Алматы облысы аумағының 224 мың шаршы шақырымды алып жатқанын қаншалықты мақтанышпен айтсақ, осы алып өңірде шешімін күткен мәселелердің де аз емес екенін ұмытпау керек. Өйткені қазір облыс құрамындағы 17 аудан мен 3 облыстық бағыныстағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай айырма бар.
Рас, облыс орталығы Талдықорған мен ойын-сауық астанасы деген атауға ие Қапшағай қаласы және кеншілер мекені саналатын Текелі моноқаласының жағдайы тұтас аудандарға қарағанда тәуір. Бірақ ішкі аймақтар арасындағы диспропорцияны жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, облыстың оңтүстігіндегі аудандар мен шығысындағы өңірлерді салыстыру мүмкін емес. Әсіресе Алматы қаласына жақын орналасқан аудандардағы елдің тұрмысы мен тіршілігі қоңдылау болғанымен, бұл жақта әлеуметтік мәселе қордаланған үстіне қордалана түсуде. Себебі қазір мегаполис маңындағы елді мекендерде урбанизация үдерісі тоқтаусыз жүріп жатыр. Ішкі миграцияның негізгі көзі де Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл аудандарына бағытталатынын өткен халық санағы көрсетіп берді. Статистикаға жүгінсек, былтыр облыстағы тұрғын саны 2 млн 105,2 мың адам болса, соның жартысына жуығы аталған 5 ауданның аумағында тұрады. Бұл жерде тұрақты тіркеуде тұратын адамдардың есепке алынғанын ескерсек, қала маңындағы жабайы көші-қонның нақты үлесін есептеп шығу қиынға соғады.
– Алматы қаласының маңындағы аудандар мен Талдықорған өңірін салыстыруға келмейді. Бұл тұрғындардың күнкөріс деңгейінен де айқын байқалады. Бір ғана қарапайым мысал, Іле мен Ақсу аудандарының экономикалық жағдайы жер мен көктей. Мұндай диспропорцияны болдырмау керек. Аймақтар тең дамуға тиіс. Бұл үшін барлық ауданды қамтитын бірыңғай экономикалық бағдарлама дайындалуда, – деген болатын өз сөзінде облыс әкімі Қ.Бозымбаев.
Есесіне, Алматы іргесіне қоныс тепкен елдің әлеуметтік сұранысы артып келеді. Өйткені жан басы тоқтаусыз өсіп отырған елді мекендерде баспана мәселесінен бастап мектеп, ауыз сумен қамту, табиғи газ тұтыну сияқты ішкі сұраныс бар. Әрине, бұл жұмысты жергілікті билік атқаруға тиіс. Қазір облыста аудандардың дамуындағы ала-құлалықты жою үшін нақты бағдарлама әзірленіп жатыр.
– Жетісу өңіріндегі диспропорцияны қысқарту және халықтың табысын арттыру мақсатында дамудың басым бағыттары айқындалып, Іс-қимыл жоспары дайындалды. Аймақтың 2025 жылға дейінгі инвестициялық портфелі жасақталған. Оған жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын, 19 мың жұмыс орнын құратын 289 жоба енгізілген. Аудандарды біркелкі дамыту үшін жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 94 жоба Талдықорған өңіріндегі жобалар пулына іріктеліп алынды, соның негізінде 6 200 жұмыс орны ашылып, кадрлар даярлау ұйымдастырылады. 2025 жылға дейінгі инвестициялық портфельде агроөнеркәсіптік кешен, минералды шикізаттар өндіру мен өңдеу, туризм, жол-көлік транзиті сияқты әлеуетті салалардың жобалары бар. Облыстың инвестициялық бағдарламаларын толық іске асырудың нәтижесінде, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі 5 пайыздан кем болмайды және 35 мыңдай тұрақты жұмыс орны және шағын және орта бизнесте 75 мыңдай жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов.
Біз жуырда Қорғас кеденіндегі келеңсіздіктер туралы жазып отырып, шекара маңындағы шаруа түзелсе, сол маңайдағы аудан мен ауылдардың жағдайы оңалады дегенбіз. Яғни қазір кеден маңындағы ауылдардың тұрғындары үшін қолайлы ахуал қалыптасып отырғаны анық. Оған Алматы облысы Панфилов ауданының шекара бойындағы ауыл тұрғындарының сөзі дәлел. Тұрғындар қазір «Қорғас» орталығы мен «Нұр жолы» кеден бекеттері аумағында шағын кәсіптерін дөңгелете бастаған. Демек кеден қызметінің ашық та таза болуы елдегі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп қана қоймай, адамдардың әл-қуатының жақсаруына да тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Бұған осы аудандағы тұрғын үй құрылысының жандануы дәлел бола алады. Өйткені болашағына сенімді адам ғана шалғайдағы елді мекендерден баспана сатып алуға, тұрғын үйге сұранысты арттыруға тәуекел етпей ме? Дәл қазір осы көрініс Панфилов ауданында жүріп жатыр. Жақында ауданда жаңадан 280 пәтердің құрылысы басталды. Мәселен, Нұркент ауылындағы екі 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға 1 млрд 384,5 млн теңге қаржы бөлінсе, Жаркент қаласындағы екі 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға және инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысына 1 млрд 143,6 млн теңге бөлінді. Пәтерлер келер жылы пайдалануға берілсе, аудандағы үй кезегінде тұрған отбасылардың баспана мәселесі кезегімен шешілмек. Биылдың өзінде наурыз және маусым айларында Нұркент ауылынан 240 үйдің кілті тапсырылмақ.
– Биыл ауданда құрылыс саласына айтарлықтай қаржы бөлінді. Жаркент қаласы мен Нұркент ауылдарында тұрғын үй құрылысын абаттандыруға және инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысына, сондай-ақ жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге 250 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл өз кезегінде баспана мәселесін шешуде айтарлықтай септігін тигізеді, – дейді аудандағы құрылыс саласына жауапты маман Бауыржан Қашқынбаев.
Алматы облысы