адам неден бастау, кімге жүгіну кере­гін білмей жатады. Біз кәсі­бімізді жеке қосалқы ша­руа­шылығымыздан бастадық. Қазір асыл тұқымды мал басын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Біз үшін порталда қолдау шаралары, субсидия бойынша көп пайдалы ақпарат болады деп ойлаймыз. Мұндай платформаның әзірленгені өте дұрыс, – дейді «Алмажай» ЖШС-нің директоры Гүлмира Маусымбаева.

А.Мырзахметов түсіндір­ген­дей, кәсіпкерлер қандай да бір ақпарат алу үшін интернетті шарлап, уақыт жоғалтпайды. Жұмыстың бәрі кәсіпкердің жеке кабинетінде жүргізіледі. Әрбір пайдаланушыға оның сұрауына қарай сала, қызмет түрі, бизнес нысаны және қа­жеттілік негізінде жеке атаулы қызметтер іріктелетін болады. Бұдан басқа бизнесменнің нормативтік-құқықтық ак­тілерді сараптауға тікелей қатысуға, бизнес-петицияларды іске қосуға, мемлекеттік органдар мен ұлттық палатадан алынған шешімдерге шағым жасауға мүмкіндігі бар.

– Шағын бизнес өкіл­де­рінде үрей басым. Өйткені ша­ғын бизнес көмек алуға әдет­тенбеген. Біз жұмыс істеуге еш­кім кедергі келтірмесе екен дей­міз. Талап-тілегімізді Үкі­метке жеткізуге тырысып жатырмыз. Бұл ретте жаңа платформа кәсіпкерді мазалайтын нақты мәселені жоғары жақ­қа жеткізуге көмектеседі деп сенемін. Платформада сот ше­шімдерінің базасы болса деген тілек бар. Өйткені әр аудан­да ұқсас мәселелер бо­йынша түрлі шешім қа­был­дануы мүмкін екенін жақ­сы білеміз. Сондай-ақ норма­тив­тік-құқықтық актілер үшін дауыс беруге қатысу мүм­кіндігі қарастырылғанына қуа­ныштымыз. Себебі қазір жүйе өте күрделі. Егер платформа ыңғайлы болса, алға ілгерілеу болады. Электронды құжат­тама да ыңғайлы болса деген тілек бар. Кәсіпкерлер грант­тар, субсидиялар және не­сиелер туралы ақпаратты қи­нал­май алса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді кәсіпкер Марина Бошель.

Порталда жеке кабинетті заңды тұлғалар мен олар­дың филиалдары, жеке кәсіп­­кер­лер, шаруа және фермер­лік қожалықтар, өзін өзі жұмыс­пен қамтыған жеке тұлғалар, қауымдастықтар мен одақтар құра алады. Ыңғайлы болуы үшін жеке кабинетте жеке ме­нед­жер арқылы мәселені не­месе сұрақты жедел шешу­ге арналған терезе бар. Сонымен қатар жол нұсқаушы қызметі де ұсынылған. Барлық қызметті компьютерден де, мобильді нұсқасынан да алуға болады.

– Бұл жердегі ең басты мә­селе – ашықтық. Кәсіпкердің бар­лық жеке дерегі сақталып тұрады. Сонымен қатар цифр­лы операциялардың сақтал­ған деректері бойынша биз­нес иесі қандай да бір шешімге арызданып, оған қызмет көр­сет­кен біліксіз қызметкерге ша­ғымдана алады. Шағым кон­структорының көмегімен немесе 1432 колл-орталығына жүгіну арқылы өтінішке жа­уаптың қайтарылмағаны туралы хабарлауға мүмкіндік бар, дейді А.Мырзахметов.