Көп жылдар бойы саясат әйел адамның әлемі емес деген қате түсініктің қалыптасып келгені белгілі. Бір кездері солай болса да, бүгінгі саяси алаңды әйелдерсіз елестету қиын. Тарихта ел басқарып, биік мінберлерден сөз сөйлеп, ақылы мен кәсіби біліктілігінің арқасында жоғары ықпалға, беделге ие болған әйелдер аз емес.
Әлемде қазір 26 әйел мемлекет немесе үкімет басшылары қызметін атқарады. Бұл көрсеткіш бір қарағанда аз болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл қазақстандық қоғамға мұндай сценарийдің бар екенін және мүмкін екенін көрсететін тамаша мысал.
Forbes-тың әлемдегі ең ықпалды әйелдер топтамасын көріп отырып, тамсанбау мүмкін емес. Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркелдің зейнетке кетуімен бұл тізімде жаңа есімдер пайда бола бастады. Алайда әлемдегі ең ықпалды әйел көшбасшы атанған Ангела Меркель есімі талай жас қыздарға үлгі болғаны анық. Әлемдегі ірі державалардың басшыларымен иық тірестіріп, тең сөйлесе білген Меркель билікте ұзақ болғаны сонша, әлемнің жаңа саясатын қалыптастырған көшбасшылардың біріндей болып кетті. Жігерлі, батыл шешімдері мен қайсар мінезі оны Еуропадағы ең дамыған елдердің бірін 16 жыл басқарып, халықаралық саяси қоғамдастықта үлкен ықпалға ие болған көшбасшыға айналдырды. Демократия құндылықтарын ұстанған Германияда қатарынан бірнеше мәрте сайлаушылардың даусына ие болу саясаткер үшін үлкен жетістік. Немістер үшін ол «mutti», яғни ана. Одан бөлек «темір канцлер» деп те аталып кеткен. «Немістің темір анасы» деуге әбден болады.
«Темір әйелдер» туралы айтқанда, ойға тағы бір еуропалық саясаткер оралады. Ол – Ұлыбританияның тұңғыш әйел премьер-министрі Маргарет Тэтчер. Бұл саясаткерлердің жаратылысы нәзік болғанымен, болмыс бітімі, мінезі, жігері болаттай берік болды.
Соңғы оқиғалар әлемде билік басында адам өмірінің қаншалықты бағалы екенін, қарулы қақтығыс пен соғыстың зардабын терең түсінетін әйелдер жетіспейтінін көрсеткендей. Пандемия да мемлекеттердің дағдарысқа дайындығын тексеріп, елдердегі экономикалық, денсаулық сақтау мен әлеуметтік мәселелерді қиындатып жібергеніне куәміз. Бұл жағдайдың шешімін табуға тырысқан үкіметтердің көбі сынға ұшырап, халықтың наразылығын тудырғаны белгілі.
Еуропалық орталық банктің президенті Кристин Лагард әйел көшбасшылар пандемия кезінде тиімді жұмыс істегенін айтады. «Әйелдер ер адамдарға қарағанда көбінесе ашық көшбасшылық стильді ұстанады. Соңғы зерттеу пандемия кезінде әйел көшбасшылардың тиімдірек болғанын көрсетті. Жан-жақты қысымды жақсырақ көтере білді, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да көбірек мән берді. Бұл – тоқырап қалған экономиканы қайта жандандыру үшін керек басты дағдылар», деді К.Лагард. Расында да халықаралық қоғамдастық Дания, Финляндия, Исландия, Жаңа Зеландия, Германия және Словакия секілді әйел көшбасшылар басқаратын мемлекеттердің пандемияға қарсы әрекеті мен шараларын тиімді деп мойындады.
Соңғы жылдары әлемнің саяси аренасына көтерілген қазақ қыздарының да саны арта түсті. БАҚ беттерінде жарияланған АҚШ, Еуропа елдерінің билігінде жоғары лауазымға ие болған қазақ қыздары жайлы хабарлар халықтың ықыласына бөленіп жатты. АҚШ президенті Джо Байден банк секторын реттеу бойынша саяси лауазымға ұсынған Сәуле Омарова, АҚШ президенті протоколында жұмыс істейтін Әсел Төлеуова, Франциядағы шағын қалалардың бірінің мэриясында қызмет ететін қазақ қызы Йешім Саваш секілді арулардың жеткен жетістігі – олардың білікті, білімді, еңбекқор маман екенінің көрінісі. АҚШ-қа қоныс аударған Сәуле мен Әсел Қазақстанда дүниеге келіп, елімізде білім алса, Йешімнің атасы Қазақстанда, әкесі Түркияда, ал өзі Франция жерінде туған.
Сәуле Омарованың банк секторын реттеу бойынша саяси лауазымға ұсынылып, Парламент қабырғасында сұрақтың астында қалған отырысын Қазақстанда бақыламаған немесе естімеген адам аз. Ақүйдің таңдауы Оралда туып-өскен, Мәскеуде білім алған, Нью-Йорктегі ең ірі заң фирмаларының бірінде жұмыс істеген, Джордж Буштың тұсында Қаржы министрлігінде кеңесші болған, Корнелл университетінің профессоры Сәуле Омароваға түсуі тегін емес. Дегенмен АҚШ депутаттары мен қаржы саласынан үлкен қарсылыққа ұшыраған қазақ қызы бұл лауазымнан бас тартты. Дегенмен бұл оқиға Қазақстанда білім алып жүрген жастарға, оның ішінде қыздарға үлгі болғаны анық. Бұл қандастарымыз халықаралық саяси аренада қазақ қыздарының жетістікке жетіп, лауазымды қызметтер атқара алатыны әбден мүмкін екенін нақты дәлелдеді. АҚШ президенті протоколы бастығының міндетін атқарушы Әсел Төлеуова да Алматының тумасы, мектеп жасында қоныс аударған ол АҚШ-та білім алып, білікті маман атанды.
Франциядағы Крей қаласы мэрінің орынбасары лауазымына тағайындалуы Йешімді француз қазақтарының арасында ғана емес, барлық қазақтардың арасында бірден танымал етті. Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолия БАҚ-тары Франциядағы қазақ саясаткері туралы жарыса жазды. Йешім отандық арналардың біріне берген сұхбатында қазақтардың қолдауын көріп, жылап жібердім депті. Ол сондай-ақ өзінің бұл жетістігі қазақ диаспорасының жастарын саясатқа белсенді араласуға ынталандырады деп үміттенеді. Ол болашақта атажұрты француз қазақтарының жетістіктеріне әлі-ақ куә болатынына сенімді. Әлемнің қай түкпірінде жүрсін, қазақ қыздары кәсіби біліктілігімен, білімімен, еңбекқорлығы және өжет мінезімен халықаралық саяси аренаны бағындырып жүр. Халықаралық саясатта жүрген қазақ қыздарының жеткен жетістігі – кейінгі буынға үлгі.