«Өмір бар жерде – өлім бар». Өлімді жерде жаға жыртысқан дау болмаса да, оқтын-оқтын кереғар пікірлер болып тұрады. Бірі марқұмды о дүниеге шығарып салу рәсімінде дастарқанды тойдағыдай жайнатып, тәтті-дәмдісін тосқысы келсе, енді бірі марқұмның басына күмбез тұрғызғысы келеді. Мұның бәрі ысырап. Өскемен аймағы ақсақалдарының VI форумында осы салттық рәсімдерді бір арнаға түсіру жөнінде сөз қозғалды.
Жоғары оқу орнының қабырғасында өткен «Ислам-ынтымақ және бірлік діні» жылы: мақсат, міндеттер, ақсақалдардың орны мен рөлі» атты форумда ұлттық құндылықтар төңірегіндегі мәселелер жан-жақты сараланды. Дәстүрлі жиында дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту, жерлеу, салттық рәсімдерді бір арнаға түсіруді насихаттау жөнінде сөз қозғалды. «Қазақ қоғамында және дәстүрлі тәрбиеде ақсақалдардың рөлі зор екенін білеміз. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді қазақ. Бұл жолғы форумның басты мақсаты – елді ынтымаққа үндеу және өлім-жітімдегі рәсімдеріндегі дәстүрді бірізділікке түсіру. Республикалық ІV имамдар форумында айтылған осы бағыттағы ұсыныс-пікірлерді ескеріп, насихаттауымыз да керек. Жерлеу дәстүрін бірізділікке түсірудің маңызын да ортаға салып, ақсақалдардың пікірлерін тыңдауымыз керек», деді облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имам Ермек қажы Мұқатай.
Бас имам ҚМДБ жанынан «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығы құрылып, жерлеу рәсімдерін ел көлемінде бір жүйеге түсіру жөнінде Өскемен аймағында жұмыстардың қолға алынғанын атап өтті. Рас, Өскеменнің іргесіндегі мұсылман зиратында қоршаулар бір үлгіде қаланып, бір типтес тақта тастар қойылады.
Жиында бірқатар қария көтеріліп отырған мәселеге байланысты өз ойларын ортаға салып, тағы да ұсыныстар білдірді. Атап айтқанда ақсақалдар кеңесінің төрағасы Манарбек Мұхамеджанов өз сөзінде ҚМДБ тарапынан ақсақалдар институтын қолданысқа енгізіп, ұлттық құндылықтарға басымдық беруге талпынып отырғандығы құптарлық бастама деп атап өтті. Ал Қазақстанның Мәдениет қайраткері Нәбиолда Кемешев өлімді жерде ысырапшылдықты әлі де азайту керектігін сөз етті. «Жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіріп, ысырапқа жол бермей, бұрынғы салт-дәстүрді жаңғыртуымыз керек. Қазірден бастап, осы мәселені түбегейлі реттейік. Марқұмды шығарып салу рәсімі байлық жарыстыратын форматта емес, өткен адамға құрмет көрсетудің өнегесін көрсету бағытында болғаны дұрыс. Мысалы, «Халифа Алтай» мешітінің қатымханасында тағам түрлері ықшамдалды», дейді Нәбиолда Кемешов.
Форумда сөз алған қариялар салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында істеліп жатқан жұмыстарға өткен жылдардағы форумдардың да ықпалы бар екенін айтып өтті.
Шығыс Қазақстан облысы