Белгілі тарихшы ғалым, ұстаз, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ білім академиясының академигі Амангелді Құсайынұлы өмірден озды, деп жазады Egemen.kz.
Бұл туралы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, Зиябек Қабылдинов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Амангелді Құсайынұлы 1942 жылы 29 желтоқсанда Павлодар облысы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келген. 1960 жылы еңбек жолын орта мектеп мұғалімі болып бастаған ол, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп Алматы медицина институтында оқытушы қызметінде істеген. Кейін партия қызметіне ауысып Алматы қаласы Совет аудандық комитетінің аппаратында, одан соң Қазақ мемлекеттік университетінің аспиранты, ассистенті, аға оқытушысы, доцент, проректор, аға ғылыми қызметкер, профессор болып қызметтерін атқарған. 1992-1996 жж. С.Сейфуллин атындағы Ақмола университетінің, 1996-2000 жылдары - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры қызметін атқарып, басшы ретінде университеттің ғылыми-педагогикалық, материалдық – техникалық потенциалын нығайтуда үлкен қайраткерлік көрсетті. 2000-2004 жылдары ҚР Жоғарғы аттестациялық комиссиясының төрағасы. 2004-2007 жылдары – Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті болды. Ал 2007 жылдан Еуразия гуманитарлық институтының ректоры болған еді.