Қазақстан қаржы нарығында жұмыс істейтін 22 банктің үшеуі – қытайлық қаржы институттары. Олар – AltynBank, Қазақстандағы Қытай банкі және Қытай сауда-өнер кәсіп банкі. Біздің елдегі бүкіл қытайлық банктердің жиынтық меншік капиталы 2021 жылдың соңында 173,5 млрд теңгені құрап, бір жылда 11,6 пайызға өскен.
Анықтама үшін айта кетейік, елдегі барша екінші деңгейлі банктің (ЕДБ) меншік капиталы 4,5 трлн теңгеге жеткен. Сөйтіп соңғы бір жылда 14,7 пайызға өскен. Ал қытайлық еншілес банктердің отандық ЕДБ жалпы көлеміндегі үлес салмағы 3,9-дан 3,8 пайызға төмендеген.
Ranking порталының жазуынша, елдегі 3 қытайлық қаржы ұйымының ең алыбы – AltynBank. Меншік капиталының көлемі – 74,4 млрд теңге. 2020 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 3,4 пайызға жоғары. Бұл банктің үш бірдей акционері бар, олар – China CITIC Bank Corporation Limited (50,1 пайыз), China Shuang weiInvestment Co., Ltd компаниясы (9,9 пайыз) және «Қазақстан Халық банкі» АҚ (40 пайыз). Одан кейінгі орында Қазақстандағы Қытай еншілес банкі (62,8 млрд теңге) мен Қытай сауда-өнеркәсіп банкі (36,3 млрд теңге).
2021 жылы осы үш банк бірігіп 33,9 млрдтеңге табыс тапқан. Бұл 2020 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 22,4 пайызға көп. AltynBank-тің табысы 16,6 млрд теңге болса, Қазақстандағы Қытай банкі мен Қытай сауда-өнеркәсіп банкі 9,1 және 8,2 млрд теңге пайда жиған.
Жалпы, Қытайдың әлсіз елдер экономикасына үйірсек екені бұрыннан белгілі. Әлемді әскерсіз жаулаудың алуан әдісін меңгерген көршілес ел өзгелерді өзіне борышкер ету арқылы мүддесін биіктете түседі. Біздің елде де алпауыт 3 банкінің жұмыс істеп жатуы да тегін емес.
Дүние жүзілік банктің хабарлауынша, соңғы 20 жыл бедерінде қытайлық мемлекеттік банктер дамушы елдерге молынан несие беріп келе жатыр. Бірақ қарыз параметрлері еш жерде анық-ашық жарияланбаған. Тіпті кейбір несие түрлері ресми статистикада көрсетілмейді.
«Қытайлық займдардың әдеттегі несиеден айырмашылығы – қарыздар мемлекеттік банк атынан беріледі, қарыз алушыдан құпиялылықты сақтау талап етіледі, ал төлем мерзімінің өтіп кетуі жасырын түрде қала береді. Соның салдарынан дефолт жиі болады. Қазір жаппай несиелеу азайды, бірақ несиені өтеуге байланысты туындаған қиындықтар дефолтқа және қарызды ұдайы қайта құрылымдауға алып келді. Ондай кезде қарызға қызмет көрсету шарты мың сан рет өзгереді. Пандемия басталған мезетте қарыз жүктемесін жеңілдету құқығын алған 73 елдің жартысынан астамы әлі қаржылық қиындық жағдайында тұр. Бұл ретте қытайлық банктер өздерін 80-жылдардағы Батыс елдері сияқты ұстайды: қарыз іс жүзінде есептен шығарылмайды, кейінге қалдырылған төлемдерге артықшылық беріледі. Ал жоғары қарыздық жүктеме проблемасы мүлде шешілмейді», делінген Дүниежүзілік банк баяндамасында.
AltynBank – бұрынғы «HSBC Банк Қазақстан» АҚ, Қазақстанда 1998 жылдан бастап жұмыс істейді. Атауы 2018 жылы өзгерді. Ал «Қазақстандағы Қытайбанкі» – Bankof China Limited-тің еншілес банкі. Әлемнің 57 елінде бұл қаржы институтының филиалы мен еншілес банктері жұмыс істейді. Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Банк Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларына, «Нұрлыжол» бағдарламасын абелсене қатысады.
Ал Қытай сауда-өнеркәсіп банкі 2019 жылы Қазақстандағы коммерциялық банктердің ішіндегі ең жоғары несие рейтингіне ие банк атанды. Қазіргі сәтте де банктің өтімділі кжәне меншік капитал көрсеткіштері тәуір саналады, банк активтерінің сапасы да жоғары. Банктің ресми сайтында қаржы ұйымының басты миссиясы – Қазақстанның қаржы нарығының прогрессивті және сапалы дамуына ықпал ету және ел экономикасының индустриялық трансформациясына жәрдем беру деп көрсетілген.