Осы бір аяулы тұлғаны көрген сайын менің жадыма жаңғырып жас кездегі, жалынымыз молдау кездегі, мәдениет дейтін ұлттың рухани өрісі мен өркениетін байқататын ерекше жылдарға, қалыптасу дәуірімізге сапар шеккендей әсерде қалам.
Жексенбек Еркінбекұлымен алғаш 1972 жылы таныстым, бұрын сырттай білетінмін. Жалпы, журналист дейтін қауым жарғақ құлағы жастыққа тимей, жаңалыққа, жақсылыққа елеңдеп, әр бағыттағы, әсіресе ғылым, өнер, мәдениет саласындағы өз кәсібіне адал, жаны жайсаң, жүрегі таза азаматтармен тезірек танысуға құштар болады. Біз де жиырма бестің ауылына жаңа-жаңа ат байлаған бозалаң шақта Жекеңмен танысу жолында осындай сезімді бастан өткергенбіз. Аяулы аға Қазақ радиосында бас редактор ретінде музыкалық редакцияны басқаратын. Одан кейін Жекеңді еліміздің идеология майданындағы түрлі жауапты қызметтер күтіп тұрды. Жиырма жылдан аса Мәдениет министрлігінде басшылық қызметтерде, соның он бір жылында табандатып отырып министр лауазымында болды.
Жекең Мәдениет министрінің орынбасары болып тұрған тұста мен репертуарлық-редакциялық коллегияға редактор болып қызметке орналастым. Шақырған кісі Сафуан аға Шаймерденов. Шақыртқан адам министр Мүсекең — Мүсілім Базарбаев еді. Жұмысқа алу тәртібімен репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы Сафекеңнен соң, әңгімелесу үшін Жекеңнің қабылдауына бардым.
– Иә, Нұрлан, жұмыстың жағдайымен таныстың ба? Хабарың бар ма?
– Танысып үлгермедім… Хабарым бар…
– Таныс. Жұмыс істеген адамның алды қашанда ашық болады. Жолы болады.
– Рахмет, аға…
– Күрделі бөлім. Дауы көп жер. Таза жүр. Қағаздарға ұқыпты бол. Протоколдарыңды уақтылы толтырып отыр, — деді министрдің орынбасары. – Жиі-жиі театрға барып тұр. Жаңа премьераларды жіберме. Пікір айтуға үйрен. Жұмысқа уақытымен келіп, уақытымен кетуге қалыптас. Министрлікте редакциядағыдай еркіндік бола бермейді. Қалғанын іс көрсетеді, шырағым. Ал жолың болсын! — деді қолымды қысып. Сол тұста Мүсілім Базарбаев пен Жекеңнің өте бір жарасты, бір-біріне иық тіреп, сенім биігінде жүріп қызмет істегендерінің куәсі болып едім.
Ұлт мәдениетіне өз тараптарынан әрқилы үлес қосқан осындай айтулы ағалардың алқауынан соң және мойынға жүктелген жауапкершіліктерден кейін садақтай иіліп, адырнадай тартылуға тура келді.
Асылы, Жексенбек Еркінбекұлы – негізгі мамандығы ретінде қасиетті қара домбыраны кәсіп еткенімен, бүкіл болмысы, жаратылысы домбырадан басталатын ұлттық музыка аспаптарын, олардың сырын, сымбатын игеріп қана қоймай, жалпығаламдық классикалық музыка әлемін зерттеу биігіне дейін көтерілген тұлға. Арғы-бергі кезеңдерде мәдениет саласын басқарған талай марқасқа мықтыларымыз болған. Мәдениеті мықты елдің тәрбиесі, өнегесі, имандылығы, рухы берік, ұрпағы таза болатынын сол бір басымыз боданда жүрген жылдарда кезекті рет дәлелдеп берген сан мықтыларымыздың бел ортасында Жекең де бар. Менің пайымдауымда, ол кісі лауазым биігіне жай ғана, жадағай кейіпте көтеріліп қоймай, өнерді ішінен тану арқылы және сол өнердің бір саласын толық меңгерген маман ретінде ғана емес, барлық саланың ішкі құбылыстарына сараптама жасаушы қайраткер ретінде бел шешіп араласқан, өнердің қалтарыс-бұлтарысындағы ерсілі-қарсылы құпия ағыстарының иірімін сезіне білген басшы болды. “Лауазымды қызметтемін” деп кеуде керіп, атқосшыларын жіберіп, еліміздің мәдени кеңістігіндегі орын алып жатқан түрлі оқиғаларға емен есіктің арғы жағынан сараптама жасамайтын. Өз көзімен көріп, көңілін сендіріп барып баға беретін.
Ойы ширақ, сөзі қунақ, қашан көрсең жүзінен кісіліктің нұры мен шуағы шашырап тұратын осы бір мінезге бай, жайдары жанның жанында жүрген жылдары біз жоғарыдағы ойымыздың сан рет куәсі болдық.
Театрлардағы жаңа премьералардың, ірі концерттік жобалардың, жаңа көрмелердің төрінде өзі отырып, жалынды, жігерлі, кесімді пікірлерін өзі айтатын. Мәдениет саласындағы көптеген жас таланттарды, жаңа есімдерді қанаттандырып, олардың жұлдызының биік болуына, ұлттық өнердің көкжиегінің кеңеюіне орасан еңбек еткен, ықпал жасаған қайраткер. Қысқасы, театр, музыка, живопись дейтін сұлулық пен музаның ғажайып әлеміне жетелейтін өнер шараларының бірде-бірінен қалмайтын, жақсысына балаша қуанып, ойдан шықпағанына ортайыңқырап, ой-пікірін жасырмай, бүкпей айтып отыратын осынау мінезі таза, елгезек адамды әр көрген сайын өз басым тәубесі мен қанағаты басым кешегі жиырмасыншы ғасырдың адал айларымен, жайдары күндердің көзіндей көретініміз де сондықтан болар... Шамасы, мұндай күйді мен ғана емес, өз тағдырын өнерге балап, театр, әдебиет, музыка дейтін тумысы бөлек әлемге өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдарында араласқан азаматтардың біразы басынан кешетін болуы керек.
Өнердің айрықша өріс жайып, ерекше сипат ала бастаған кезеңінде “жылымық“ тұсауын кескен ой мен парасаттың, білім мен біліктің арыны мықты, ұлт өнері мен әдебиетін, ұлт ғылымы мен мәдениетін биікке көтеретін желкілдеп өскен құрақтай дарыны көп сол бір романтикасы мол кезеңде атқарылған іс пен жаңалықтардың біразының басы-қасында бүгінде дербес зейнеткерлікке шыққан ел ағасы, осы қадірлі Жекең — Жексембек Еркімбеков жүретін. Көбіміздің өмір мен өнер жолымызды дұрыс таңдап, оң бағыт алуына себепкер болған адам да осы Жекең десем, қателесе қоймаймын. Алдына келген адамын құрақ ұшып қарсы алып, қолынан келгенше көмегін көрсетіп, ақыл-кеңесін аямайтын ағаны кім жек көрсін?! Жекең, менің жобалауымда, осындай кең пейілімен, ақжарқын мінезімен елге ерекше ұнаған сирек министр, сезімтал басшы, жігерлі ұйымдастырушы, өз ісіне берік қарымды қайраткер.
Тарихқа айналып бара жатқан кешегі өткен ғасырдың екінші жартысындағы мәдени кеңістіктегі өзгеріс атаулының бірде көшін бастап, енді бірде үзеңгі-бауын түгендеген замандас ағамен таныс болғаныма, міне, қырық жылға жақындапты. Қырық жыл бір адамның оңы-солын танып, арғы-бергіні толық бағамдар уақыт, қажет тұсында елдік мәселелерге араласар шақ. “Жақсының жақсысын айт, нұры тасысын“ дейді атамыз қазақ. Осы мерзім ішінде мен Жекеңді алыстан да, жақыннан да көрдім. Мен ол кісінің күйіп-жанып өзін де, өзгелерді де аямай жұмыс жасатқан, жұмыс жасаған жылдарының куәсі болдым. Қуанса, істің жолға түскені үшін қуанып, ренжісе, істің жүрмегені үшін ренжігенінің де сан куәсі болған адаммын. Жекеңнің Ілияс Омаров сынды ғұлама кісінің қасында жүріп, үлкен мектептен өткен, кінәз бітімді қалпымен еліне ұнаған қарымды қайраткер, үлкен әдебиетші Мүсілім Базарбаевпен, ұлтым десе отқа түсуге әзір тұратын жомарт жүректі Өзбекәлі Жәнібековпен, әйгілі ұлт музыкасы мен өнерін кең өріске алып шыққан халқына қадірлі Еркеғали Рахмадиевпен, үлкен саясаткер, білікті басшы, елін шексіз сүйген Михаил Есеналиевпен, қазақтың көрнекті жазушысы, белгілі мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевпен, идеологиямыздың беделді жетекшілерінің бірі, саңлақ саясаткер, бүгінгі сенатор Қуаныш Сұлтановпен үзеңгілесе, қатар жүріп, мәдениет айдынында, өнер өрінде өнімді еңбек еткен Жексембек Еркімбековтің өмірлік жолы — кешегі қабырғасы қатайған буын үшін де, бүгінгі Тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін де, өнегелі жол екені даусыз. Жоғарыда аты аталған алаш болмысты азаматтардың бәрімен тіл табысып жұмыс істеді. Бұл туралы Жекеңді білетін, Жекеңнің іскерлігін жақсы сезінетін әрбір өнер адамы, мәдениет қайраткерлері ағынан жарылып айтарына еш күмәнім жоқ. Ағаның арлылығын, азаматтығын, кісілігін, іскерлігін көрген мен де солардың санатынанмын.
Сондай-ақ, Жекеңнің тағы бір дегдар қасиетін бөле-жара айтқым келеді. Ол – қайраткер тұлғаның кадр таңдаудағы, кадрларға баға беру жөніндегі көрегендігі. Осы кісінің ағалық ықпалымен, басшылық қызметтегі қайратымен қаншама азаматтар ел игілігіне қызмет етуге жолдама алды. Бір ғана мысал келтірейін. Белгілі мемлекет қайраткері, халықаралық деңгейде түрлі лауазымды қызметтер атқарып келе жатқан, бүгінгі Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев тікелей осы Жекеңнің ұстаздық тәрбиесін көрген азаматтардың бірі. Бұдан бөлек ұлт мәдениетіне өз үлестерін қосып келе жатқан белгілі театр сыншысы, түрлі жауапты қызметтер атқарған, профессор Әшірбек Сығаев, Ұлттық кітапхананың басшысы Орынбасар Исахов сынды көптеген азаматтардың қалыптасуына Жекеңнің жасаған ықпалы аз емес. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені, Жекең өзіне дейінгі ұстаздардың алдын көрді. Дәстүрлі өнер саласында ұлы тұлғалар Ахмет Жұбановтың, Қалқа Жапсарбаевтың, Құрманбек Жандарбековтің, Қанабек Байсейітовтердің өнегелерін тыңдады, ұлттық өнердің өрісін кеңейте жүріп, сол ағалардың тәлім-тәрбиесін бойына сіңіре білді. Даңқты, дауылпаз композитор, өзінің замандас ағасы Нұрғиса Тілендиевпен қатар жүрді, сыр шертісті, өлмес туындыларын өмірге қалай келгенінің куәсі болды. Сондай жүзден жүйрік, мыңнан озған тұлпарлармен сырласа, сыйласа жүріп, Жексенбек Еркінбекұлы өнердің қай саласына болмасын белсене кірісіп, ұлттық руханияттың көкжиегінің кеңеюіне аянбай тер төккен, өнеріміздің өркен жаюына барынша араласқан қайраткер тұлғалардың бірі де бірегейі. Алдына келген жастарға өнерде оң бағыт сілтей білген, ағалық қамқорлығынан ешқашан айнымаған, жаңылмаған ұстаз. Оның өмір мектебі өнерге қалтқысыз қызмет еткен адал жанның басып өткен жолы.
Жекеңнің өзі айтпақшы, іс үстінде бұл кісімен талай кездестік. Көп нәрсеге үйрендік. Даулы пьесалар мен даулы спектакльдердің тұсындағы принципті мәселелерде “басшымын” деп орынсыз шіренген Жекеңді көрген емеспін. Содан ба, “бағынышты едік қой” деп пікір іркуді біз де көп біле қойған жоқпыз… Тыңдай білудің үлкен өнер екенін мен алғаш осы Жекеңнен сезіндім. Және кейбір мәселелерді ашық пікірталасқа сала отырып, істің байыбына барғанды жөн санайтын. Өзі пікірін өткізе білетін және өзгенің пікірін тыңдауға Еркінбекұлының ерік-жігері жетіп артылатын. Сахна өнеріне байланысты мамандарының пікіріне қатты ден қоятын. “Жігіттер, өнердің тағдырына жауап беретін жерде отырсыңдар. Пікір таза болсын. Адал болсын. Әділетті болсын. Талдау кәсіби болсын!” дегенді әркез нығарлап айтатын. “Өнердің обалына қалуға болмайды. Обалына қалған адам оңбайды” – дегенді де мен ең алғаш осы кісінің аузынан естігем.
Жиырма бес пен отыздың арасындағы орда бұзар кездің буы маза бермей, күні-түні ой мен арманның жетегінде жүрген өрімдей жаспыз. Басымыздан сын асырмайтын “сен тұр, мен айтайындар” кілең… Газет-журнал беттерінде театр, өнер туралы мақалалары жиі-жиі жарияланып, алғашқы пьесалары сахна бетін көріп қалған Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Әшірбек Сығай, Баққожа Мұқай, Дулат Исабеков, Роллан Сейсенбаев, Әділбек Тауасаров, Смағұл Елубай, Иранбек Оразбаев, Сұлтанәлі Балғабайұлы секілді жүйріктердің драматургия жанры мен театр сынында алғаш қалам сілтеп, өнер аламанына жаңадан араласа бастаған тұсы. Әзірбайжан Мәмбетов спектакльдерінің дүркіреп, Бәйтен Омаров, Райымбек Сейтметов, Есмұхан Обаев, Маман Байсеркенов, Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Ерсайын Тәпенов, Хұсейін Теміров, Нұрқанат Жақыпбаев, Жанат Хаджиев, Болат Атабаев, Әубәкір Рахимов секілді режиссерлер есімінің ауыздан-ауызға көшіп жүрген шағы. Драматургияда Әбділда Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев, Шахмет Құсайынов, Тахауи Ахтанов, Сафуан Шәймерденов, Қалтай Мұхамеджанов, Садықбек Адамбеков, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Оразбек Бодықов пьесалары театрлар репертуарының көркіне айналған кез. Қазақ операсы мен балеті, хореографиясы мен эстрадасы жасарып, жаңғырып, ел құлағы елеңдеп тұрған кезең… Қысқасы, көктемгі құлпырған жауқазындай дүр етіп көтерілген ұлттық өнеріміздің өзгеше рең алып, тынысы кең ашылған, руханиятымыздың бағы өрлеген осындай бір кезеңде Жексембек Еркімбеков Мәдениет министрлігін басқарды. Ол жаңа үрдістердің көшін түзеп, керуенін бастаған санаулыларымыздың бірі болды. Ол республика басшылығының өнер мен әдебиетке деген айрықша көзқарасын мәдениет пен өнердің пайдасына ұтымды пайдалана білер басшы екенін дәлелдеді. Жекең он жыл орынбасар, он бір жыл министр болған кезінде мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтер қомақты жұмыстар жасады. Өнер басқарудың әдемі үрдісін қалыптастырды. Әріптес інілерінің құрметіне бөленді. Қатарына сыйлы, абыройлы, беделді болды.
Бүгінде тұрлаулы тарихқа айналып бара жатқан өткен ғасырдың қойын-қолтығын қиял құсымен кезген сайын жүректің шымырлағанын, көңілдің толқығанын, ойдың қозғалғанын жасырғым келмейді. Өткен деуге ауыз барып, көңіл қимайтын жылдар тасасынан таныс-бейтаныс жүздер көрінеді. Қасиетінен айналайын Алатаудан соққан саф самалға бау-бақшалары мен кең көшелері көкірегін кере, құшағын ашқан Алматы көгінен алпысыншы, жетпісінші жылдардың жүрекке жылы әндері алма-кезек төгіліп, әлде бір сұлу нақыш аспаннан саулап жатқандай болады…
Айрықша десе, дегендей кезең еді ғой. Бірінен соң бірі жарыса тұсауын кесіп, ұлт кеңістігін өздерінің соны бітімді кескін-келбеттерімен, өзгеше түр-сипаттарымен, өрісті мағына-мазмұндарымен байыта түскен “Гүлдер” ән-би ансамблі, бүгінде белгілі өнер саңлағына айналған Болат Аюхановтың “Алматының жас балетінің” өмірге келуі, қазақ ұлттық эстрадасының алтын дәуірін жасаған даңқты “Дос-Мұқасан” ансамблінің қалыптасуы, классикалық музыканың өлшеусіз биікке көтерілуі, ондаған қазақ театрларының қатарының толығуы, қазақ режиссурасында жаңа есімдердің пайда болуы, Қазақтың ұлттық циркі, бұдан да өзге сандаған өнер ордаларының өмірге келуі дәл осы кезеңнің еншісіне тиді емес пе?! Ұлы композиторымыз Нұрғиса Тілендиевтің басқаруымен құрылған “Отырар сазы” ұлт аспаптар оркестрі де осы жетпісінші жылдар ішінде тыңдаушысын алғаш тамсантқанын қалай ұмытуға болады?!. Қазақ ән өнерінің шексіздігін үлкен сахналарға алып шыққан Әлібек Дінішев, биші Рамазан Бапов, ұлттық ән өнеріміздің жаңа тынысын ашқан Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Қажыбек Бекбосынов, тағдырлы әнші Амангелді Сембин, қазақ күй өнерінің керегесін кеңейткен Қаршыға Ахмедияров, Шәміл Әбілтай сынды бірегей таланттардың қанаттары қатайған шақ та сол жетпісінші жылдардың қолтығында болатын. Қазіргі қазақ эстрадасы мен классикалық музыкамыздың, бабы бөлек балет өнерінің абырой-беделін әлем алдында көтеріп жүрген жұлдыздарымыздың дені осы кезеңнің төл перзенттері. Солардың ішінен Жекеңнің қамқорлығын көрмегені, батасын алып, ықыласына бөленбегені, әй, қайдам, жоқ шығар?!.
Кешегі Кеңес Одағы тұсында өнер саласына қатысты тың идеяларды, толғағы жетпей тұрған мәселелерді мәдениеттің басында отырған басшылар жоғарыға дәлелімен, дәйегімен, нанымымен, сенімімен жеткізе алса көздеген мәселе өз шешімін тауып жататын. Өйткені, бар түйткіл мұнаралы Мәскеуге барып тірелетін. Ал осындай күрмеуі қиын жағдайлардың шешімін табу үшін ел тізгінін ұстаған ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаев, мәдениеттің құлағында отырған Ілекеңдер, Мүсекеңдер, Жекеңдер, оның алдындағы ағаларымыз, кейінгі замандастарымыз осындай миссияны ұлт алдында, ұрпақ алдында абыроймен атқара білгені өткеннің ақиқаты.
Жетісудың шұрайлы төрі — Қаратал өңірінде өніп-өсіп, ұлт өнерінің өрінде көгеріп-көктеген, жұдырықтай жүрегіне қазақ есімді халықтың бар рухани келбетін тұтас қалпы қондыра білген, оркестрдің қатардағы кәсіби домбырашысынан — ұстаз, хореография училищесінің директоры, Қазақ радиосында музыка редакциясының көркемдік жетекшісі, ән-би ансамблінің директоры, орталық партия комитетінде мәдениет секторының жетекшісі, Абай атындағы академиялық опера және балет театрының директоры, Мәдениет министрлігіндегі бас басқарманың бастығы, Мәдениет министрінің орынбасары, Мәдениет министріне дейін көтерілген, “ескінің соңы, жаңаның басы” бола жүріп көп іс тындырған, еліне қызмет еткен адамның сабырлы қалыбын танытар сара жолы, міне, осындай.
Өмірдің күнгейлі-теріскейлі, өрлі-қилы белестерінде ұлтқа қызмет ете жүріп, отының басының жылуын бір сәтте бәсеңсітпеген кеңжүрек, мейірімді жаратылыс иесі Жекеңнің отбасынан тәрбие мен тағлымы мол жылылықты әркез аңғаруға болады. Әлима жеңгеміз екеуінің жұптары жазылмай жарасып жүргенінің өзі бір ғанибет! Нағыз зиялы жандарда ғана кездесетін осындай ізгі махаббатқа құрылған қарым-қатынас кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатынын ылғи сезініп келеміз. Белгілі композитор, Композиторлар одағын бірер жыл басқарған Серік Жексембекұлы есімді азаматты тәрбиелеп өсіріп, қанаттандырып, елге қызмет ету деңгейіне алып шығудың өзі – ұшқан ұяның тәрбиесінің кеңдігін, кеңістігін көрсетсе керек. Ағаның ұрпағын, немерелерін ұлттық рухта, қазақы дәстүрде тәрбиелеуі де бүгінгі ат үстінде жүрген кейбір азаматтарымызды ойға қалдыруға керек-ақ...
Құндылықтардың орын ауысып жатқан кезеңіне табан тіредік. Замана ағысы, жаһандану қалыптастырған үрдістер адам баласын түрлі таңдаулардың ұйығына салып қойғаны уақыт бедерінен айқын көрінеді. Мінездер, болмыстар, ішкі бағамдаулар, сыртқы келбеттер, тұлғалық кейіптер, бағалаулар, тіпті қарым-қатынастар өзгеріп жатқанын көзіміз көріп отыр. Менің пайымымда, батысың – шығысқа, түстігің – теріскейге айналып, аласапыран болып, кейбір шақта жекелеген тұлғаның жандүниесінде шарпысып жатқан түрлі психологиялық күйзелістерден алып шығатын үш қасиет болуы мүмкін деп ойлаймын. Ол – ең бірінші, қоршаған ортаңа, өз қоғамыңа деген адалдық, екінші, сол қоғамға пайда әкелер кәсіби деңгейің мен білігің, білімің, үшінші, бойыңдағы осы қасиеттерге тірек болар ең бастысы – табандылық! Сан белестерден сабырын жолдас етіп әдемі өтіп келе жатқан мен білетін Жекеңнің бойында осы қасиеттер ешуақытта қалғыған емес. Кез-келген ортада, керек пе, өзінің биігіне шығып білімділігімен елдің пысын баса алады, керек пе, бетегеден биік, жусаннан аласа, қалыпты мәдениеттіліктің өрісінен көрініп келеді. Көптеген таланттарға қамқор болған, ұлттық мәдениетке өлшеусіз еңбек сіңірген Жекең әлі күнге дейін қазақ өнерінің бағыт-бағдарын бағамдап, таразылап отырады. Кез-келген жаңа премьераларда, үлкенді-кішілі өнер иелерінің концерттік шараларында, айтулы тұлғалардың меретойларының төрінде жүреді.
Бұл өмірді өнер арқылы тануға, мына құбылған дүниенің тылсым сырларын өнер көзімен көріп, бағалауға дағдыланған адамның тағдыры. Бұл — төрге таласпайтын, өрге асықпайтын, біреу туралы сыртынан бөтен сөз айтпайтын, кішілігінен кісілік аңғарылып тұратын, ойы қалай биік болса, жаны да солай таза, жүрегі қалай кең болса, жаратылысы да солай кіршіксіз жанның тағдыры. Адал адамның, күрескер жанның, ұлт өнеріне орасан еңбек сіңірген кісілік иесінің, халқының құрметіне ие болған қайраткер тұлғаның тағдыры!
Бүгінде сол бекзат болмысымен өмірін өнерге есепсіз арнап келе жатқан адал, ақжүрек жанға сүйсініп отырып: “Абырой дейтін олжаңыз қашанда ортаймасын, аға!“ дегім келеді.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.