Төрт түліктің жүн-терісі жайлы әңгіме қозғалса, ауыл сыртындағы қоқыс алаңы ойға оралатыны рас. Ұлттың брендіне айналуға тиіс шикізаттың құрттың жемтігіне айналғаны өкінішті-ақ. Біреулер бұл іске қолдау көрсетпей отырған билікті кінәласа, енді бірі жүн-тері бизнесімен айналысуға ешкімнің қызығушылығы жоқ екенін алға тартып отыр. Мәселенің мән-жайына үңіліп көрелік.
Жеңіл өнеркәсіп жетістікке жетелейді
Елімізде жеңіл өнеркәсіптің тұралап тұрғаны жасырын емес. Қолда барды ұқсата алмайтынымыз қор қылады. Әйтпесе, ағыл-тегіл шикізаттан дайын затты шығарып, жергілікті дүкен сөрелерінен қолжетімді бағамен сатып алуға не кедергі? Қарапайым мысал келтірсек, Павлодар облысында жыл сайын шамамен 50 мың тонна қарақұмық жиналады. Оның басым бөлігі экспортталады. Себебі диқанға шетелге жөнелтіп, қалтасын қампайтқаны маңызды. Әлгі өнім кейін тазартудан өтіп, көздің жауын алатын қызылды-жасылды қаптамаларға салынып, бізге 2-3 есе қымбат бағамен қайта оралады. Ауылдағы шикізатты іс қылмай, қайта өңдеу саласын дамытпай, бағаны тұрақтандыруға бас қатырып жүргеніміз-ай...
Әңгімеміздің әлқиссасы жүн-тері еді ғой. Мәселе күрделі. Қазір жер-жерде өтіп жатқан әкімдердің есептік кездесулерінде ауылдағы ағайын осы мәселені көтеруде. Нан салмай, сиыр саумай, құрт қайнатпай, малдың басын үйіту былай тұрсын, ішек-қарнын тазаламай, жүн-теріні қоқысқа тастап келген тұрғындар қазір тәубасына келе бастады. Дүкендерде өнім бағасы қымбаттаған сайын әр теңгесін үнемдейтін болды. Соңғы уақытта «жүн-теріні өткізетін орын жоқ» деп әкімдерді тығырыққа тіреуі де бекер емес.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ахмет Серкебаевтың айтуынша, соңғы уақытта қойдың бағасы әжептәуір қымбаттады. Ендігі жерде терісі мен жүнін кәдеге жарату маңызды. Жалғыз Шопан ата түлігі ғана емес, ірі қара терісінен де ірі жобаларды қолға алған абзал.
– Бала кезімізде қойдың күзем жүнін, жабағы жүнін тиісті жерге өткізіп, аз да болса ақша қылатынбыз. Қазір тұрғындар малдың жүнін далаға тастап, өртеп жіберетіні жасырын емес. Ал өздері моңғол түйесінің жүнінен істелген шұлық, көрпені сатып алады. Баяғыда шөптің басына ілініп қалған бір уыс жүнді көрсек, «обал болады» деген оймен қалтамызға салып алатынбыз. Ал қазір боқтық ретінде көреміз. Мал терісінің жағдайы да сол. Бұл күні төсенішіміз – ковролин, жамылғы-жастығымыз – синтепон. Химиялық қоспалары бар тауарлар адам ағзасына кері әсерін тигізетінін естен шығармаған жөн, – дейді А.Серкебаев.
Шынымен де бүгінде медицина мамандары ХХ ғасырдың адамзат баласына әкелген үлкен бір дерті аллергендермен қозатын аллергия кеселі жайлы жиі айтып жүр. Түгі полипропилен және полиамид талшығынан жасалатын ковролиннің мықтылығы мен төзімділігіне тең келер төсеніш жоқ шығар, бірақ жылылығы мен денсаулыққа пайдасы жөнінен қазақ қойының жүнінен жасалған текемет пен алашаға жетпейтіні анық.
Қолдау болса, қор болмайды
Төрт түліктің жүн-терісін жинаумен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау аз дейтіндер көп. Мәселенің мән-жайына үңілу үшін облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына хабарластық. Ондағылар жыл сайын шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қайтарымсыз гранттар үлестірілетінін, бірақ өтініштердің арасында жүн-тері кәсібін дөңгелетуге ниет білдіретіндер кездеспейтінін айтты. Ол түсінікті де. Соңғы жылдары гранттардың барлығы инновацияның ұшқыны бар жобаларға үлестірілуде. «Сыбаға» сияқты мемлекеттік бағдарламалар мал басы санын көбейтуге бағытталғанын ескерсек, қайта өңдеу бағытында еңбек еткісі келетін кәсіпкерлерге қолдау бар ма екен?
Бірден айту керек, елімізде теріден аяқкиім сияқты дайын өнім шығаратын кәсіпорын жоқтың қасы. Бұл кәсіппен айналысуға ешкімнің батылы бара бермейді. Сайып келгенде тері өңдейтіндердің өзі шикізатты шетелге сатып, бізге дайын өнімдер қымбат бағамен қайта оралады.
Алдағы уақытта былғары аяқкиім шығаратын ірі кәсіпорындар ашылар. Әзірге тері өңдеушілердің мәселесін шешіп алайық. Қазақстанның тері және өңдеушілер қауымдастығы бар екенін бірі білсе, бірі білмес. Жақында қауымдастықтың тізгінін ұстаған Нұрман Нүптекеевтің айтуынша, мемлекет тарапынан зор қолдау болса, 4-5 жылдың ішінде тері өңдеу саласы аяққа тік тұрып, ел экономикасына орасан пайда әкелмек. Айтпақшы, Нұрман Екібастұз қаласындағы «КазЛидерМех» тері өңдеу кәсіпорны директорының кеңесшісі болып та еңбек етуде.
– Еліміздегі тері өндірушілердің жұмысы жандана бастағанына 1 жыл ғана болған шығар. Себебі алдыңғы жылдары дүниежүзі бойынша бұл салада тоқырау орын алған еді. Отандық кәсіпкерлер жан бағудың амалымен өзге салаға бет бұрды. Қаншама тері далада шіріп қалды. Экологиялық зардап туындады. Мұның бәрі қалыпты құбылыс. Кез келген саланы алып қарасақ, құлдырауды бастан кешеді. Ендігі жерде тері өңдеушілердің аяққа тік тұруына зор қолдау қажет. Мемлекет тарапынан ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие берілсе, шетелден тасымалданатын химиялық қоспалар мен қондырғыларға салынатын кедендік баж салықтары алынып тасталса, инфрақұрылым мәселесі қолға алынса, тері өткізушілерге субсидия қарастырылса, тағы да басқа көмектер көрсетілсе, салаға серпін берері сөзсіз. Өзімізді аяқкиіммен толықтай қамтамасыз етуге де болады. Алысқа бармай-ақ, көрші Өзбекстанды мысалға алайық. Онда саланы дамытуға бағытталған бағдарламалардың нәтижесінде, тері өндірісінің қуаттылығы 800 пайызға артты! Олар теріні шикі түрінде сыртқа шығаруға тыйым салып, шетелден әкелінген қондырғылар мен химқоспалар үшін салынатын кедендік баж және қосымша құн салығын алып тастады. «Жаңа Қазақстан» деп ұрандап жатырмыз ғой. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың да жоба-жоспарлары жасалуда. Бұл ретте ел басқарып отырған азаматтар тері өндірісінен теріс айналмай, өміршең бағдарламаларды іске қосса екен. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда төрт түліктің терісін ажырата алмайтындар соңғы шешімдерін қабылдап жатады, – дейді Н.Нүптекеев.
Иә, саланы дамыту үшін кешенді жоспар қажет. Ең әуелі терінің сапасын арттыру маңызды. Ол үшін төрт түлікке екпе егу шаралары жүйелі жүргізілгені абзал. Түптеп келгенде малдың тұратын жері, жем-шөбі, қалай сойылатыны терінің сапасына кәдімгідей әсер етпек.
– Әлемдік нарықта «Қазақстанның терісі», «Өзбекстанның терісі» деген бренд бар. Өкінішке қарай, терінің сапасымен мақтана алмаймыз. Біздің өңделген сиыр терісінің бағасы 50 долларға бағаланса, АҚШ-тың өңделмеген терісінің бағасы 110 долларға тең. Еліміздегі ірі деген ет комбинаттарының өзінде жағдай мәз емес. Кеңес дәуірінде ет комбинаттарының тері өңдейтін арнайы орындары болды. Малды сою, теріні тұздау сияқты шаралар жүйелі атқарылып, сапалы шикізат бірден шетелге сатылып отырды. Тіпті еттен гөрі терінің жоспарына көп көңіл бөлінді. Жоспар орындалмаса, жауапты басшылар қатаң сөгіс алған. Қазір ше? Ет комбинаттарының тері дайындайтын цехы жоқ. Қай жерге барсаңыз да малдың терісі қалай болса, солай сыпырылады. Сойылған әр малдың басына ақша алатын қасапшылар терінің сапасына мән беріп жатыр дейсіз бе? Көп сойса, пайда да мол. Мүмкін арнайы мал сою орындарының жұмысын реттеу керек шығар. Не десек те, терінің сапасын арттыру үшін кешенді шаралар қолға алынуы қажет-ақ, – дейді Н.Нүптекеев.
Жақында Мәжіліс депутаты Юрий Жулин ірі қара мал терісін өңдеуді әрі қабылдауды жетілдіру мәселесін көтерген болатын. «Отандық мал шаруашылығында жыл сайын әрі кеткенде шикі терінің 10-20 пайызы ғана қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізіледі. Ірі қара малдың өңделмеген 2,5-3 млн терісі далаға тасталып, ауылдардың шетінде шіріп жатыр. 2016, 2017 және 2019 жылдары еліміздің былғары кәсіпорындарын қолдау үшін тері экспортына баж салығы енгізілген болатын. Аталған шара елеулі нәтиже бермеді», деп сыртқа шығарылған тері үшін бекітілген 200 еуро баж салығын алып тастауды ұсынған еді.
Бұл пікірмен Нұрман Нүптекеевтің келіскісі жоқ. «Шектеулер алынса, шетелдіктер таңдап жүріп сапалы теріні алып кететіні анық. Яғни енді ғана дамудың даңғыл жолына түскен Семей, Арқалық, Шымкент, Тараз, Петропавл, Екібастұз қалаларындағы тері өңдеу зауыттары сапалы шикізатсыз қалады деген сөз. Орталық Азия бойынша алпауыт саналатын Алматы тері өңдеу зауытына да ауыр соққы болып тиетіні сөзсіз. Әр кәсіпорынның жоспары айқын. Қуаттылығын арттырып, үлкен жобаларды қолға алмақ ниетте. Егер депутаттың ұсынысы іске асатын болса, кәсіпорындар қайтадан құрдымға кетеді. Салдарынан жұмыссыздық пайда болып, әлеуметтік мәселелер шиеленісіп кетуі мүмкін. Шетелдік инвесторлар да аяқ баспайтын болады», дейді Н.Нүптекеев.
Айтпақшы, былтыр тәжірибе ретінде баж салығы алынып тасталыпты. Бірақ көп нәрсе өзгере қойған жоқ. Бәрі де терінің сапасына келіп тіреледі. Теріні шетелге өткізіп, байып кеткендер шамалы. Сыртқа сапалы шикізат шығара алмасақ та, соңғы жылдары пайда болған жаңа кәсіптің түрлері – ақуыз, желатин өндіретін кәсіпорындарды жарылқауға шамамыз жетеді екен. Оларға біздегі сапасы төмендеу, былғары жасауға жарамсыз деп танылған терінің 40 пайызы жөнелтілуде. Әзірге ондай кәсіпорындар Ресей, Өзбекстан, Түркия, Беларусь жерлерінде қарқын ала бастаған. Елімізде ашылса, жергілікті тері өңдейтін зауыттардың жаңа дәуірі басталатыны сөзсіз.
Шағын цехтың шарапаты
Павлодар облысында шағын цех ашып, тұрғындардан жүнді өзі жинап, кәсібін дөңгелетіп отырған «Мұстафинов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Руслан Мұстафиновты жұртшылық енді тани бастады. «Қоқысқа тастағанша азын-аулақ тиын-тебен болсын» деп хабарласып жатқандар көп.
Цех Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылында орын тепкен. Бұл кәсіп маусымдық болғандықтан, қазір өндіріс тоқтап тұрған көрінеді.
– Облыстың түкпір-түкпірін аралап, жүн жинаймын. Әр килосы 50 теңгеге бағаланады. Кейін цехта өңдеп, киіз, байпақ, қолғап шығарамыз. Бастысы, сұраныс бар. Жүннің сапасына қатты мән бермеймін. Десе де, күзгі уақыттағы жүннің сапасы жоғары. Кейбір ауылдарда жергілікті әкімдер жүн жинау ісін ұйымдастырып, барынша атсалысады. Тұрғындар тарапынан да қызығушылық артып келеді, – дейді Р.Мұстафинов.
Былтыр Екібастұз өңіріндегі бірқатар ауылдың тұрғындары жүнді молынан өткізіпті. Шиқылдақ ауылынан – 2 900, Әлкей Марғұлан атындағы ауылдан – 1 600, Қоянды ауылынан – 1 мың, Төртқұдық ауылынан 2 мың және Теміржол ауылдық округінен 500 кило жүн жиналған. Сайып келгенде 8 мың кило жүн үшін тұрғындарға 400 мың теңге қаражат беріліпті. Керемет емес пе?
Қорыта айтсақ, тері және жүн өндірісін дамытудың кешенді жоспары қажет-ақ. Шикізат көл-көсір. Жеткіліксіз болса, желікпейтін едік. Малдың жүн-терісін, сүт пен етті тиімді бағамен өткізген ағайын ауылда тұрақтап қалмай ма? «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының мақсаты мектеп пен мәдениет үйінің терезесі мен шатырын жөндеумен шектелмесе екен.
Павлодар облысы