• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2010

ҚАРАШЫҒАНАҚ ДЕМЕУШІЛІГІМЕН

716 рет
көрсетілді

“Қарашығанақ мұнайгазконденсаты” кен орны туралы негізгі келісімнің өнім бөлімінде “Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.” (КПО) халықаралық консорциумының жұмысындағы технологиялық аспектілерден өзге Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік дамуында инвесторлардың қатысуы туралы да анықталған болатын. Осыған байланысты жыл сайын КПО әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға миллион доллар ақша бөледі. Дегенмен, көптеген жобалар құжатта көрсетілген келісім-шарттар шеңберіне сыймай қалып, айтылмай жатады. Мысалы – демеушілік қызметі. Консорциум демеушілік қызметті де белсенді алып жүруде. Мерекеге сый жасалу қалыптас­қан дәстүр. Оған қоса мәні мен маңызы үлкен мереке болса, орны ерекше екендігі тағы бар. Өндіріске жақын Бөрлі ауданының ауылдық жерлерінде тұратын 20 Ұлы Отан соғысы ардагері мен тыл еңбекке­ріне шетел фирмалары альянсы сана­торийлерге жолдама сыйлады. Таза ауа, жарқыраған күн және су. Бұның бәрі демалыс орнының тура мағы­насындағы құрамдас бөліктері болып табылады. Біз әңгіме ететін осы демалыс орнында шынында да таза судың шипалы қасиеті кез кел­ген дәрі мен микстураны алмас­тыра ала­ды. Санаторийдің атауы да су аты­мен бірдей “Ақжайық” деп аталады. Әдеттегідей “Оралдық” деп ата­латын бұл демалыс орны әуелгіде басқа демалыс орындарынан еш­қандай айырмасы жоқ болатын. Уақыт өте келе, 80-ші жылдардың ортасында сирек минералды сулар­дың көлемді қоры табылған соң күр­делі жөндеуден өткізіп, санато­рий-курорт мәртебесін алды. Дағ­да­рыс қиындығы “Ақжайықты” да ай­налып өтпеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана облыс әкімі Бақ­ты­қожа Ізмұхамбетовтің бастама­сымен және тікелей қатысуымен оның екінші ашылуы болды. Об­лыс­тық бюджеттен қаржы бөлініп, оған жаңадан тұрғын және емдеу кор­пустары салынып, аумағы абат­тан­дырылды. Ең бастысы – “Ақ­жай­ық” Оралдың сол жаға­лау­ындағы салынып жатқан “Қара­шы­ғанақ-Орал” газ құбырынан бірінші рет табиғи газ тартылды. Өңір үшін үлкен маңызы бар осынау ірі кө­лемді жобаның жүзеге асырылуына тапсырыс беруші “Қарашығанақ Пет­ролиум Оперейтинг Б.В.” екен­дігін айта кету керек. Осынау жаңғырулар мен жа­ңалықтар тұрғысынан қарағанда са­на­торий КПО-ның кен орны пе­риметріне қарай орналасқан ауыл­дар­да тұратын ардагерлердің дема­лысы мен сауығуына арналған тен­дерін ұтып алуы заңды да. КПО-ның тұрғын халықпен жұмыс істеу бөлімінің маманы Ақмарал Әділо­ваның айтуынша, инвесторлардың аталмыш демеушілік бағдарламаны қолдап келе жатқандығына қатары­нан 6 жыл болып қалыпты. Осы жылдарда сауықтыру орны өзінің бәсекеге қабілеттілігін іс жүзінде талай дәлелдеді. Ал ондағы ұжым сапалы медициналық қызметтер ұсынады. Сондықтан қариялар бұл жерде 3 апта бойы тек қана тиімді ем алып қана қоймай, өмірлік күш пен сергектік арқылы, ширайды, тыңая түседі. Биыл жоба өз шең­берін кеңейтіп, мұғалімдер үшін де 40 жолдама сатып алынды. Бала­қайлардың жазғы демалысын дұрыс қам­тамасыз ету де КПО-ның тұрақ­ты тәжірибесіне еніп отыр. Оқу үздіктері мен озаттарына қоса, мұн­да көп балалы және аз қам­тыл­ған отбасылардың балалары кіреді. Ал ардагерлер – ерекше қамқор­лыққа алынады. Үстіміздегі жылы олардың 30 астамы Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында КПО тарапы­нан сыйлықтарға ие болды. Ком­пания Бөрлі ауданының естелік кітабының жарық көруіне көмек­тесті. Белгілі дата күнін тойлауда мү­гедектер қоғамы ұйымына кө­мек­тесіп, Ұлы Жеңістің 65 жыл­дығына орай Зеленов ауданының Щапов кентінде ашылған мемо­риальды ескерткіш кешенін күрделі жөндеуден өткізіп берді. КПО өкілдері ардагерлерді үй­ле­рінен сауықтыру-емдеу орнына апа­рып-әкелуді де өз мойындарына ал­ған. Бұл 200 шақырымды құрай­ды. Бұл жолы Березовка кентінен кел­ген 20 адам демалып қайтса, олар­­дың орнына Жарсуат ауылы­ның тұрғындары келді. Қалыптас­қан дәстүр мерекелік шараға ай­на­лып кеткен секілді, үнемі кон­церт­тік бағдарламалармен қоса жүреді. Әркез олардың сөздерінде Қарашы­ғанақ әкімшілігі мен “Ақжайық­тың” медицина қызметкерлеріне де­ген зор алғыс сезіледі. Соңғы жы­л­дары қызметтің барлық түрі жақсарып келе жатқанын сана­то­рий директоры Қайдар Базарәлиев те жоққа шығармайды. Ол “Ақ­жайық” көрсететін медициналық қызмет сапасы тек еліміздің ғана емес, сырт елдердегі санато­рий­лер­мен бәсекеге түсе алатындай дең­гейде екендігіне шүбә келтірмейді. КПО-ның демеушілік бағдар­ла­маларында жергілікті тұрғындардың талап-тілектері де ескеріліп оты­рады. Демеушілік комитеті жұмыс жасайды, олар сауалнамалар жүр­гі­зіліп, жалпылама тыңдаулар өт­кізіледі. Аталмыш ауылдарда ар­найы кеңестер құрылып, ком­па­ния­мен тікелей байланысатын бол­ды. Кеңеске ауылдың құрметті азаматтарымен және қарияларымен қоса, КПО өкілдері кіреді. Мұндай тығыз қарым-қатынас халықтың маңызды деген проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Оған қоса, әрбір жобаның тиімділігі, мақ­саттылығы есептеліп, пайдалы жұ­мыстың коэффициенті болжа­на­ды. Мысалы, қазіргі таңда эко­но­микалық қатысуы арқылы аграр­лық бизнесті дамытудың жаңа бағ­дарламасы қолға алынуда. Кейбір мектептерге және білім беру орын­дарында жөндеу жүргізуді қаржы­лан­дыру мен автобуспен қамтама­сыз ету жоспарлануда. Кен орнына таяу орналасқан ауылдарда “Со­лақай” көшпелі өнер мектебі үлкен танымалдылықпен қолданылуда. Ауыл балаларының таңдауында да шек жоқ. Бұлар – сурет, сазбал­шық­тан мүсін жасау, мүсін, кәде­сый дайындау, тоқу, тоқыма, тігін тігулер. Басқаша айтсақ, “патша кө­ңілің білсін” қағидатын ұста­на­ды, яғни әркім өз қалағанымен айналысады. Ауыл тұрғындары бұл бағдарламаны өте сәтті шыққан деп есептейді. Көшпелі мектептің тә­жірибесін ескере отырып, КПО ағ­ылшын тілін факультативті оқытуға мүмкіншілік қарастырылуда. 2009 жылы КПО 45 ұйымға қол­дау көрсетті. Негізгі басым ба­ғыт – балалар мен аға ұрпақты қамқор­лыққа алу болып табылады Осы орайда, ардагерлерді сауық­ты­ру мен демалысын ұйымдастыру ең ұзақ мерзімдік жобалар санатына кіреді. “Біздің алға қойған мақсатта­рымыз – үлкен, жоспарларымыз – көп”, – дейді “Ақжайық” дирек­торы Қайдар Базарәлиев. “Тағы бір корпусқа жөндеу жүргізілуде. Ол бітсе жерлестерімізді отбасылық демалысқа да шақыра алатын бо­ламыз. Бірақ бізде демалушы­лардың көпшілігі үлкен жастағы адамдар. Мен өз қызметкерлеріме ардагерлерге өз ата-аналарыңдай қарап, мәпелеңдер деп айтудан жалықпаймын. Өйткені, жақсы көңіл-күй де емнің бір түрі”. Венера ТҮГЕЛБАЙ.