Еліміз бойынша 2021 жылы мерзімді әскери қызметке шақырудың қорытындысы шығарылды. Өткен жылы Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына 32 мыңнан астам азамат шақырылған.
Елордада Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Марат Құсайыновтың басшылығымен кеңес өтті. Оған Қауіпсіздік Кеңесінің, Бас прокуратураның, күштік құрылымдардың, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, әкімдердің орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің бастықтары қатысты.
Жиында белгілі болғандай, 2021 жылы Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына 32 мыңнан астам азамат шақырылған. Бұл күштік құрылымдардың бөлімшелерін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің қажетті санымен жасақтауға мүмкіндік берген. Әскерге шақырылушылар шақыру пунктерінде және әскери бөлімдерге келгеннен кейін денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында COVID-19-ға ПТР-зерттеулер жүргізді.
Бүгінде әскерге шақыру жасындағы жастар гаджеттерге шамадан тыс құмарлыққа, теңгерімсіз тамақтануға байланысты және қозғалыстың аздығынан бірқатар аурудан зардап шегеді делінген медициналық комиссия келтірген мәліметтерде. Алғашқы медициналық куәландырудан кейін олар қосымша тексеруге жіберіледі. Сонымен қатар қазіргі уақытта кандидаттарды куәландыру жұмысының сапасын арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне қол жеткізу мәселесі шешілуде.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың мерзімді әскери қызмет атқаруға ынтасын арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде Қорғаныс министрлігі бірқатар ұсыныс әзірледі. Олар әскерге шақырылушылар мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдауға қатысты болып отыр. Қорғаныс ведомствосы азаматтардың мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде оларға кредиттер мерзімін ұзартып беруді, білім беру секторында жеңілдіктер қарастыруды, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне коммуналдық қызметтерге ақы төлеу кезінде жеңілдіктер беруді ұсынды.
Бас штаб бастығы әскерлерді жас сарбаздармен уақтылы және сапалы жасақтауға, әскерге шақыру және медициналық комиссиялар жұмысының сапасын жақсартуға, сондай-ақ орын алған өзекті мәселелерді шешуде бірлесіп шаралар қабылдауға назар аударды. Одан өзге, алдағы көктемгі әскерге шақыру міндеттері де белгіленді. Биыл Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны 1 наурызда басталып, маусым айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын 18-27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық жасөспірім толықтырады деп күтілуде.