Тараз қаласында таунхаустар құрылысы басталатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен жиналыста айтылды.
«Таунхаус» деген не? Алғаш рет сонау ХІХ ғасырда Ұлыбританияда салынған құрылыстардың мағынасын қазақ тіліне сөзбе-сөз аударсақ «қалалық үйлер» болып шығады. Олар кейін АҚШ, Канада елдерінде ерекше көп қолға алына бастады. Ал Ресей еліндегі таунхаустар 1995 жылы Мәскеу маңындағы Новгород, Троицк қалалары мен Новые Ржавки поселкесінде салынды.
Халықтың көзі үйреніп қалған көп қабатты тұрғын үйлерден таунхаустардың ерекшелігі неде? Ол небәрі екі қабатты және әр пәтердің өз подъездері болады. Сондай-ақ, гаражы, тағы басқа да тұрмыстық қажеттіліктері ескерілуі мүмкін. Тараздағы таунхаустар бұл талаптарға жауап бере ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Ең бастысы, «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынбақ таунхаустар тұрғындар үшін қолжетімді болмақ. Және үстіміздегі жылдан бастап «Там Құрылыс» ЖШС канадалық технологиямен 130 отбасыға арналған таунхаустар құрылысын жүргізе бастайды. Облыс әкімінің оларға құрылысты бастайтын жер мәселесін жедел түрде шешіп беруі де үйден үміттілерді риза етіп отыр.
Сонымен бірге, «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ Тараз қаласының «Бәйтерек» шағын ауданынан көпқабатты 2 үйдің құрылысын жүргізбек. Облыс басшысының осындай тың бастама, соны шешімдерінің нәтижесінде жыл соңына дейін 200-ге жуық тараздық отбасы қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.
Суретте: шетелдегі таунхаустар осындай.