Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октайдың Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстан-Түркия бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форумға екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес және квазимемлекеттік секторының 250-ден астам өкілі қатысты. Іс-шара Қазақстан мен Түркияның кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екі мемлекеттің өзара сауда және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға арналған платформаны құруға бағытталған.
Түркия — Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы 33%-ға өсіп, $4,1 млрд-тан асты. Соңғы 15 жылда Түркия еліміздің экономикасына $3,5 млрд-тан астам инвестиция салды.
Форумда сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі бүгінгі таңда түрік инвесторларының Қазақстанға деген қызығушылығының айтарлықтай өскенін атап өтті.
– Пандемияға қарамастан, Қазақстан үшінші жыл қатарынан Түркиядан рекордтық көлемде инвестиция тартып келеді. Өткен жылдың 9 айында Түркиядан келген тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 2 есеге жуық өсіп, $535 млн құрады. Бұл – Қазақстанға деген үлкен сенімнің белгісі және біздің еліміздегі оңтайлы инвестициялық ахуалдың көрінісі, — деді Ә. Смайылов.
Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 3700-ге жуық компания жұмыс істейді. Жалпы, $2 млрд жуық сомаға 58 ірі жоба бірлесіп іске асырылды. Тау-кен металлургия кешені, инфрақұрылым, азық-түлік өнеркәсібі және фармацевтика секілді салаларда жобалар табысты іске қосылды. Жалпы құны $2,5 млрд жуық 27 жоба іске асырылу сатысында тұр, сондай-ақ $1 млрд астам сомаға 55 перспективалы жоба бірлесіп пысықталып жатыр. ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, Қазақстан COVID-19-ға байланысты орын алған экономикалық қиыншылықтарды еңсере алды. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өсімі 3,8%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 5,5%-ды құрады.
– Шикізаттық емес секторлардағы жоғары инвестициялық белсенділік өсімнің негізгі факторына айналды. Аталған сектордағы инвестициялар 9,5%-ға өсті. Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар 2021 жылдың 9 айында 50%-ға – $18,8 млрд-қа дейін ұлғайды, — деді Ә. Смайылов.
Үкімет еліміздің инвестициялық тартымдылығының деңгейін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. ESG, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу талаптарының күшеюі жағдайында еліміздің инвестициялық саясатын жақсартуға бағдарланған, Қазақстанның инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Жаңашылдықтар экономиканың басым секторларындағы инвесторлар үшін салық режимдерін оңтайландыру және жеңілдету, субсидиялар және басқа да ынталандыру шараларын қамтиды. Ә. Смайылов түрік компанияларын инвестициялық байланыстардың ауқымын кеңейтуге, сондай-ақ жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
– Металлургия және тау-кен өндірісі саласы – экономикамыздың басты секторы, оған өнеркәсіп пен ұлттық экспорттың шамамен 20%-ы тиесілі. Сонымен қатар машина жасау өнімдерінің экспорты көлемінің қарқынды өсуі, импорт көлемінің біртіндеп төмендеуі байқалады, — деп атап өтті Ә. Смайылов.
Министрлер кабинетінің басшысы түрік бизнесмендерінің назарын Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде іске асырылып жатқан жобаларға аударды.
– Қазақстандағы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданы 200 млн гектардан асады және жайылымдар аумағы 180 млн гектарға жуық. Қазақстанды БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы әлемдегі ең перспективалы 5 ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің бірі және таяу жылдардағы жаһандық және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қатысушы ретінде таныды. Аграрлық салада өзара тиімді ынтымақтастық орнатудың әлеуеті өте зор, — деді ҚР Премьер-Министрі.
Сондай-ақ Қазақстан энергетика саласындағы жобаларды іске асыруға тәжірибесі мол түрік компанияларының қатысуына мүдделі.
Форум қорытындысы бойынша 10 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімдерді іске асыру аясында инвесторлар БҚО және Ақтөбе облыстарында авиакаргомен көлік-логистикалық орталықтар, Алматы қаласында фармацевтикалық зауыт, елордада медициналық бұйымдар, бетперделер мен респираторлар шығаратын кәсіпорын, болат өнімдері, металл болат конструкцияларын шығаратын зауыт, сауда ойын-сауық орталығын және т. б. салуды жоспарлап отыр. Аталған жобаларға салынатын инвестициялардың жалпы сомасы шамамен жарты миллиард АҚШ долларын құрайды.