62 мыңнан астам қазақстандық студент жатақханаға мұқтаж. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақстанда 62 мың студент жатақханаға мұқтаж. Алматының өзінде 20 мыңнан астам студент баспана іздеп жүр», деді Алпамыс Сатыбалдин.
Ол сондай-ақ, өткен жылы кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен Алматыда 1 272 төсек-орынға арналған сегіз жатақхана салғанын айтты.
«Бұл тікелей жергілікті бюджет есебінен емес, жеке кәсіпкерлердің қаражатына салынған жатақханалар. Биыл Алматыда тағы бірнеше жоба іске қосылады. Ірі құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Егер ЖОО мен инвесторлар арасындағы барлық келіссөздер сәтті аяқталса, онда тек бір ЖОО үшін 15-ке жуық жаңа нысанды енгізу жоспарлануда. Бұл жобаға басқа ЖОО-лар да қатысады», деді спикер.
Алпамыс Сатыбалдин Қазақстанда жер телімдері бар, бірақ құрылысқа қажетті қаражат таппаған жоғары оқу орындары бар екенін айтты.
«Бұндай жағдайда инвестор мен ЖОО консорциум шартын жасасады. Инвестордың ақшалай қаражаты мен ЖОО-ның жер учаскесін пайдалана отырып, бірлескен үлестік меншік құрылады, ол шарттық қатынастармен реттеледі. Бұл жағдайда біз де қаржыландырамыз», деді Сатыбалдин.