• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Ақпан, 2022

Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Екібастұзда болды

698 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Екібастұзда қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанның Вице-Премьері Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды.

Екібастұз қаласында Ералы Тоғжановтың төрағалығымен халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына әлеуметтік қорғау және медициналық көмек көрсету жүйесінде орын алған проблемалар мен оларды шешу жолдары талқыланды.

Кеңеске жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Кездесуде ұзақ уақыт қоғамнан оқшау өмір сүрген төрт баламен болған жағдай бөлек талқыланды.

Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасы Екібастұз пәтерлерінің бірінен анықталды. Қазір оларға жан-жақты қолдау көрсетілуде, ал құзыретті органдар көмекке мұқтаж балалар мен олардың ата-аналары жергілікті атқарушы органдар тарапынан неліктен назардан тыс қалғанын түсіну үшін тергеу жүргізуде.

«Балаларды әлеуметтік қамсыздандыру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мемлекеттік саясаттың басымдығы болып табылады. Елімізде 6,3 миллион бала бар, бұл Қазақстан халқының 32%-ын құрайды. Біз әр баланың өміріне жауап береміз», деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Вице-премьер бір ай мерзімде әлеуметтік және медициналық көмекке мұқтаж отбасыларды анықтауға кірісуді, балалардың тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуін қадағалау мүмкіндігімен олардың қозғалысын есепке алудың электрондық картасын енгізуді және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін бекітуді тапсырды.