Биылғы Балалар жылы аясында елордадағы Алматы ауданы әкімдігі «Ақбұлақ» мұз айдынында 5 пен 7 жас аралығындағы балаларға арнап «Ең ғажайып шана» атты қызықты байқау өткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау отбасылық болғандықтан оған ата-аналарда үлес қосты. Іс-шараның мақсаты: отбасылық құндылықтарды сақтау, саламатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ Алматы ауданындағы қысқы демалыс түрлерін көрсетуді көздеген.
Байқауға бас-аяғы 23 команда қатысып, олар өздері әсемдеп әкелген қысқы шаналарын жұртшылыққа ұсынды.
«Ұлым «Айналайын» балабақшасына барады. Байқауды естігенде оған бірден қатысуға бел будым. Шананы безендіруді ұзақ уақыт ойландық. Наурыз мерекесі жақын қалғандықтан шанамызды киіз үйге ұқсатып, сәндедік», дейді қала тұрғыны Арман Есмағамбетов.
Ал Айша Жұмахметова осындай байқауларға отбасымен қатысқанды жақсы көреді екен. «Біз мұнда тек жеңіс үшін келдік» деп алдымен күліп алған ол: «Біз шанадан пираттық кеме жасадық. Оған екі күн уақытымыз кетті. Алайда шанадан жасаған кемеміз ойымыздан шықты. Осындай мазмұнды іс-шаралар көбірек өтіп тұрса, балалар да спортқа қызығып, уақытын көңілді әрі тиімді өткізеді», дейді.
Сонымен байқау қорытындысында «Ең ғажайып шана», «Ең жылдам шана», «Ең ұйымшыл отбасы» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталып, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.