Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке заңсыз шетел асып кеткен қаржы мен сол жақта сатып алынған активтерді елге қайтару бойынша ұсыныстарды екі ай ішінде дайындауға тапсырма берді. Президент айтқан мерзімге аз уақыт қалды. Алайда Министрлер кабинетінің экономикалық блогы офшорға кеткен ақшаны қандай жолмен қайтаратынын әзірше жариялай қойған жоқ. Дегенмен де сең қозғалды.
Офшор мәселесі тек бізде емес, алпауыт мемлекеттерде де дауға айналғалы қашан?! Foreign Policy мәліметтері бойынша, 2020 жылы офшор кеңістігінде шамамен 36 трлн доллар болған. Бұл әлемдік байлықтың 12 пайызы. БАӘ азаматтарының – 70 пайызы, Ресейдің ең бай адамдарының – 50 пайызы, ЕО резиденттерінің 15 пайызы жеке байлықтарын «салық жұмағында» сақтайды. Сарапшылар бұл дерек алдағы уақытта өспесе, азаймайтынын айтып отыр.
Біздің елде офшор тақырыбы ашық түрде 2010 жылдан бастап айтыла бастады. 2013 жылдың тамыз айында сол кездегі Премьер-Министр С.Ахметов экономиканы офшорсыздандырумен айналысатын жұмыс тобын құрды. 2016 жылы «Үлкен жиырмалық» (G20) елдерінің қаржы министрлері Вашингтонда өткен отырыста күмәнді ақшаны заңдастыру мақсатында офшорлық қаржы индустриясы жүйесін реттеуге бағытталған қадамдарды мақұлдады. 2017 жылдың қаңтар айында Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының табысты сыртқа алып шығуға қарсы күрес жобасына қатысты. Бұл құжатта ішкі заңнамаға өзгерістер енгізу, бағаны белгілеу, трансферт жөніндегі халықаралық келісімге қосылу, дүниежүзілік салық мәселесі мен ақпарат алмасу сынды мәселелер қамтылды. Демек, әлемнің кез келген нүктесіндегі жасырын қаржыны суырып алуға өзіміздің заң да, біз қол қойған халықаралық келісімдер де мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов былтыр шілде айында Қазақстан ақпаратты жаңарту туралы халықаралық келісімге қол қойғанын мәлімдеді. Бұл келісім бойынша Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бүкіләлемдік автоматты салық жүйесіне қосылады. «Жемқорлық пен көлеңкелі бизнестен пайда табу аясы уақыт өткен сайын тарылып келеді» дегенге біз де, Үкімет те сендік. Бірақ оның бағыты уақытпен бірге қырық құбылып кеткені, экономикалық емес, саяси-олигополиялық бояуының «қалыңдап» кеткені жақында белгілі болды. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов соңғы 25 жылда елімізден шетелдік офшорларға шамамен 140-160 млрд доллар шығарылғанын айтқан болатын. Екінші деңгейлі банктер тек қаңтар айында шетелге мол қаржы аударуға әрекеттенген 200-дей әрекетті тоқтатқанын ресми орындар растайды. Ал «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев әлемде офшордың кеңістігі тарылып келе жатқанын айтады.
Жалпы, 2004-2013 жылдар аралығында біздің елден офшорларға барлығы 167 млрд доллардан астам қаражат шығарылды. Ал одан бергі жылдардағы деректерде әртүрлі мәліметтер айтылады.
А.Перуашев айтып өткендей, Қазақстанның АҚШ, Ұлыбританиямен заңсыз активтер жайлы ақпарат алмасу туралы келісімі бар. Тіпті Швейцария елі де офшорды жариялауға ден қойып жатыр. «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде барлық саланы жаппай олигополия жайлап алғанын, жаңа бетбұрыстардың бағыты айқындалатынын, қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қойылатынын айтты. Қазір Қазақстанның ғана емес, әлемнің қалтасы офшорға жырымдалудан шаршады. Мен офшордағы қаржыны елге қайтару үш бағытпен жүрсе деймін. Бірінші кезеңде мемлекеттік қызметте жүріп, офшордан пана тапқан тұлғалар табысының қандай жолмен келгенін ел алдында дәлелдесін. Мемлекет басшысы айтып өткен іштегі бизнесті олигополияның қысымында тұншықтырып келген топ – осылар. Олар лауазымын немесе лауазымды қызметте отырған туыстарының ықпалын пайдаланып, бизнесті тұншықтырып келді. Офшордың біздің елге қатысты сегментін осы топтан тазартсақ, өзге қаржының елге қайтуы күшпен емес, эволюциялық жолмен жүреді», дейді А.Перуашев.
Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударғаны туралы ресми емес ақпарат бар. Мұндай деректі екінші деңгейлі банктер де растайды. Тек қаңтар айында ЕДБ шетелге ірі көлемде ақша аудармақ болған 200 операцияға рұқсат бермеген.
Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің айтуынша, офшор аймағы әлем үшін жаңалық емес. Әлем қазынасының кемінде 12 пайызы офшорда жасырынып жатыр. Қазақстандық олигархтардың офшордағы қаржысы емес, жылжымайтын мүлік түріндегі активтерінің заңсыз жолмен келгенін АҚШ, Ұлыбритания тәрізді алпауыт мемлекеттер кезінде білді, бірақ жолын кеспеді. Қазақ билігінің офшорға қатысты ұстанымының декларативті сипаты басым болып келді. Бұл тәсіл кезінде өзін өзі ақтады. Себебі офшор олигархтарға табысын жасырын ұстауға мүмкіндік берді. Мемлекет тапқан табыстың қайда жұмсалғанын жариялау туралы талап қойған жоқ. Халық Үкімет күресіп жатыр деп сенді, Үкімет сендірдік деп ойлады. О.Сүлейменов ендігі жерде офшордағы қаржының қайтарылуына алдымен мемлекет мүдделі болуы тиіс екенін айтты. «Елде бұл мәселенің жариялы түрде айтылып келе жатқанына он бес жылдай болды. Бірнеше рет шетелдегі капиталға кешірім жасалды. Бірақ оның нәтижесі аз болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке екі ай ішінде қаржыны кері қайтарудың жоспарын жасауды тапсырғаны туралы естідім. Олар банктер арқылы, банктегі жеке есепшоттар арқылы кетті. Әрбір транзакцияның тарихы, қашан жіберілгені туралы дерек сақталады. Сондықтан оны қадағалау, ізіне түсу, табу қиын шаруа емес. Үкіметтің экономикалық блогы капиталды қайтару ғана емес, қайтқан қаржыны жұмыс істететін механизмдер жайлы ойлауы тиіс. Бұған дейін де бұл мәселе талай көтерілді. Бірақ нәтижелі болғаны шамалы. Себебі, бизнес билікке сенбеді», дейді О.Сүлейменов.
Сарапшылар офшор тақырыбының соңғы кезде тым саясиланып кеткенін айтады. Ал кәсіпкерлер Қазақстанда ШОБ пен ірі бизнес арасында түсінбеушілік немесе текетірес жоқ деген ойға басымдық береді. Бұларды бір-бірінен бөлудің өзі қателік. Олар бар болғаны бір-бірінің дамуына мүдделі экономикалық жүйе. Қаржының сыртқа кетіп қалуына нарықтың деформациясы ғана кінәлі. Нарық қолдағы қаржыны қажетті салаға жұмсайтын экономикалық тетіктерді, инвестициялық жайлылықты қалыптастыра алмады. Кезінде бизнесмендерден Марғұлан Сейсембаев бастаған кәсіпкерлер ғана офшорлық тізімге қатысты алғашқылардың қатарында түсінік бергенін ұмыта қойған жоқпыз. Алайда бизнес өкілдері кезінде офшорлық компанияларға қаржы құйғанын, бірақ мемлекеттік қызметке, салық заңнамаларына қайшы келетін заңсыздықтар болмағанын алға тартады.
Сарапшылар офшорлық компанияларды құру заңға қайшы емес екенін, бірақ олардың арасында мемлекеттік қызметте жүріп, табысын тыққан тұлғалардың бой көрсеткенін әлемнің ешбір заңы құп көрмейтінін айтады. Сондықтан экономист Петр Своик ақшасын жасырған мемлекеттік лауазымдағылардың бәрі табысы қайдан келгені жөнінде есеп беруі тиіс деп есептейді. Себебі, қаржысын офшорда жасырғандар, бірінші кезекте салықтан үнемдеуге тырысады. Ал мемлекеттік қызметте жүргендердің мұндай әрекетке баруы – халық пен биліктің арасындағы сенімсіздік синдромын қалыңдатып жіберетін фактор. Сарапшылардың біразы көлеңкелі бизнес пен салық заңының солқылдақтығынан осындай жағдайға тап болғанымызды айтады.
Сарапшы Д.Кривошеев біздің елде офшорға қатысты түсініктің өзі аса сауатты емес екенін айтып берді. Тіпті кейбір кәсіпкерлер мұны салықтан жалтаруға мүмкіндік беретін жайлы мекен деп қабылдайды. Ал оның бастапқы табиғаты бизнеске ғана емес, билікке жақын адамдарға да халықаралық арбитраж арқылы шешімдерді даулауға мүмкіндік беретін юрисдикция. Сарапшы айтып өткендей, біз офшор туралы сөз болғанда, ең алдымен «капитал неге елде қалмады, бұған қандай жағдайлар себеп болды?» деген сұрақтарға жауап іздеуіміз керек. «Салық жүйесінде қосарланған салықтың көп болуына байланысты осындай жағдайға тап болдық. Қаржыны елге әкелуге дайындықты заңды жетілдіруден бастау керек. Бұған билік мүдделі болуы тиіс.
Офшор кеңістігі бүгінге дейін әртүрлі мақсатта қолданылып келді. Мысалы, Ұлыбритания ұзақ уақыт бойы Макмафия заңы қабылданғанға дейін офшорға бейресми «баспана» беріп келіпті. Заңмен шектегеннен кейін ақшаның тазалығын тексеруге басымдық берілді. «Қазір офшордағы қаржы заңдардың, халықаралық келісімдердің тезіне түсіп, тазаланып келеді. Дегенмен олардың қылмыстық жолмен келгенін дөп басып анықтау қиын», деді Д.Кривошеев.
Сарапшылар дәл қазір Қазақстан үшін ақшаны елге қайтарудың сәті түсіп тұрғанын, Үкімет ендігі жерде қаржыны қайтарудың жолын ғана емес, оны жұмсау тетіктерін де мықтап ойлануы керек екенін айтады.
АЛМАТЫ