• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

515 рет
көрсетілді

Дүйсенбі күні Еуропа елдерінің қаржы министрлері бас қосып, ұзақ мәжіліс құрды. Күн тәртібінде – жаңа дағдарыс қаупі мәселесі. Ақыры он бір сағаттық отырыстан кейін министрлер 750 миллиард еуро көлемінде тұрақтылық қорын құру жөнінде шешім қабылдады. ЖАҢА ДАҒДАРЫС ЕЛЕСІ СЕЙІЛГЕНДЕЙ Бұл бүкіл әлем­­­дегі ең қар­жысы қо­мақты қор бо­лып отыр. Ол бі­раз қаржы­лық мә­селелерді шешу­ге мүмкіндік береді. Күні кеше Грекия 100 миллиард дол­ларға зәру болып, әркімге бір қол жайған. Сонда енді құрылатын тұрақтылық қоры болғанда, мәселе соншалықты күрделенбес еді. Қор дегенде, ол әркімге тегін үлес­тіре беретін қаржы емес. Оның пайыздық бәсі болады. Қажет кезінде 5 пайыздық өсім­мен (қордың бәсі сондай) қарыз алу да үлкен олжа. Демек, тұрақ­тылық қорына қаржы жинағанда, ол далаға кетпейді, қайта уақыт өте, қарыз өтелген сайын, қомақ­тана түседі. Сол қаржы қалай құралған: 60 миллиард еуроны Еурокомиссия, яғни Еуроодақтың үкіметі жинайды, еуро аймағы мемлекеттерінің кепілдігі 440 мил­лиард еуро, сондай-ақ Халық­аралық валюта қоры 250 мил­лиард еуро бөлмек. Сөйтіп, қажет болған жағдайда, еуро аймақ мемлекеттері 5 пайыздық бәспен несие ала алады. Еуропаны жаңа дағдарыс елесі кезгелі біраз болған. Тіпті оны болмай қоймайтындай құбылыс санағандар да аз емес еді. Әсіресе, ресейлік сарапшылардың көпші­лігі Еуропаның тоқырауына бол­жау жасап, ал еуро валютасының күйреуі шешіліп қойғандай пікір айтқан. Грекиядағы жағдайдан кейін оған талайлардың күмәні де жоқтай еді. Рас, Грекиядағы жағдай еуро­па­лық қауымдағы біраз қайшы­лықтың бетін ашты. Оған біреу­лер көмек берейік десе, екінші­лері қарсылық білдірді. Осының өзі Еуропа бірлігіндегі бірауызды­лықтың жоқтығын аңғартқан. Сөйт­се де, ақыр соңында Грекия­ға көмек берілетін болды. Соның өзі құрлық қауымдастығының үлкен қиындықты бірлесіп шеше алатынын да көрсетті. Дегенде, жаңа экономикалық дағ­дарыс, еуро аймағындағы қиын­дық, еуро валютасының күрделі жағдайы туралы қауесетті даң­ғазалауға мүд­де­лілер бар екені де рас. Мұны эко­номи­калық бәсе­келес­тік­тің заңды­лығы деуге де болар. Айта­лық, еуро валю­та­­сы­ның құны түс­се, ол басқа валю­таларға тиім­­ді. Сондай-ақ дағдарысқа ұшыраған елдермен экономика­лық байла­ныстың тиімсіздігіне орай, жұрт басқа елдерге назар аударады, со­лар­­мен байланыс жасайды. Демек, экономикалық дағдарысқа ұшы­райды деген қауесеттің өзі біраз қиындыққа кезіккен елдер үшін жығылғанға жұдырық болып тиеді. Жақында Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігіне қатты шүйлікті. Бұл агенттіктің сарапшылары Грекия­да орын алған қарыз дағдарысы басқа жаққа да тарап, еуропалық елдердің банк жүйесін күйретеді деп, сол елдердің қатарына Ита­лияны да қосқан. Берлускони Moody’s-тың мәлімдемесі жаң­сақ, өз елінің банктік жүйесі мықты, – деді. Оның пікірінше, Moody’s-тың зерттеулері мен топ­шы­лауларына бұдан былай сенуге болмайды. Рейтингтік агенттік банк жүйе­­сі күйрейтіндердің қатарына Италиямен бірге Португалия, Ис­пания, сондай-ақ Ұлыбри­та­нияны да жатқызды. Берлуско­ни­дің пі­кірінше, бұл агенттіктің түп­кі мақ­саты еуроны әлсірету, сол арқылы еуро аймағындағы елдер­дің эконо­микасына нұқсан келтіру. Еуропадағы экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны, Еуропаның күйреуі туралы дақ­пырттың талайды шошытқаны да анық. Тұрақтылық қорының құ­рылуы сол жаңа дағдарыс толқы­нына және бұл жөніндегі даңғаза­ға қарсы нақты да пәрменді шара болды. Алғашқы күннен кейін-ақ еуроның құны күрт көтерілді. Ең бастысы – Еуропа елдері қашан­да кезігетін қиындыққа қарсы бірлесіп күресудің нық қадамын жасады. Дағдарысқа енді жол жоқ демегенмен, оның ауыртпалығы азаятыны анық. ДЭВИД КЭМЕРОН – ҰЛЫБРИТАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ Сонау Черчилль заманынан кейін Ұлыбританияда коалициялық үкімет билік басына келді. Консерватор­лық партия мен Либерал-демократиялық партия одаққа бірігіп, консерватор Дэвид Кэмерон үкіметтің басшысы болып сайланды. Жаңа пар­ла­мент сайлауын өткізбей, үкіметті құрудың бірден-бір жолы осы бо­ла­тын. Тіпті лей­бористер мен ли­берал-демо­крат­тар одақтасқан­мен, олардың үкі­мет құруға мүм­кін­дігі жоқ еді – көпшілік мандатқа ие бола алмас еді. Осы жерде сайлау нәтижесіне үңілген де артық емес. Сөйтіп, парламенттегі 650 орынды бөліс­кенде, 36,1 пайыз дауыс жинаған торилер 306 мандатқа, 29 пайыз дауыспен лейбористер 258 ман­датқа, ал 23 пайыз дауыспен либерал-демократтар 57 мандатқа ие болды. Басқа ұсақ партия­лардың үлесіне 28 орын тиді. Арада он үш жыл салып, консерваторлар қайтадан билік тізгінін ұстады. Мұны да ағылшын қауымында жаңалық қажеттігінен туындаған жәйт деуге болар. Кон­серваторлардың бұл жеңісіне бел­гілі дәрежеде лейбористердің өз­дері, атап айтқанда, олардың көсе­мі Гордон Браунның біраз шалыс қадамдары “көмектес­кенін” айтқан жөн. Либерал-демократтардың кон­сер­ваторлармен одақтасуы да ай­тар­лықтай жаңалық. Оны да ағыл­шын қауымы әртүрлі қабыл­дар. Алғашында мұндай одақтың болуы мүмкін еместей көрінген. Идеоло­гиялық тұрғыда либерал-де­мократ­тардың бағыт-бағдары консерва­тор­лардан гөрі лейборис­терге жа­қын. Сондықтан біреулер оны ли­берал-демократтардың өз­дерінің идеологиялық ұстаным­дары­нан ат­тағандық деп те қабыл­дауы мүм­кін. Сөйтсе де, соңғы сай­лаудан кейін қалыптасқан жағ­дайда, мұн­дай одақтасуды ел тағ­дырын ой­лаған­­дық, қоғамды ын­ты­мақ­тас­тыруға ұмтылыс деп те қабыл­дауға болар. Бұл одақтан кейін консер­ваторлар мен либе­рал-демократтар өз бағдарлама­лары­­на белгілі дәре­жеде өзгерістер енгізеді. Ең бас­тысы – ортақ тіл табысуға қадам жасайды. Бұл ха­лық­тың ынтыма­ғына қыз­мет етеді. Сөйтіп, қа­лыптасқан тәртіп бойынша, сайлау­да жеңіске жет­кен, яғни парла­мент­те көп орын алған (басым көп­­ші­лік болмаса да) Консерва­тор­лық партия­ның жетекшісі Дэвид Кэмерон пре­мьер-министр бо­лып тағайындал­ды. Дәстүр бо­йын­ша оны коро­лева бекітеді. Тағы да сол тәр­тіп бойынша, либерал-демократтар­дың көсемі Ник Клегг вице-премьер болады. Кей жердегідей бұл елде ми­нистр­лер кабинетін құру ұзаққа созылмайды. Бас оппозициялық партия ретінде консерваторлар­­дың бұрыннан “көлеңкелі каби­неті” бар болатын. Енді ол жа­рық­қа шыға­ды. Бұл елдегі жетек­ші қыз­меттің бірі – қаржы ми­нистрі (Ұлы мәртебелінің қазына­шылық канцлері) болып Кэме­рон­ның жақын серігі Джордж Осборн, сыртқы істер министрі болып бұрынғы көлеңкелі ми­нистр Уильям Хэйг, қорғаныс ми­нистрі болып Лиам Фокс таға­йындалады. Рас, одақтас болған соң либерал-демократтарға да біраз қызмет ұсыну қажеттігі туын­дайтындық­тан, бұрынғы “көлеңкелі кабинет­те” біраз өзгеріс болатыны заңды. Оған ешкім өкпелемейді. Жаңа премьер-министрдің ерек­шелігін айтқанда, оны жұрт өте жайдары, ойын ашық айтатын адам деп сипаттайды. Сонымен бірге, ол бүкіл Британия тарихын­да 1812 жылдан бергі ең жас үкі­мет басшысы екен. Бұрын Тони Блэрді солай деуші еді, Кэмерон одан жарты жылдай жас болып шықты. Жас келсе – іске, дейтін бар. Қалай болғанда да Ұлыбрита­ния­ның жаңа тарихында жаңа кезең басталғандай. Мамадияр ЖАҚЫП.