Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы жаңашылдыққа келгенде қамшы салдырмайды. Таяуда аталған орталық Telegram мессенджер платформасында жастардың жұмысқа орналасу, вакциналау, волонтерлік және дебаттық қозғалыстар, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау сияқты өзекті де өміршең сұрақтарға жауап алуына көмектесетін JasProKrg ботын құрды.
Қарағанды облыстық Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов аталған боттың ай сайын жаңа ақпаратпен толықтырылып отыратынын айтады.
– Жастар үшін ақпараттың негізгі көзі әлеуметтік желілер екені рас. Көбінесе олардың қызметі жарияланымдармен және түсініктемелерде хат алмасумен шектеледі. Жастарға түрлі бағыттар бойынша ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін өткен жылдың көктемінде бот құрылды. Оның көптеген мүмкіндігі бар. Олардың қатарында облыс бойынша жастар ресурстық орталықтарының байланыс деректерін ұсыну қызметі де бар, – дейді ол.
JasProKrg ботын пайдаланушылар бастапқы мәзірден өздерін қызықтырған бөлімге өтіп, толығырақ ақпарат ала алады. Қазіргі уақытта бот волонтерлік қозғалысқа қосылуға мүмкіндік береді. Жастар өздерінің ерікті ұйымын тіркей алады немесе бұрыннан бар ұйымға қосыла алады.
Сонымен қатар осы жерде қандай да бір іс-шараны өткізу үшін коворкинг-орталыққа өтінім қалдыруға да болады.
Басқарманың барлық ірі жобалары туралы ақпарат та жалпыға ортақ ұсынылып, онымен танысу үшін ыңғайлы орналастырылған. Олардың арасында Қарағанды облысы әкімінің гранттары да бар.
Б.Әлімжанов боттың негізгі қызметі жұмысқа орналастыру туралы бөлім екенін айтады. «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Алғашқы жұмыс орны», «Жасыл ел», «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламалары жастарға уақытша да, тұрақты да жұмыс табуға мүмкіндік береді.
Боттың басты артықшылығы – оны пайдалану оңай, әрі мобильді және жұмыс үстелінің барлық платформасында қолжетімді.
Бұдан бөлек Telegram-да JasProKrg_chat та құрылды. Онда жастар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, мамандардың толыққанды жауабын ала алады.
Қарағанды облысы