«Әлеуметтік желілерді шарлап кеткен «Алматыда ортағасырлық үлгідегі жазалауға арналған «азаптау камералары» жасақталып жатыр» деген ақпараттар жалған. Мұндай болған емес, болмайды да!» Бұл жөнінде ІІМ-де өткен брифингте Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта ақпараттық кеңістікте тергеу изоляторларында жасалған азаптаулар туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттарды жаппай тарату жүріп жатқаны байқалады. Біз бұл ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтінін, сондай-ақ мұндай жалған хабарламалардың қоғамды әдейі адастырып, болған оқиғаларды бұрмалайтынын ресми түрде әрі үлкен жауапкершілікпен мәлімдейміз», деді Ж.Ешмағамбетов. Ол қазіргі таңда бүкіл қоғамның назары қаңтар оқиғалары кезінде қамауға алынған азаматтарды ұстау жағдайларына ауып отырғанын да жасырмады. «Осыған орай біз тергеу изоляторларындағы бақылауды екі есе күшейтіп, бұл мекемелердегі қоғамдық мониторинг үшін барынша ашықтық танытып отырмыз», деді генерал-майор. Оның мәлімдеуінше, комитет ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылау комиссиялары, ұлттық алдын алу тетігі және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықты жалғастыра береді. Бұл ұйымдар қамауда отырған азаматтарды ұстау құқықтары мен шарттарының сақталуына тәуелсіз мониторинг жүргізеді. «Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан кейін тәуелсіз сарапшылар 13 тергеу изоляторында 60-тан астам рет болған. Ол сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, «Адам құқықтары үшін хартия» қоғамдық қорының басшысы Жеміс Тұрмағамбетова бастаған комиссияның бірқатар қоғамдық құқық қорғаушы және адвокаттармен бірге тергеудегілерді ұстау жағдайларын тексергенін айтты. Арнайы комиссия еліміздің 6 өңірінде болып, 100-ден астам қамауға алынғандарды қабылдаған.
Бүгінгі таңда тергеу изоляторларында 728 адам қамауда отыр. Комитет төрағасының айтуынша, олардың барлығы ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша күдікті. «Тағылған айыптарға сот құқықтық баға береді. Нақты шешім шығару кезінде бейнежазбалар, куәлардың айғақтары және басқа да материалдарды қоса алғанда ұсынылған дәлелдемелер негізге алынатын болады», деді ол. Қамауға тек ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін айыпталған адамдардың алынғанын атап өткен генерал 270 күдіктінің бас шарасы өзгертіліп, үйқамаққа алынғаны, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылғанын мәлімдеді. Ол сондай-ақ бұл нәтижеге тергеу органдары мен прокуратураның қылмыстық істер жөніндегі материалдарды мұқият тексеруінің арқасында қол жеткізгендерін айтты.
Қоғамды қатты толғандырып отырған мәселенің бірі – жарақат алғандардың тиісті медициналық көмек алуына қатысты. Осыған орай Ж.Ешмағамбетов қайғылы қаңтар оқиғаларына байланысты тергеу изоляторына дене жарақатымен 267 адамның жеткізілгенін, оның ішінде 33-нің қалалық ауруханаларда стационарлық емдеуден өткенін хабарлады. «Жарақат алғандардың барлығы мекемелердің медициналық бөлімдерінде емделді, сонымен бірге оларды азаматтық дәрігерлер үнемі тексеріп отырады», деді Генералдың мәлімдеуінше, қазіргі таңда тек бір адам ғана Тараздағы ауруханада жатыр. Ал 30 айыпталушы КАЖ мекемелерінің медициналық бөлімдерінде амбулаториялық ем алып жатыр. Комитет төрағасы сонымен қатар тергеу іс-шараларының бейнебақылау камералары орнатылған, арнайы жабдықталған мекемелерде жүргізілетінін, изоляторда отырғандардың өздерінен келіп түскен барлық арыз-шағымдарды ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік қызметтері тіркеп, тексеретінін де түсіндірді. «Тергеудің заңдылығын прокуратура органдары қадағалайды. Ал адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар ақпарат сұрауға құқылы. Олардың клиенттерімен кездесуге ешқандай шектеу жоқ. Тергеу изоляторында отырғандардың барлығы сот шешімімен қамауға алынғанын тағы бір рет атап өткім келеді», деді Ж.Ешмағамбетов.