• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2010

“СПОРТ ТЕК ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЕМЕС, СОНЫМЕН ҚАТАР ТӘРБИЕ”

5332 рет
көрсетілді

Мемлекеттің ең басты құндылығы адам ресурсы десек, ал адам денсаулығы – қоғамның өлшеусіз байлығы. Баршаға аян, Елбасы биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласына, оның ішінде саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру мәселесіне үлкен ден қойып, жаңа міндеттерді алға тартты. Әрине, Жолдаудың орындалуы ең алдымен жергілікті жердегі атқарушы органдардың, мекеме басшыларының осы бағыт-бағдардағы жүргізіп отырған саясатына тікелей байланысты. Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Махамбет БЕЙДАЛИМЕН әңгімеде аудандағы осы бағытта атқарылып жатқан нақты шаралар жайында болмақ. – Махамбет Бейдалыұлы, еліміздің күнгейіндегі бас шаһардың ең ірі әрі элиталық ауданын басқарғаныңызға да біраз уақыттың жүзі болыпты. Әдетте, қай басшы болсын бірінші кезекте экономика­лық салаға ден қойып, халықтың денсаулығын, оның тұрмыс сапасын жақсарту мәселесін соңына қалды­рып жатады. Сіздің ұғымыңызда саламатты өмір салты дегеніміз не, оны қалай түсінесіз? –“Халық денсаулығы – ол Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі” деп Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы дәстүрлі Жолдауында атап өткеніндей, шынында да, қоғам­ның дамуы, әр түрлі бағдарлама­лардың, мейлі ол мемлекеттік, не мемлекеттік емес болсын, қандай­да бір жүйелі істердің жүзеге асуы тікелей адамға байланысты. Оның тұлғалық қасиеттеріне, қабілет­теріне, интеллектуалдық мүмкін­дік­теріне, денсаулығына, сайып келгенде, ішкі жандүниесіне және өмірлік күшіне тәуелді. Осы тұр­ғы­дан қарағанда, Елбасы айтқан­дай, саламатты өмір салтын қа­лып­тастыру ең маңызды мәселенің бірі және ол мемлекеттік саясат­тың басты бағыты болып табыла­ды. Елдің денсаулығын көтере оты­рып, Елбасы халықтың кем дегенде 30 пайызының спортпен айналысу қажеттігін алға тартты. Қалай дегенде де, дене шынық­ты­ру мен спорт, саламатты өмір сал­тын қалыптастыру, жастарды руха­ни тәрбиелеу азаматтар ден­сау­лығын жақсартудағы ең маңыз­ды құралдардың бірі. Осы­ған байла­нысты, жергілікті атқарушы орган­дардың бірінші кезектегі міндеті – барлық тұрғындар үшін қолайлы спорт және дене шынық­тыру бағытында шаралар ұйымдастыру. Әлбетте, ертеңгі күні дамыған, бәсекеге қабілетті елдер қатарынан көріну үшін халықтың денсаулы­ғын жақсартуымыз керек. Жастар­ды есірткіден, ішімдіктен, темекі­ден және басқа да жаман әдеттер­ден алшақ ұстағанымыз абзал. Бұл әрі әрбір ата-ананың, әрбір отбасының міндеті де. Бүгінде кейбір адамдардың түсінігінде денсаулық аурухана, емхана, дәрі-дәрмек ұғымдарымен араласып кеткен сияқты. Көп аза­мат­тар өзінің денсаулығын ауыра бастағанда, болмаса бір жері жара­қаттанған кезде ғана есіне алады. Сөйтіп, дәрігерге барып, түрлі дәрілерді іше бастайды. Меніңше, мұндай шаралар адам денсаулы­ғын жақсартпайды, тек аурудың әрі қарай дамуын, оның асқынып кетуін ғана тоқтатса керек. Оның үстіне дәрі құрамындағы химия­лық заттар бір жағынан емдесе, екінші жағынан зақымдап отыра­ды. Сондықтан, емделуді ғана ойламай, сол аурулардың алдын алу мәселелерін қарастыру қажет. Ол – дене шынықтыру, спорт. Адамның өмірлік күші немесе өмірлік қуаты деген түсінік бар. Оның деңгейі адамның денсаулы­ғына, психологиялық және көңіл-күйіне, жалпы ішкі жандүниесіне тәуелді болады. Дана халқымыз айтқандай, “Дені саудың – жаны сау”. Егер адам әр уақытта дене шынықтырумен айналысып, әр уақытта өзінің денсаулығын түзету үшін түрлі спорт жаттығу­ларын орындап отырса, ол тек дені сау болып қана қоймай, өмірдің барлық саласында табысты болуы­на мүмкіндік жа­сай­ды. Бірақ, спортпен айналысу керек екен деп мөлшерден тыс дене шынықтыру жаттығуларын жасаудың қажеті жоқ. Әр нәрсенің өзінің жөні, реті болады. Қазіргі таңда бізге саламат­ты өмір салтын қалыптастыру, оған бұқара халық­ты тарту үшін арнайы ғылыми-зерттеулер негізінде жа­сал­­ған сауық­тыру бағдарлама­ларын жасау қажет. Сол бағдарламаларды жүзе­ге асыру арқылы стратегия­лық міндеттердің бірі – дені сау ұлтты қалыптастыра аламыз. – Ендеше, Мемлекет басшы­сының тікелей бастамасымен құрылған Ұлттық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен байланыстарыңыз қалай? Өйткені, жұмыс жүйелі түрде жүру үшін осындай маманданған мекемелермен жұмыс жасаған, әлбетте, тиімдірек болса керек... – Дұрыс айтасыз. Саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін оған қажетті инфрақұрылымды дамыту қажет. Әркім өзінің денсаулығына өзі жауапты. Солай бола тұрса да, бүгінгі күні мемле­кет бұл мәселеден шет қалып отыр­ған жоқ. Қазір біз саламатты өмір салтын дамыту үшін, жо­ғары­да айтқанымдай, ғылыми-зерттеу­лерге негізделген және ха­лықара­лық тәжірибеге сай сауық­тыру бағдарламаларын жасауымыз қажет. Осы ретте өзім көп жылдар бойы сауықтыру мәселелерімен айналысып, тиісті бағдарлама жобасын әзірлеумен шұғылданып жүрмін. Халықты сауықтыру бағдар­ламасы адамдардың денсау­лығын жақсартуға, әр түрлі сыр­қат­тардың алдын алуға, спортпен, дене шынықтырумен үнемі және тұрақты түрде айналысуға ба­ғытталған. Жобаның тағы бір ерек­шелігі, ол халықты тек спорт­қа баулу ғана емес, денсаулығы мықты азаматтарды қалыптас­тыру­мен қатар, ерік-жігері мықты, өзіне сенімді азаматтарды тәрбие­леп шыға аламыз. Ендеше, спорт тек дене шынықтыру емес, соны­мен қатар тәрбие. Егер адамдар спортпен үнемі айналы­сып, дене шынықтыруда белгілі бір дәрежеге жететін болса, ол оның өзіндік “менінің” өсуіне әсер етеді. Адам спортпен шұғылдану барысында, ең алдымен, өзінің ішкі жан­дүние­сімен, осал тұстарымен, әлсіздік­терімен бетпе-бет келеді. Шынығу ол өзінің өмір сүруіне, дамуына, өсуіне кедергі жасап жүрген әдет­терді жеңуге көмектеседі. Сон­дықтан ауданда спортпен айналы­суды насихаттау, сауықтыру үрдісін жүзеге асыру мәселелері ерекше назарда. Бүгінде ауданда орналасқан мемлекеттік органдар, әр түрлі ұйымдар мен жоғары және орта білім беру орындарында тұрақты түрде осы сала бойынша жұмыстар атқарылуда. Мәселен, мектепаралық, жоғары оқу орын­дары арасындағы спартакиа­далар өтеді. Оның жеңімпаздары аудан­дық, қалалық, керек десеңіз, рес­публикалық деңгейдегі жарыстарға жолдама алады. Біздің алдымызда, мемлекеттік орган ретінде, бұқара халықты жаппай дене шынықтырумен айна­лысуға тарту міндеті тұр. Дені сау ел болу – бұл біздің мүддеміз. Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті болу идеясы кеңінен насихатталу­да. Ол өзінің бастауын ең алдымен денсаулықтан бастайды. Адам ағзасы әр уақытта қандай да болмасын ауыртпалықтарға дайын болуы тиіс. Дене еңбегімен, тіпті, ой еңбегімен айналысатын адам­дар жұмыс барысында бірталай күш жұмсайды. Спорт бір жағы­нан денсаулық кепілі, екінші жағынан төзімділік қалыптастыру факторы болып табылады. Міне, спорттың осы ерекшеліктерін ескер­сек, оның адам өміріне, жал­пы қоғамға тигізер пайдасы көп. Сондықтан ауданда спорт­тық-сауықтыру шаралары жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Мәселен, жыл сайын “Қырғауылды”, “Баспал­­дақ”, “Молочные старты”, “Ұлан” әскери-спорттық ойыны, “Был­ғары доп”, “Медеу марафоны”, “Айналайын қыздар, темекі шекпеңіздер!”, т.б. шаралар өткізі­ліп тұрады. – Бүгінде ауданда қанша спорт кешендері, фитнеc-клуб, тренажер­лік зал, бассейндер бар? Солардың барлығына бірдей халықтың қаншалықты қолы жетімді? Олай дейтінім, Мемлекет басшысы баға­сын халықтың қалтасы көтеретін спорт залдар ашуды міндеттеді емес пе? Осыған байланысты қандай шаралар жүргізілуде? – Қазіргі таңда аудан бойын­ша 60-тан астам спорттық ұйым­дар, мекемелер жұмыс атқарады. Оның ішінде 3 спорт кешені, 5 фитнес-клуб, 10 тренажерлік зал, 2 бассейн бар. Алайда, бұлардың барлығы дерлік қымбат нысандар деп айтуға болмас. Мысалы, балалар үшін Медеу ауданының аумағында Оқушылар сарайы жұмыс істейді. Ол жерде спорт­тық, мәдени және қолөнер сек­ция­­лары бар. Бұл секциялар жасөс­пірімдерге, жастарға тегін. Әрине, кейбір спорт кешендерінде жағдай басқаша. Нарықтық қаты­нас жағдайында әр нәрсенің заты­на сай құны болады. Бірақ, бұл мәселеге басқа қырынан қарап көрелікші. Көпшілік азаматтар қалтасынан ақша шығарғысы кел­мей, спорт кешендеріне, фитнес-клубтарға, тренажерлік залдарға бармайды. Ал бір жері ауырып, сырқаттанып қалса, дәрі сатып алып жатқан кезде оның бағасына мән бермей, қыруар ақша жұмсай­ды. Ол кезде “мына дәрі қымбат-ау” деген сұрақ екінші орынға шығады. Ал керісінше, ол азамат ауырмай тұрғанда денесін шынық­тырып, спортпен айналы­сып жүр­се, мүлдем науқастанбауы мүмкін ғой. Сәйкесінше, дәріге қаражат жұмсаудың қажеттігі туындамай­ды. Халқымыздың ділінде ден­саулық туралы ауырған кезде ғана ойлау қалыптасып қалған. Егер сіз бүгін спорт кешеніне барып, жат­тығудан бас тартып, ақшаңызды үнемдейтін болсаңыз, ертеңгі күні одан да көп шығын­дануыңызға тура келеді. Міне, бұл мәселеге осы қырынан келу керек деп есептеймін. Бүгінде мемлекет тарапынан спорт кешендерін, мекемелерін, мектептер ашу мәселелері алдың­ғы қатарға қойылуда. Келесі жылы елімізде Қысқы Азия ойындары өтеді. Соған байланысты инфра­құрылымды дамыту, спорттық шара­ларды өткізу жұмыстары ат­қарылуда. Баршаға аян, қазіргі уақыт­та бүкіл әлемге танымал “Ме­деу” мұз айдыны, “Шым­бұлақ” тау-шаңғы кешені жөн­деуден өтуде. Бұл салада атқары­лып отырған жұмыс­тардың барлы­ғы халықтың мүмкін­дігіне сай болатындай жағдайлар жасауға бағытталуда. Біздің алдымызда тек спорттық кешендер ғана емес, сауықтыру орталықтарын жасау міндеті тұр. Осыған орай, алдағы уақытта ауру­хана, емханаларда орналасқан физиотерапиялық емдеу кабинет­терін сауықтыру орталықтарына айналдыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Егер емханалар тек ауруды емдеп қана қоймай, оның алдын алумен айналысатын болса және ол бұқара халыққа қол жетімді болса, онда біз Елбасының дені сау ұлт құру идеясын жүзеге асыра алатын боламыз. – Махамбет Бейдалыұлы қазір компьютер ғасыры, жас та, жаса­мыс та осы бір сиқырлы қобдиша­ның күндіз-түнгі тұтқынына айналған. Әрине, оның денсаулық­қа әсері жоқ емес. Сондай-ақ, қазіргі жастар көлік мінгенді дәреже көріп, қарыс жер жаяу жүргеннен қалған. Яғни, қимыл-қозғалыс жоқ. Дәрігерлер мұндай жастардың денсаулығына алаңдаулы. Мәселен, шетелде де көлік мініп, компьютер­де отырғанмен, олардың өз денсау­лығына деген көзқарасы басқаша. Олар арнаулы спорт кешендеріне, түрлі залдарға баруды әдетке айналдырған. Халықтың денсаулы­ғының қаншалықты маңыздылығын көрші Қытай елінен де үйренуге болады. Сол елге жол түсіп бар­ғаны­мызда, таңертең әр ауланың тұрғындары дене шынықтыру жат­ты­ғуларымен айналысып жатқа­нын көріп таңғалдық. Сөйт­сек, әр жеке пәтер иеленушілер кооперативінің өз жаттықтырушылары болады екен. Біздің тұрғындар да ол мекемеге аз ақша төлемейді, сондай штат ашуға болады ғой. Әкімдіктің ПИК-термен қарым-қатынастары қалай? –             Дұрыс айтасыз, қазіргі жастар­­дың көпшілігі бос уақыт­тарын компьютердің алдында өткізгенді ұнатады. Күні бойы отырып, дене еңбегімен айналыс­паған баланың толық физикалық дамуы қайдан болсын. Ертеңгі күні дені сау, дене бітімі мықты тұлға болуына кері әсерін тигізеді. Жақында көктемгі әскерге шақыру шаралары басталды. Медкомис­сия­дан өткен жастардың біразы әскерге жарамсыз болып қалуда. Осы мәселені шешу мақсатында мемлекеттік органдар алдында жастарды саламатты өмір салтына үйрету міндеті тұр. Осыған орай жасөспірімдердің тұрғылықты жері бойынша бос уақытын өткізуді ұйымдастыру үшін арнайы аула клубтарын ашу жұмыстары қолға алынған. Пәтер иелері коопера­тив­тері өкілдерімен бірлесіп жылда жастар мен балалардың бос уақыттарын өткізу орталықтарын ашу дәстүрге айналған. Мәселен, “Алатау” клубы – спорттық-туристік бағытта жұмыс істеп, жасөспірімдердің бос уақытын өткізу орындарының бірі болып саналады. Клубта армрестлинг, гір көтеру, пауэрлинг, т.б. спорт үйірмелері бар. Бұл клубтан әлем және Азия, сондай-ақ, республика чемпиондары шыққан. Клубта жұмыс белсенді түрде жүреді. “Арлан” клубында спортпен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Клуб базасында каратэ, таэквандо, т.б спорт түрлері бар. “Самал” клубы №131 мектеп-лицей ғимаратында жұмыс істейді. Клубта спорттық бағыттағы футбол, баскетбол, волейбол және туризм, еркін, грек-рим күресі, дзюдо үйірмелері ұйымдастырыл­ған. Алматы қаласының Мемле­кет­тік жастар саясатын дамыту қорымен бірлесіп, спорттық ба­ғыт­та “Қайсар”, мәдени-идеоло­гиялық бағытта “Көңілді ноталар” клубтары және №172 орта мектеп базасында спорттық-сауықтыру бағытында бос уақыт өткізу орталығы ашылды. Cпорт – денсаулық кепілі. Бүгін­де жалпы Қазақстан халқы­ның алдында жоғары білімді, бәсекеге қабілетті ұлт құру міндеті тұр. Бұл заман талабы, қазіргі өмір­дің шарты. Біз барша қазақ­стан­дықтарды дене шынықтыру­мен, спортпен айналысуға шақы­рамыз. Әр адам үнемі шынығу жаттығу­ларын орындауға үйренуі керек. – Қай басшыға болсын өзі басқаратын ұжым қызметкерлерінен жұмысты талап ету үшін алдымен жағдай жасау керек. Мәселен, сіз басқарып отырған әкімдікте қызмет­керлердің спортпен шұғыл­данып, денсаулықтарын түзеуге қандай шаралар жасалған? – Соңғы жылдары мемлекет­тік басқару саласын, мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту, реформа­­лау мәселелері ерекше назарда тұр. Бұл салада айтарлықтай нәтиже­лер­ге де қол жеткіздік. Жалпы мем­ле­кет көп құрылымды, бір-бірі­мен тығыз байланысқан сала­лардан тұратын күрделі жүйе болып табы­лады. Сол жүйенің іс-әрекетін қам­тамасыз етіп отырған қозғаушы күштердің бірі – мем­лекеттік қызметкер, яғни адам. Қандай да міндеттердің орын­далуы адамның мүмкіндіктеріне, әлеуетіне байла­ныс­ты. Осы тұрғы­дан келгенде, бүгінде біздің алды­мызда басшы ретінде әкімдікте қызмет жасап жүрген әріптестері­мізге өз міндет­терін атқаруға барлық жағдайларды қолайлы етіп жасау қажеттігі тұр. Бұл басқару қағидаттарының бірі болып табылады. Қызметкерлердің денсаулығы, көңіл-күйі, жалпы олардың эмо­циялық жағдайы еңбек өнімділі­гіне тікелей әсер ететін факторлар қатарына жатады. Мемлекеттік қызметкерлер өз міндеттерін ат­қару барысында жұмыс уақытында жан-жақтан түскен көптеген ақ­параттарды талдап, түрлі шешім­дер қабылдайды. Туындаған мәсе­ле­лерді қарасты­рып, жалпы еңбек үрдісі барысын­да біраз күш жұмсайды. Сол се­беп­ті шығындал­ған күшті қалпына келтіру қажет­тігі туын­дай­ды. Осы ретте біз аудан көлемінде мемле­кеттік қыз­мет­керлерді сауықтыру әдістемесін енгізіп, оларды кеңі­нен дене шынықтыру мен спортқа баулу мәселелерін қолға алдық. Бүгінгі күні аудан әкімдігі ғимара­тында тренажерлік зал жұмыс істейді. Онда аппарат қызметкер­лері, аудан тұрғындары келіп жат­тығуда. Сонымен қатар, аптасына екі рет жұмыс уақытынан кейін спортзалда футбол, волейбол ұйым­дастырамыз және де әр сенбі сайын аппарат қызметкерлерімен “Тереңқұр” өзені бойымен жаяу жүрумен, жүгірумен айналысамыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.