• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Пікір 07 Наурыз, 2022

Білікті маман – дамудың алғышарты

561 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңей­тілген отырысында сөйлеген сөзін­де Жаңа Қазақстанды құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керектігін, мұн­дай саясаттың бәсекеге және тех­нологияға негізделген экономиканы қалыптастыратынын атап көрсетті.

Сайып келгенде, әлемдік бәсекеге қабілетті және заманауи инновациялық технологияға арқа сүйейтін экономиканы орнықтырып, оның үнемі ілгерілеп отыруы үшін ең әуелі, мемлекеттік шаруашылықтың барлық саласында өз ісін жетік білетін білікті мамандар қажет екені ақиқат. Бұл ретте Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, жаңа экономика құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің маңызы зор. Ендеше, кадрлар даярлау сапасын арттыру басты талаптардың бірі десек, отандық білім беру жүйесіне қатысы бар мекемелердің қайсысы болсын өз міндеттерін осы өлшем тұрғысынан бағамдауы, өмірдің өзінен туындап отырған шарттарға сай әрекет жасап, оң нәтижеге жетуді мақсат тұтуы керек деп ойлаймын.

Ұлт болашағы – білікті, мәдениетті, алғыр жастардың қолында. Білімі терең жас тол­қынның ел ішінде бәсекеге қа­білетті бола алатыны, толайым та­быс­тарға жетіп, лайықты өмір сүру үшін де мүмкіндігі жоғары тұратыны даусыз.

Мемлекет басшысының «тех­никалық мамандықтарға басым­дық беріп, инженер­лердің, өнеркә­сіп­ші­лер­дің жаңа буынын өсіруіміз керек» деген сөздерін әбден құптауға болады. Бұл бағдар студенттерге, жоғары оқу орындарының барша қыз­мет­керлеріне ерекше жігер қосқанын атап өткім келеді.

Мемлекет басшысының жоғары оқу орындарында білім сапасын артты­рудың барлық мүмкіндігін қарас­тыру және студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөнінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру – біз үшін бірінші кезектегі міндет.

Таяуда Қазақстан мен Ресей прези­дент­терінің кездесуінде республикамызда инженерлік-техникалық сала бойынша жоғары білікті мамандардың қажеттігін ескере отырып, білім беру саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Келіссөз қорытындылары бойынша қол қойыл­ған құжаттардың дені білім беру, цифр­ландыру, ғарышты игеру және атом энер­гетикасы салалары бойынша мамандар даяр­лауға қатысты болды. Мұның бәрі бар­ша қа­зақстандықтар үшін қуантарлық жайт.

Сөз жоқ, біз үмітпен күтіп отырған жаңа қоғамның халық мүддесіне сай дамуы үшін білікті, білімді, озық ойлы мамандар қажет. Біздің міндетіміз – осы мақсатқа қызмет ету.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бәріміз тұтас ел болып, Жаңа Қазақстанды құ­райық! Жаңа Қазақстан – баршамыз­дың ортақ үйіміз, оның іргесін бірге қалайық! Бұл өс­келең ұрпақ үшін керек», деді. Пре­зиденттің бұл сөздерінен еліміздің алдында негізгі қандай міндет тұрғанын анық аңғаруға болады. Ал бүгінгі қоға­мымыздың осы міндетті өз деңгейінде еңсеруге әлеуеті толық жететініне сенім мол.

 

Талғат ҚҰЛАЖАНОВ,

Алматы технологиялық университетінің ректоры,

Ұлттық ғылым академиясының академигі