Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында елордада салынатын әлеуметтік пәтерлер жайлы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Баспана мәселесі қала тұрғындары үшін қашанда өзекті болып қала бермек. Тұрғын үй қолжетімдірек болуы үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүріп жатыр. Олар – жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үй салу, тұрғын үй кешендерін жөндеу, апатты жағдайдағы және ескі үйлерді бұзу, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау және т.б.
Жеңілдікпен берілетін пәтерлер салу жұмысы «Байтерек» холдингінің еншілес ұйымдары желісі бойынша жүріп жатыр. Осы себепті бірқатар ұйымның басшылығымен жиналыс өтіп, өзекті мәселелер қарастырылды. Сонымен «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевпен, «Отбасы Банкі» Басқармасының Төрағасы Ләззат Ибрагимовамен, «Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджановпен кездесіп, өзекті мәселелерді қарастырдық. Мәселен, Қазақстандық тұрғын үй бағдарламасы (ҚИК) желісі бойынша – медициналық және әлеуметтік қызметкерлерге, педагогтарға, полиция департаменті мен ТЖД қызметкерлеріне, мәдениет және спорт қайраткерлеріне арналған әлеуметтік тұрғын үй», деп жазды елорда әкімі.
Әкім жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы жайлы да тілге тиек етіп өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, Отбасы банкі желісі бойынша кезекте тұрғандарға өткен жылдан бастап жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қостық. Тұрғын үй бойынша жеңілдетілген әлеуметтік несиелендіру бағдарламасы қаламыздың 36 жасқа дейінгі жастарына (күйеуінің/әйелінің жасы маңызды емес) арналған.
Мемлекет басшысы азаматтардың қолжетімді баспана сатып алуына жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды. Биыл біз тағы да 10 мың әлеуметтік пәтер салуды жоспарлап отырмыз», деді Алтай Көлгінов.