Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың стратегиялық маңызы зор. Ол ең алдымен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» компаниялары іске асыратын қаржыландыру бағдарламаларының тиімділігі жоғары.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің хабарлауынша, 2021 жылы агроөнеркәсіп кешенін «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» арқылы қаржыландыру көлемі 464 млрд теңгеден асқан. 2020 жылмен салыстырғанда қаржыландыру 4 пайызға өсті.
Өткен жылы қолдау шараларына 23 мыңға жуық кәсіпкер ие болған. Қаржыландыру көлемінің 96 пайыздан астамы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне берілді.
«Кең дала» нысаналы кредит беру бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге бөлінді. Бұл шамамен 3,6 млн гектар аумақта егіс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді.
«ҚазАгроҚаржы» лизингтік бағдарламалары бойынша ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыру көлемі 140 млрд теңгеден асты (жылдық өсім – 28 пайыз). Бұл 7,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жол ашты. Осылайша, көрсеткіш 2020 жылғы көлемнен асып түсті. 2020 жылы 6 мың бірлік техника лизингке алынған еді.
Аграрлық секторда бәсекеге қабілетті өндірістік базаны дамыту үшін 2021 жылы жалпы құны 71,8 млрд теңге болатын 46 жоба қаржыландырылды. Оған 53,8 млрд теңге кредит берілді. 53,1 млрд теңге кредит берілген, құны 71,3 млрд теңге болатын 43 жоба пайдалануға берілді. Енгізілген жобалар жеміс, шырын, ет және сүт өнімдері, өсімдік майлары, көкөніс және тағы басқа өнім түрлерін өндіруге бағытталған.
Агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне екінші деңгейлі банктер беретін кредиттерге кепілдік беру бағдарламасы жалғастырылды. Ол қарыз алушыда кепілдік жетпеген кезде инвестициялық жобаларды енгізуге ықпал етеді. 1,6 млрд теңгеге 7 кепілдік берілді. Осылайша, ауыл шаруашылығына 3,2 млрд теңгеден астам сомада банктік қарыз тартылды.
Ұйым құрылымын оңтайландыру шаралары шеңберінде 2021 жылы «Бәйтерек» холдингі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорын» «Аграрлық несие корпорациясына» қосу жұмысын аяқтады. Бұл өңірлердегі филиалдық желі арқылы фермерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша кредит беруге мүмкіндік береді.