• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Наурыз, 2022

Перу лалагүлі – перизат жандарға

448 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасының іргесіндегі Узен­ка елді мекенінде жылыжайлар қысы-жазы жұмыс істейді. Бұл жерде жайқалып қызғалдақтар өседі. Бұдан бөлек, жергілікті флористер-гүл өсі­рушілер біраз уақыттан бері альстромерияны, яғни Перу лалагүлінің тұқымын көбейтуді де қолға алған.

– Альстромерия – өте әдемі гүл. Бір көргеннен өсірсем деген құлшыныс  пайда болды. Тұқымын Голландиядан тапсырыспен алдырып, міне, екінші жыл болды, жылыжайда өсіріп жатырмыз. Бұл оңай шаруа емес: күндіз-түні белгілі бір температураны – 14-16 градус жылу деңгейін ұстап тұру керек. Күн көзінің көп түспеуін қадағалап, қажет болған кезде көлеңкелейміз. Егер тым ыстық болса, бүршіктер қурап кетеді. Суды да мөлшерден тыс құюға болмайды. Тамшылатып суарамыз, – дейді кәсіпорын басшысы Рамис Ақбердиев.

Альстромерия – Латын Америкасының тропиктік табиғатында өсетін нәзік гүл. Жақсы күтім болса, сабағының ұзындығы бір жарым метр биіктікке жететін көрінеді. Түс­тері ақ, қызғылт, қызғылт сары, өрік түстес, қызыл, түрлі-түсті болып келеді екен.

Жалпы, Ақбердиевтер отбасы бұл кәсіп­пен 20 жылдан бері айналысып келеді. Олар­дың гүл өсіретін жылыжайлары 35 сотық алқапты алып жатыр. Бұл жерлерде голланд қызғалдақтарының жиырмаға жуық түрі өседі екен. Сонымен бірге нарцистер де  құлпырып тұрады.

Рамис Ақбердиев климаты қытымыр Арқа өңірі үшін гүл бизнесінің қымбатқа түсетінін айтады. Мәселен, қыста жылыжайларды жылыту үшін шамамен 300 тонна көмір сақтауға тура келеді екен.

Ақбердиевтердің кәсібі әйелдер қауы­мының мерекесі – 8 наурызға қарсы қыза түседі. Жылыжайлардағы алуан түрлі гүл арулар мен әйелдерге арналған сыйлықтарға қоса сыйға тартатын гүл шоқтарына айналады. Және олар тек Қарағандының ғана емес, елорданың да сауда нүктелеріне жол тартады.

 

Қарағанды облысы