Бүгінде елімізде тұрғындардың баспаналы болуына арналған мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Бұл орайда, әр өңірде құрылыс қарқын алып, тұрғын үйлер көптеп салынуда. Тараз қаласында да жыл сайын мыңдаған шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, қарапайым халық қоныс тойын тойлауда. Алайда соңғы кезде көне шаһардағы тұрғын үйлерге жиі сын айтылады. Әрине, көпшілік үшін үйдің санынан гөрі, сапасы маңызды. Талай жыл табанақы, маңдай терімен жинаған ақшасына алған пәтерінің сапасыз болғанын ешкім де қаламайды.
Соңғы жылдары Тараз қаласынан 15-шағын аудан бой көтеріп, көптеген тұрғын үйлер салынды. Мұндағы баспаналар да тиісті мемлекеттік бағдарламалар арқылы түрлі әлеуметтік топтарға берілді. Бастапқы пәтерлер берілген кезде көптің қуанышында шек болған жоқ. Себебі барлық талапқа сай салынған үйлер талай тұрғынның түйткілді мәселесін шешті. Көпке баспана бақытын сыйлады. Кейіннен үйлердің сапасыз салынғаны туралы шағым көбейді. Бұл негізсіз де емес еді. Мұның зардабын әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі баласы бар көптеген отбасы көріп келеді. Сол сияқты аталған шағын аудандағы №1025 көпқабатты тұрғын үйдің иелері де баспаналарына кіре алмай отыр. Көпшіліктің кілті қолда болғанымен, көңілдерінде алаң. Олай болатын себебі де бар. Бұл үй тұрғындарға жаңа жыл қарсаңында берілген. Бірақ үйде əлі күнге дейін жарық пен жылу жоқ. Одан бері екі айға жуық уақыт өткенін ескерсек, тұрғындар базынасының орынды екенін көреміз. Бұдан бөлек, үйдің есік-терезелері де дұрыс салынбаған. Аталған үйдің құрылысын «Бірлік сервис компани» ЖШС жүргізген. Алайда әкімдік бөлген қаражат мардымсыз болған ба, әлде аталған компанияның жауапкершілігінің аздығынан ба, әйтеуір нысанның сапасы көңіл көншітпейді. Ал талай жыл табанынан тозып, тиісті қаражатын жинап, баспана алып отырған көпшілік бұған наразы.
Сондай тұрғынның бірі – Зульфия Күлімбаева. Мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған жалғызбасты ана жылудың жоқтығынан өз пәтеріне өзі кіре алмай отырғанын жеткізді. «Мен осы үйді көп күттім. Қалада он жылдан бері пəтер жалдап тұрып келемін. Енді пəтерлі болдым ба дегенде өз баспанама кіре алмай, пұшайман күй кешіп отырмын. Алған пəтерімізде кемшілік көп. Пәтердің суы да, жарығы да қосылмаған. Мен денсаулығы жоқ баламды мұнда қалай алып келемін? Қалалық əкімдікке де барып шағымымызды айттық. Құрылысқа жауапты Тараз қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Алиасқар деген жігіт келіп, уəдені үйіп-төгіп кетті», дейді ол.
Сондай-ақ бес баланың анасы Индира Айтбаева да алғаш пəтер алғанына қуанған жандардың бірі. Ол тіпті сүйінші хабарды естіген бойда осы күнге дейін жалға алып тұрып келген пəтерін өткізіп, көшуге асығыпты. Алайда оның да қуанышы ұзаққа созылмаған. Енді екі айдан бері пəтеріне көшіп келе алмаған соң, 90 мың теңгеге қайтадан пəтер жалдап әбігерге түсіп отыр.
«Қолымызға пəтер кілтін ұстатқан күннің ертеңіне-ақ біз көшуге дайындалған едік. Бірақ бізді үйдің сапасы, одан кейін жарық пен жылу ұстап отыр. Жарыққа барсақ «құжат өткен жоқ» дейді, жылуға барсақ «жылу келіп тұр, бірақ сорғы жоқ» дейді, əйтеуір сылтаулары бітпейді. Үйдің сапасы төмен. Есік-терезелері де қалай болса солай салынған. Бізде ортақ чат бар. Ол жерде 40 адам тіркелген. Бәрі де үйдің сапасына наразы. Біз басшылардың бәрін қостық сол жерге. Келеді деп бәрі бір-біріне сілтейді. Олар келгенмен ештеңе бітірмейді. Шыдамның да шегі бар», дейді Индира Айтбаева.
Ең соңында осы үйден пәтер алған Әділ деген сантехник «кінәлі» болып шыққан. Ол болса жалғыз өзінің қолынан ештеңе келмейтінін айтып, шарасыз күйде отыр. Ал сантехниктің бір өзі бүкіл үйдің жұмысын тағы істей алмайтыны айтпаса да түсінікті.
Жаңа тұрғын үйдегі жұртшылықтың жанайқайы осы. Қарапайым тұрғындарды жауапты шенділер тыңдаудан қалған. Ал көпшілік мәселенің шешілмей келе жатқанына күйінеді.
«Мұндағы көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылар пəтерлеріне кілттің жоқтығынан емес, жарық пен жылудың, су мен газдың берілмегендігінен кіре алмай отыр. Сонымен қатар сапасыз құрылыс жұмыстарына наразылықтарын білдіруде. Бұл мəселені əлеуметтік желіде қозғап, билікке де жеткіздік. Тараз қаласының əкімдігі мұндағы кемшіліктерді бастапқыда 15 ақпанға дейін қалыпқа келтіреміз деп уəде берген. Енді 28 ақпанға ұзартып отыр. Пəтер кілті тапсырылғаннан бері қала билігі құрғақ уəде беруден аса алмауда», дейді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Исламбек Дастан.
Ал Тараз қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Алиасқар құрылыс компаниясына кемшіліктерді жою туралы тапсырма берілгенін, аталған кемшіліктер ретке келтірілетінін айтты.
«Қаланың 15-шағын ауданындағы 80 пəтерлі №1025 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Жоба аясында 5 қабатты тұрғын үйдегі пəтерлердің жалпы алаңы 4 625,30 шаршы метрді құрайды. Үйдің бір бөлмелісі 15, екі бөлмелісі 45 және үш бөлмелісі 20 пәтер. Оның құрылыс жұмысын мердігер сегіз айда тәмамдаған. Тұрғындардан түскен арызға сәйкес, «Бірлік сервис компани» ЖШС-ға аталған тұрғын үйдегі кемшіліктерді тез арада қалпына келтіру бойынша ескерту хат жолданды. Қазіргі таңда, серіктестіктің он жұмысшысы іске кірісті», дейді ол.
Қазіргі таңда аталған мәселе Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың бақылауында. Ол аталған шағын аудандағы №992 және №997 көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайымен де танысып, тұрғындарымен кездескен. Әкім өз кезегінде жауапты тұлғаларға көпқабатты тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарын белгілі мерзімде аяқтауды тапсырып, жеке өз бақылауына алатындығын айтқан. Күрмеуі қиын күрделі мәселе алдағы уақыттарда оңынан шешіледі деген үміт бар...
Жамбыл облысы