Алматы полициясы ірі есірткі зертханасын жойды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Синтетикалық есірткі шығаратын цех Қалқаман шағын ауданындағы жеке үйдің жертөлесінде жұмыс істеген. Белгілі болғандай, үй өткен жылдың қазан айында жас жігітке жалға берілген.
«Тінту кезінде полиция қызметкерлері мефедрон синтетикалық психотроптық затын өндіру кезінде қылмыскерлер пайдаланған ұнтақ және кесек түріндегі заттарды, химиялық заттар салынған пластик ыдыстарды, сұйықтықтары бар колбаларды, электронды таразыларды және басқа да құралдарды тәркіледі.
Есірткі шығаруға жауапты – 23 жастағы О.есімді азамат. Толық емес медициналық білімі бар жас жігіт есірткі өндірісін жолға қойған. Барлығы есірткі зертханасында бірнеше келі кептірілген заттар тәркіленді. Олардың түсі әртүрлі: ақ, қара, жасыл, қоңыр. Бір қаптама қоңыр «шөптің» салмағы шамамен 160 грамм, ақ – 500. Бұл дайын өнім және оны дозаға сай орау керек болды», деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Жертөледен табылғанның бәрі: сұйық, кристалды және ұнтақ күйінде, сот-химиялық сараптамаға жіберілді.
Сотқа дейінгі тергеу басталды.