• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 07 Наурыз, 2022

Майрагүл Махмудханқызы, кәсіпкер: Атакәсіпті өркендету – басты мақсатым

297 рет
көрсетілді

Бизнестің бір ғана мақсаты бар, ол – пайда табу. Бірақ сол мақсат жолында ұлттық құндылық өріс тауып, кәсіп иесіне – ақша, тұтынушыға – өніммен бірге ұлттық рух бұйырып жатса, онда бұл бизнес аясының кеңейгенінен хабар береді. Ұлттық кәсіпті меңгеру, соны өркендету жолында тер төгіп жүрген жанның бірі – Майрагүл Махмудханқызы.

– Майрагүл, қолөнерді таңдауға не түрткі болды? Бұл бала кезден сің­ген қасиет пе, әлде есейе келе қол­ға алған кәсіп пе?

– Моңғолиядағы Эрдэнэт деген өн­дірістік қалада дүниеге келдім. Әкем Моңғолия елі­нен атамекенге 1991 жылдары алғашқы үлкен көштің бірін бас­тап келген болатын. Ол кезде 6-сынып оқушысы едім. Қолөнермен айналысу бала күнгі арманымнан туындады деп айта алмай­мын. Бірақ кішкента­йым­нан қолөнерді көріп өстім. Айна­ламдағы әйел қауы­­мы­ның көбі қазақтың әртүрлі ұлттық қолөнерімен айналысатын. Әжелерім осы қолөнердің нағыз майталмандары болыпты. Ол кезде қадірін онша түсінбеппін. Атажұртқа келген соң ұлттық қолөнердің дамымай тұрғанын байқадым. Сөйтіп жүріп ермегіме айналды. Қолымнан келгенше тіге бастадым. Қазақстанның әйгілі этно-дизайнері Ырза Тұрсынза­да апай­ды кездейсоқ теледидардан көріп болмысына да, қолынан шық­­қан дүниелеріне де ғашық бол­дым. Әлеуметтік желі арқылы дә­ріс сабағына қуана қатыстым. Ол кезде пәтер жалдап тұрамын, қым­бат болса да мақ­сатым­нан аянып қалмадым. Басқа адам­дар­дың дә­ріс сабағында тек техноло­гия­ны үй­рет­се, Ырза апай рухты оятатын, са­на­ны өзгертетін қасиетімен бау­рап ала­тын. Ол кісі «Сен­дер – сауда­ның адамы емессіңдер, сендер ұлт­тық қол­өнердің, мәдениеттің, салт-дәстүрдің елшісі, халық пен көне мәдениет­тің арасындағы алтын көпір­сіңдер. Сендер көне дүниені, салты­мызды, қазақтың қырық жанды әйелі­нің болмысын жаңғыртып жатыр­сыңдар», деп үнемі құлағымызға құятын.

Басында кәсіп ашамын деген ой мүл­дем болған емес. Үйімнің бір бөл­месін қазақы нақышта жасау және сіңлім мен болашақта қызым­ның жасауын өз қолыммен тіккім келді. Бірақ Ырза апайдан сабақ ал­ған соң, өзіме сеніп, толықтай бері­ліп, кәсіп бастап кеттім. Төл мәде­ниетімізді жаң­­ғыртып, ата кәсібімізді жал­ғас­тыру мақсатыма айналды. Осы қол­өнер­ді жан-жақты дамытып, елі­міз­дің өркендеуіне үлес қосқым келеді.

– Нарықтағы негізгі бағытыңыз қандай, көпшілік қандай бұйым­дарға жиі тапсырыс береді?

– Негізінен қыз жасауын жасай­мыз. Оның ішінде көрпешелер, махаб­бат көрпесі, құдағи көрпесі, қор­жын­дар, ұлттық нақыштағы кішігірім сый­лықтар бар. Арнайы тапсырыс бо­йынша да сыйлықтар жасаймыз. Тұтыну­шылар көбіне үйге арналған көрпе мен жастыққа да жиі тапсырыс береді. Сондай-ақ ұлттық киімге басымдық беріп жатырмыз. Қазір заманауи үлгі мен ұлттық нақыш үй­лесім тапқан киім кигісі келетін аза­маттар көп. Ал­дағы уақытта сол бағыт­ты жетілдіру ойда бар. Киіну – адам­ның талғам тәрбиесінің көрінісі. Көбі­міз сәнді киінуді білсек те, мәнді киіну­ді біле бермейміз. Әрине бренд киім кигенді қарап қалталы екенін байқасақ та ұлттық сыр-сипатын, болмыс-біті­мін байқау қиын. «Күміс әшекейлер тек сәндікке тағылмайды, оның емдік және басқа да жақсы қасиеті зор», деп Ырза апай жиі айтады.

– Қолыңыздан шыққан дүние­лер­дің нарықтағы бағасы қанша?

– Көрпешелерім 30 мың теңгеден басталып 120 мыңға дейін барады. Жай құрақтардан немесе күрделі құрақ­тардан құралған. Одан кейін кестелі қол, кесте ою басу деп бағасы өзгеріп отырады.

– Қазіргі экономикалық ах­уал күніне қырық құбылып тұр. Нарық­тағы жағдай сіздің кәсіпке қалай әсер етіп жатыр?

– Әрине, қазір теңге қайта-қайта құн­сызданып жатыр, ол сөзсіз әсерін тигізеді. Қымбатшылық қалтаға салмақ түсіреді. Адам бірінші кезекте азық-түлікті ойлайды ғой. Соның әсері ме, ұлттық бұйымға деген сұраныс азайып кеткендей көрінеді. Дегенмен нарықтың сипаты сол, сұраныс кейде өседі, кейде төмендейді. Біздің тарапымыздан сапалы жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Бірақ жұмыс істейтін тігіншілер жағы тапшы. Көбі істің қыр-сырын үйреніп алғаннан кейін өз алдына бөлек кәсіп ашып кетіп жатады. Бұл бір жағынан қуантады, бір жағынан енді жолға қойылып келе жатқан шаруаға зардабын да тигізіп өтеді. Сондықтан қолының ебі бар, кәсіпке жаны жақын, ұзақ мерзімді перспективада жұмыс істегісі келетін ісмер жандарға есігіміз әрдайым ашық. Жалпы, қазір 10-15 адамға жұмыс беріп отырмын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі біраз өңірді аралап ақысыз тренинг семинар және мега фестиваль өткіздік. Қатысушылардың көбі үйде отырып жұмыс істейді. Солар­дың ішінен жақсы көзге түскен қаты­су­шыларды таңдап, бірігіп кәсіп істеу бойынша ұсыныс та жасадым. Дизайн, мата көлемін өзім есептеп жасаймын және сату жағын өзім ұйымдастырамын.

– Соңғы уақытта бизнесте әйел аза­­мат­тардың белсенділігі артып ке­леді. Бұл әрине, қуанарлық құбы­лыс. Кәсіп аясын кеңейту ойда бар ма?

– Иә, қоғам да біздің жұмысы­мыз­­ды қабылдай бастады, тиісінше мем­лекеттің де көзқарасы түзу. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында әйелдерге ар­налған «Бақытты отбасы» ақпарат­тық-білім беру орталығында бас сарапшы болып жұмыс істеп жатырмын. Мұнда көпбалалы, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған аналар және жағдайы төмен отбасындағы әйелдерге арналып көп­теген ақысыз тегін курстар мен тренингтер өтеді. Қосымша мамандық аламын деген жандарға қолдау көрсетіліп, психолог, заңгер және дәрігер сарапшылар арнайы кеңес береді. Бұл жоба әйелдерді кәсіпкерлікпен айналысуға және әлеуметтік жағдайын жақ­сар­туға үйретеді. Тәжірибелі кәсіпкер әйел­дер өзінің жеке тәжірибесімен бөлі­сіп, мотивациялық тренингтер ұйым­дастырады. Жақында ғана Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғ­жанов орталықтың жұмысымен таны­сып, оң бағасын берді. Жұмыс іс­те­ге­ніне 6 айдан асты, бұйыртса 14 нау­рыз күні ресми ашылуын жасаймыз деп жоспарлап отырмыз.

– Жалпы, қазіргі қазақ әйелінің бизнестегі рөлін қалай бағалайсыз?

– Әйелдердің билік пен бизнес­те, ғылым мен мәдениетте ерек­ше қабілетімен танылып жатқанын біле­міз. Бұл бізде қазір қалыпты жағдай. Сон­­дықтан да қоғам өмірін әйелдердің еңбегінсіз елес­тету мүм­кін емес. Оның ішінде кәсіпкер әйел азаматтардың кез келген саланы ұршықша иіріп, ел экономикасы­ның дамуына ықпал етіп отырғандар саны күннен-күнге артпаса кеміп жат­қан жоқ. Айта кету керек, осы күні «Бақытты отбасы» орталығында 6 ай­дың ішін­де түрлі салада ақысыз тегін курс оқып, арнайы мамандардың ке­ңе­сін алып, тренингтерден өткен 1500 қыз-келіншектің ішінде зейнеткер аналарымыз да болды. Орталықта білім алған әйелдердің 70 пайызы жұмысқа тұрып өз кәсібін жүргізуде. Бұдан бөлек, қайтарымсыз грантқа ие болғандар да көп. Жобаның мақсаты да сол – әйел адам білім алып, сүйікті ісімен айналысып, отбасына бақыт, береке әкелсе деген.