Алматы қаласын дамыту жөнінде өткен кеңесте Мемлекет басшысы қаланың криминогендік жағдайы мен жол-көлік оқиғаларына танымал адамдардың балалары мен туыстарының жиі қатысы болатыны туралы деректердің де аз емес екенін атаған еді. Бүгін 28 наурыз күні осы мәселелерді қаперге алған Бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте толғағы жеткен жайттарға байланысты өз ойымен бөлісті. Бұл туралы Egemen.kz тілшсі хабарлады.
Көлікке мас күйінде отырған жүргізуші сол сәттен бастап қасақана қылмыс жасаушы болып табылады, деді ол. Абайсызда болатын жол-көлік оқиғалары аз емес. Мұндай кездегі апатты арақ ішіп алып, көлік жүргізуге отырған адамның тудырған жол апатымен еш салыстыруға келмейді. Демек, спиртті ішімдік ішіп рөлге отырған адам алдын ала қылмыс жасаушы болып табылады. Қазіргі кезде жаңа Қылмыстық кодекс жобасында бұл мәселе қаралып жатқаны белгілі. Елбасының тапсырмасына орай, Қылмыстық кодекске тиісті өзгерістерді енгіздік, жақын арада бұл өзгерістердің де қабылданары анық. Бұл өзгеріс қабылданғаннан кейін ауыр қылмыс жасаған адамдар тиісті жазадан құтыла алмайтын болады», деді құзырлы орган өкілі.
Президенттің тапсырмаларын іс жүзіне асыру мақсатында Бас прокуратура қылмыстық қудалау органдары мен прокурорлар өздерінің жұмысында баршаны жалықтырған пайыздар мен цифрларды емес, бірінші кезекте адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды басты міндеттері деп есептеуіне қол жеткізуге кірісіпті. Сондықтан олар қылмыстық ахуалдың жағдайын бұрынғыдай өтірік емес, шынайы түрде екенін айта алатын жағдайға жетіпті. «Дегенмен біздер заң бұзушылықтар бірлі-жарым ғана деп ойламаймыз. Біздің мақсат –заңсыздықтарды мүлдем болдырмау»,- дейді Н. Исаев.
Александр Тасболатов.
Дереккөз: Egemen.kz.
Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі.