Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен елордада «Қариялар – ел қазынасы» атты І республикалық ақсақалдар форумы өтті. Форумға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Озғанбаев, Мұрат Жұрынов, Жабал Ерғалиев, Шалатай Мырзахметұлы, Марат Тоқашбаев сынды қоғам қайраткерлері қатысып, пікірлерін білдірді.
Жиында қазақ тарихындағы қариялардың рөлі жөнінде тұшымды ойлар айтылып, тәрбиенің тірегіне баланған аталар мектебін қалыптастыру мәселесі сөз болған форумда халықты ізгілікке шақырған үндеуі қабылданды.
«Қазақ – адамның рухани болмысын жоғары бағалай білген халық. Жас буын өкілдерін тәрбиелеуде жүріс-тұрысынан даналықтың көркем үлгісі есіп тұратын дуалы ауыз ақсақалдарымыздың орны ерекше екені әмбеге аян. Өмір мектебінің сан түрлі сатысынан өткен, көпті көрген, көргенін көкейге түйген ақсақалдардың кеңесі керек. Кешегі қаңтар қасіреті кезінде елге тоқтау айтып, жалаң ұранмен көшеге шыққан жастарды жөнге шақыратын үлкеннің пәтуалы сөзі қоғам үшін ауадай қажет болғаны айқын сезілді. Мен жыл басында еліміздегі барша дін қызметкерлеріне бағдарлық баяндамамды жолдадым. Бағдарлық баяндамада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ақсақалдар кеңесін құру туралы бастама көтердім.
Аллаға шүкір, игі бастаманың аясында Діни басқарма жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылды. Жуырда осы кеңестің алғашқы басқосуын өткіздік. Кеңеске мүше болған мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ардагер имам-ұстаздар парасатты пікірлерін ортаға салып, ортақ келісімге келдік», деді форум ашылуында сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти кеңес жұмыстарына тоқталып өтіп, ысырап пен шариғатымыз талап етпеген іс-әрекеттерді болдырмау мақсатында имамдардың кезекті форумында «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» құжаттары қабылданғанын айтты.
Жыл басында ҚМДБ жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесіне жасы 60-тан асқан және ел алдында абыройлы-сыйлы қариялар шақырылған. Форумға да делегат ретінде өңірлерден 80-ге жуық ақсақал келген. «Біз, Алла қаласа, осы жылы республикалық деңгейде «Ақ бата» бата беру байқауын өткіземіз. Төрде отырып төрелік айтып, халықтың ауызбіршілігін сақтап келе жатқан абыз ақсақалдарымыз, алатаудай ақылшыларымыз, батагөй қарияларымыз, Аллаға шүкір, бүгін де бар. Сіздерді осынау игі іс-шарамызға белсенді түрде қатысуға, қазақ халқының бата беру дәстүрін жаңғыртуға шақырамыз», деді Бас мүфти.
Наурызбай қажының айтуынша, ата мен баланың арасы алшақтай бастаған мына заманда тәрбиенің тәсілдерін ұтымды қолдануымыз қажет. Бас мүфти смартфон баланың алтын уақытын ұрлап жатқанын, осындай мәселеге үйдің үлкендері мән беруге тиіс деп есептейтінін ортаға салды. «Сонымен қоса қазір әлемдегі өзекті мәселелердің бірі – түрлі діни ағымдар. Қазақ халқының салт-дәстүрі әрдайым Ислам дінімен сабақтасып келеді. Сол қазақтың салт-дәстүрін насихаттауда, діни жат ағымдардың алдын алуда ақсақалдармен бірігіп жұмыс істейміз деген ойымыз бар», деді ол.
«Қазіргі ел ақсақалдары, жалпы, қазақ ақсақалының тұлғалық келбеті қандай?» деген тақырыпта бірнеше баяндама оқылды. «Осы форумнан кейін бата беру үлгілері жөнінде ақсақалдармен жиындар өткізіп, республикалық бата беру сайысын өткізу жоспарда бар. Қазір ақсақалдардың дұрыс бата беруі, пәтуалы сөз айтуы өте қажет болып отыр. Бүгінгі форумда барлық ұсыныс-пікір жинақталып, келесі форумдарда нақты құжаттар қабылдаймыз деген ниетіміз бар», деп түйіндеді Бас мүфти Н.Тағанұлы.