Украина төңірегіндегі геосаяси шиеленістің ушығуы теңгеге қалай әсер еткені туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтып берді.
Украина төңірегіндегі жағдайдың одан әрі ушығуы және геосаяси тәуекелдердің ұлғаюы аясында қаржы нарықтарының құбылуы күрт өсті. Ресейге қарсы санкциялардың күшеюін күту және жаһандық инвесторлардың Ресей активтерінен бұдан былайғы шығуы Ресей рубліне қысым көрсетуде.
Соңғы тәулікте рубльдің әлсіреуі 4%-дан асты. Рубль 80 межесіне жетіп, қазіргі уақытта бір доллар үшін 80,5 рубль деңгейінде саудалануда. Ресейлік MOEX акцияларының индексі алдыгүні 10,5%-ға төмендеп, кеше сауда-саттық ашылғаннан кейін 5%-ға жуық төмендеді.
Әлемдік қаржы нарықтары ахуалдың одан әрі даму белгісіздігінің артуына қатты әсер етті. EURO STOXX индексі 2,17%-ға, DAX индексі 2,07%-ға төмендеді. Алтынның бағасы бір унция үшін 1 906 долларға дейін өсті.
Барлық әлемдік және жергілікті нарықтарға әсер ететін негізгі сауда әріптесі нарығындағы ахуалды ескерсек, Қазақстанның қаржы нарығы үшін де тәуекелдер өсті. Рубльдің әлсіреуі теңгеге қысым көрсетуде. Кешегі сауда-саттық ашылғаннан бастап теңге бір доллар үшін 426,5 теңгеден 437,80 теңгеге дейін 2,6%-ға әлсіреді.
Ақпан айындағы салық аптасының аясындағы экспорттаушылардың сатуы және кейбір кездерде 98-99 белгісіне жеткен, бір баррель үшін 92-97 доллар ауқымында сақталып отырған мұнайдың жоғары бағасы теңгеге қолдау көрсетуде.
Күрт өскен құбылмалылық аясында ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздануын болдырмау үшін Ұлттық банк кешегі сауда-саттық барысында аздаған валюталық интервенциялар жүргізді. Қазіргі уақытта сауда-саттықтың жалпы көлемі 155 млн доллар болған кезде олардың көлемі 33 млн долларды құрайды. Бұл барлық сауда-саттықтың шамамен 20%-ы болады.
– Ұлттық банк өзгермелі айырбастау бағамы қағидатын ұстануда. Біз қаржы нарықтарындағы ахуалды, атап айтқанда Украинаға байланысты жағдай бойынша оқиғалардың дамуын бақылап отырмыз. Нарықтардың бұдан былайғы серпіні көбінесе санкциялардың сипаты мен себептеріне және олардың РФ экономикасына тигізетін әсеріне байланысты болады, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.